Qaz | Rýs | Engl
Алматы C

Soñğy jañalyqtar

11:18
Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ: "ТАРИХТЫ ТҮЗЕМЕЙ ӘДЕБИЕТТЕ АҚИҚАТҚА ҚОЛ ЖЕТКІЗУ ҚИЫН"
09:55
Ақтоты Райымқұлова мәдениет және өнер саласы қызметкерлерін құттықтады
10:31
Тұлғалардың тырнақалды кітаптары жарық көрді
elskluziv
16:00
ISBN нөмірін тегін алыңыз
08:48
Ұлы Жеңіске 75 жыл
elskluziv
13:19
Абайдың жиырма үшінші қара сөзі
13:22
Кітап – адамзаттың асыл діңгегі
elskluziv
19:53
#Бізбіргеміз: Иманғали Тасмағамбетов
19:45
#Бізбіргеміз: Жақсыкелді Кемалов
15:09
#Бізбіргеміз: Дулыға Ақмолда
19:39
Абайдың жиырма екінші қара сөзі
09:48
#Бізбіргеміз: Светқали Нұржан
21:58
#Бізбіргеміз: Сұраған Рахметұлы
17:48
#Бізбіргеміз: Мұрат Шаймаран
15:35
Абайдың жиырма бірінші қара сөзі
00:33
#Бізбіргеміз: Сәуле Жанпейісова
00:27
#Бізбіргеміз: Нұркен Өтеуіл
00:22
#Бізбіргеміз: К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы
00:20
Абайдың жиырмасыншы қара сөзі
00:18
#Бізбіргеміз: Дәулеткерей Кәпұлы
00:12
#Бізбіргеміз: Ғалым Жайлыбай
20:30
Ақтоты Райымқұлова мәдениет саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады
19:30
Абайдың он тоғызыншы қара сөзі
16:52
«Сіз үшін жыр оқыдым, ғазиз жұртым...» эстафетасы басталды
elskluziv
19:29
Абайдың он сегізінші қара сөзі
15:23
Конкурентоспособность ведущего вуза страны
19:28
Абайдың он жетінші қара сөзі
17:25
Мұқым елдің мүддесі – бірлік
17:19
Абайдың он алтыншы қара сөзі
15:04
Абай-175: Мұхтар Әуезовтың "Абай ақындығының айналасы" мақаласы
elskluziv
19:24
Абайдың он бесінші қара сөзі
14:33
День студенческой науки в КазНУ имени аль-Фараби
15:16
Абайдың он төртінші қара сөзі
15:13
Абай-175: М.Мақатаевтың «Дала данышпаны» өлеңі
elskluziv
14:41
Медаль Пушкина за обучение языку Пушкина
15:07
Абайдың он үшінші қара сөзі
12:12
Карантин - это время для саморазвития
Kop jañalyqtar
» » Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ: "ТАРИХТЫ ТҮЗЕМЕЙ ӘДЕБИЕТТЕ АҚИҚАТҚА ҚОЛ ЖЕТКІЗУ ҚИЫН"

Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ: "ТАРИХТЫ ТҮЗЕМЕЙ ӘДЕБИЕТТЕ АҚИҚАТҚА ҚОЛ ЖЕТКІЗУ ҚИЫН"

Жаңалықтар
71
1

       Ел арасында көргені мен түйгені мол, ескіден тартып, бүгінгі буынның шөлін әңгімесімен-ақ қандырып тастайтын, тұла бойы шежіре абыз  ақсақалдарымыз баршылық. 

      Сондай дара тұлғаларымыздың бірі де бірегейі – ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының жанынан құрылып, ұлт зиялыларын ұлықтауды, олардың өнегелі де өрнекті өмір жолдары мен кестелі ой-орамдарын, тағдырлы да тағылымды тұжырымдарын саралауды мақсат тұтқан  «Асыл сөз» бағдарламасының бүгінгі қонағы – Қазақстанның Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов.    

     "Алматы ақшамы" газеті оқырмандарының есінде болар, «Асыл сөз»  жобасының алғашқы қонағы  белгілі қаламгер, Қазақстанның халық жазушысы, XX ғасырда қазақ әдебиетіне зор үлес қосқан суреткерлердің бірі, қоғам қайраткері Әбдіжәмил Нұрпейісов болған еді.

      Оқырман қауымға «Дарабоз», «Соңғы көш», «Академиктің көз жасы», «Тағдыр» сынды құнды  шығармаларымен жақсы таныс Қабдеш Жұмаділовтің де  әр туындысы – тұнған тарих, ұрпақ үшін  рухани қазына. Қаламгермен  кездесу жоспарланған күні мекемеде  жазушының тырнақалды туындыларының, газет бетінде жарық көрген материалдарының көрмесі ұйымдастырылып, қаламгермен ашық сырласу сағаты  қонақжай шаңырақтың сұхбат алаңында жалғасты. Әңгіме тізгінін әдеттегідей осы  сыр-сұхбат жобасының жетекшісі  әрі ұйымдастырушысы  Кітап палатасының директоры Әділ Қаженбайұлы Қойтанов  қолға алды. 

Аман-саулықтан соң Қабдеш ағамыз ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының алғашқы директорларының бірі – белгілі қаламгер Тахауи Ахтанов туралы әсерлі естеліктің соқпағына түсті...


Кітап  палатасы – жазушылардың мекемесі


    Қ.Ж.: – Бұл жер бізге таныс, ыстық. Уағында қанша мәрте жол түсті, басқарған азаматтармен дәм-тұздас болдық. Бұл жерді өзі ылғи жазушылар басқарды. Тахауи Ахтанов болды кезінде. Сонда жарықтық жұмыстың бәрін Ақкенже деген орынбасарына тапсырады да жүре береді апталап. Орынбасары керемет пысық. 

      Тахаң басшылықта тұрған шақта екеуіміз Шығармашылық үйінде кездесіп қала беретінбіз. Шығарма жазамыз бұрқыратып. Ішінде он-ақ адамы бар сол Шығармашылық үйіне директор құтаймайды. Сонда Тахаң: 

      - Сендерге не болған-ей? Он адамды басқара алмайсыңдар ма?! Өзіміз ана жақта алпыс әйелді тыпыр еткізбей ұстап отырмыз ғой, - деп ақыл айтып отыратын. (күліп)

       Бала сияқты ақкөңіл, жайдары кісі еді. Мақтағанды, мақтанғанды жақсы көретін, және онысын жан баласынан жасырған емес. Шынайы кейіп...


Ә.Қ.: - Құрметті, Қабдеш аға! Өзіңіз айтқандай бұл жерді – ұлттың рухани қазынасының орталығын бірі аға, бірі дос, бірі іні ақын-жазушылар басқарып келді. Бүгінде біз  осы тарихымызды жаңғыртып, өткен уақыттың еншісінде қалған керемет шақтарға оралып, келелі сөз есту мақсатында көнекөз қарияларды ортамызға шақыруды үрдіске айналдырдық. Осы бағдарламаның алғашқы қонақтарының бірі – Өзіңізбен  кең қалыпта әңгіме-дүкен құруға бейілміз. Алыста мұнартқан, сағым-елеске айналған балдәурен балалық шағыңыздан бастасақ әңгімені...


      Қ.Ж.: - Кітап палатасы деген бізге бөтен мекеме емес. Кітап деген жазушы. Демек, бұл – жазушылардың мекемесі. Бұл жерде барлық жазушылардың архиві, жазған шығармаларының дерегі тұр. Мен алпыс жасымда зейнетке шықтым. 40 жастан кейін шығармашылыққа кеттім. Зейнетке шығар кезде еңбек өтілі керек дейді, менде қайбір өтіл болсын. ҚазМУ-дің өзін екіге бөліп тоғыз жыл дегенде әрең бітірген адаммын. Төрт жыл сүргінде болдым. Содан біреу: "Кітап палатасына барсаңыз, алғаш шығармаңыз шыққан күннен бастап өтіліңіз есептеледі" деді. Салып ұрып жетіп келдім. Шынында, барлық шығармамның шыққан күні, тиражы, баспасы осында қатталып тұр екен. Жарты сағаттың айналасында жасап бере қойды. 



Мүсірепов – паңдардың сарқыты, ол паң болайын деп болмайды, табиғаты солай


     1957 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне өлеңдерім шығыпты. Сырбай Мәуленовтың редактор кезі, марқұм Мұзафар Әлімбаев поэзия бөлімін басқарады. Сырбай ағамыз дуылдап отырған барлық ақындарды шақырып алды да: "Міне, сендер жазбаған өлеңді Қытайдан келген бала жазды" - деп мақтауымды асырып, өлеңдерімнің газеттің келесі нөміріне шығатынын айтты. Расында, сол өлеңдерім шықты. Ал бұл мекеме менің «стажымды» белгілеп берген орта. Бүгін міне, жасымыз да келді, көктемде 83-ті толтырып, 84-ке қарай кеттік.

     Бір оқиғаны айтып берейін. Шығармашылық үйінде жатырмын. Мүсіреповтың менің жасымдағы кезі, 85-ші жылдар. Бәріміз темекі тартамыз. Ғабең  керемет мүштікке шетелдік сигаретті асықпай салып, оны шетелдік шақпақпен тұтатады. Ол кісінің аузынан, танауынан шыққан түтін қандай?! Біз секілді бұрқ еткізе салмайды ол, шұбатып, әдемілеп шығарады. Мүсіреповтың кезінде «Паң Нұрмағамбет» деген кісі өтіпті Арқа жақта. Ол да осындай паң кісі еді. Жүрісі ерек, анау-мынаудың сәлемін алмайды кейде. Кезінде естелік жазғанмын, сонда «Мүсірепов – паңдардың сарқыты, ол паң болайын деп болмайды, табиғаты солай» дегенмін. 

       Бір күні екеуіміз Шығармашылық үйінің алдында күншуақтап темекі тартып отырғанбыз. Мәриям Хакімжанова да Шығармашылық үйінде демалып жатқан. Сол кісіге амандасамыз деп қыз-келіншектер келе жатыр екен. Олар бізді көре салып,  бұрылды да: "Ғабе-аға"  деп,  Мүсіреповті  құшақтап, бетінен сүйіп, маған да бас изесіп өтті. Сонда Ғабеңнің айтқаны ғой:  "Бүгінде көрінген қыз тоқтатып, бетімнен сүйіп кететін болды. Қорықпайды қазір" - деп күлді. 

       Қандай астарлы әңгіме?! Өзінің қартайғанын, ұлғайғанын жеткізіп отыр. Қыз-келіншекке қауіпсіз екенін айтып отыр. Сал-сері болған, қыз-қырқынға да жаман қарамаған. Тіпті, алпысқа келгенде 25 жастағы Раяны алды ғой. Жазушылар Одағының жоғарғы этажына бильярд орнаттырған. Сол жерді көп маңайлайтын.  Мүсіреповтың өзі жақсы бильярдшы еді. Сонда Рая келіп Ғабеңнің түсірген шарларын жинап жүретін. Өзі қараторының әдемісі, керемет сұлу болатын. Солай ғұмыр кешкен адам ғой. Кейін сөйткен Ғабеңнен қыз-келіншектер қорықпайтын болыпты (күлді)...


Мүшел  ішінде  мешін  жылы, тауық  жылы

сияқты  уақыттар  ауыр  болатын


       Мен үлкен шаңырақта туған адаммын. Ана жақта. Тоғыз таңбалы найман дейді. Соның бір таңбасын алған ел – Төртуыл. Шәуешектің негізгі халқы – төртуылдар. Кейін ашаршылық кезінде осы жақтан ауып барғандар бар. Тарбағатайды асып өткеннің арасында кім жоқ дейсің?! Мына жақтың суандары, ана жақтың мұрындары, Қаракерей бәрі болды... Біздің ауыл ең үлкен ауыл еді. Әкем қабылдай берген, жер көп, шабындық көп, егін үшін тоғандар да баршылық. 

     Он сегізінші ғасырда арғы атамыз Смайыл, оның ұлы Күдері би. Бүкіл Төртуылдың төбе биі болған, менің атам. Күдеріден Жұмаділ, Жұмаділден мен дегендей. Мен кедейлескен жылдары туыппын. Жұт болған. «Ақ тауықтың жұты» дейді, мына мүшел ішінде мешін жылы, тауық жылы сияқты уақыттар ауыр болатын. Кейін де бір жұтты көрдік. Әйтеуір техниканың күшімен аман алып қалдық мал басын. 

      ...Мен туардан екі жыл бұрын үлкен жұт болыпты. 500 жылқыдан 50 бас, 2000 қойдан екі жүз тұяқтай ғана қалыпты. Пәленбай түйеден жүк артатын 5-6 ғана түйе қалыпты. Менің «Таңғажайып дүние» деген мемуарлық романым бар. Сол жерде 5 жасымнан 60 жасыма дейінгі ғұмырымның барлық негізгі штрихтары жазылған. 

     Әкем Жұмаділ кедейлікті мойындамай кетті. Төрт-бес қара беріп, бір жақсы ат мінетін. Жұмаділдің құласы, Жұмаділдің бөртесі дейтін атақты аттары болды. Соғымға міндетті түрде қазысы төрт елі түсетін ту бие соятын. Жығылмай кетті әке салтынан. 

      Мен қой қоздап жатқан уақытта Малдыбай қыстауында дүниеге келіппін. «Число» жоқ. Жылды қуып әкелсем 1936 жылдың көктемі екен. Оқуға түскенде де «Туған жылы – 1936 жыл, айы – сәуір» деп қана жазылған. Сәуірдің қай күні екенінде ешкімнің шаруасы жоқ. 

        Кейін, 1962 жылы көш бастап өттім ғой. Сол кезде шекарада бір майор тізімдеп жүр екен. Бес заставаны да ашып тастады, арасы жиырма бес шақырымнан: Жаманты, Бақты, Еміл, Елгейті, Шағантоғай. Сымын жинап тастады, сол жерден ағылды жұрт, 1-мамыр күні шекараны жауып тастады. Қытай нота тапсырып, біздің халықты Кеңес Үкіметі азғырып жатыр, әйтпесе кетпейтін еді дегендей сылтаумен көшті сап тиды. Қытай деген құн санайтын бәле ғой. Бүкіл Шәуешек қаласы өтті, Шәуешек ауданы, Шағантоғай ауданы, Толы ауданы, Дөрбілжің ауданы өтті. Шәуешек қаласының халқы жүз мың адамға жуықтайтын. Жиырма күн ішінде екі жүз мыңдай қазақ бері өтті. Үлгермегені арғы бетте қалды да кетті. 

...Сонда әлгі тізімдеп жатқан майорға жылымды айтып жатырмын ғой. Ол: "Число, число" - деп болмай қойды. Сол күні 24 сәуір болатын. "24 сәуір" - дедім. Атып тұрып қолымды алды: "Туған күніңіз екен ғой, құтты болсын!" – деді. 

      Негізі қой қоздайтын уақыт осы сәуір айының екінші жартысына келеді ғой. Соған қарағанда қатты шатаса қоймаған сияқтымын. Міне, сол уақыттан бері 24 сәуір  мен үшін екі мәрте туған күн: бірі өзімнің дүниеге келгенім болса, екіншісі атажұртқа табаным тиген күн. 


Адамның идеясын, жанын, жүрегін қайтару деген

мүмкін емес


        Мен үшінші курс оқып жүргенде қайта алып кетті Қытай үкіметі. Төрт жыл сүргінде болдым ол жақта. Ауыр еңбекке салды, шахтада жұмыс істедім. Мына Қытайда «ауыр еңбекке түссе, адамның идеясы өзгереді» деген бір түсінік бар. Осы күнге дейін соны пайдаланады. Оның адам екені рас болса, шахтаға салды екен деп түзелмейді. Біз де түзелмедік. Қайта тізе батырған адамға өшіге түсесің. Адамның идеясын, жанын, жүрегін қайтару деген мүмкін емес.

     Содан сандалып-сандалып 1961 жылы Шәуешекке келдім. Шәуешек үлкен қала ғой, портты шаһар. Орыс пен қытайдың, Орта Азия мен Қытайдың сауда жолы. Қайнап жататын. Көлемі жағынан Семеймен тұрғылас. Халық қатты күйзеліп отыр екен. Мені қоршап алды: мұғалімдер, студенттер, жастар. Бәрінің арманы – Қазақстанға оралу. Мен Қазақстанда оқыдым, 57-ші жылы Мәскеуде жастардың алтыншы фестиваліне қатысқаным бар. Сұрақтарына жауап беремін, елді көтеріп мақтамағанның өзінде ауыздарының суы құриды. Мен Алматыға алғаш келгенімде, 56-шы жылы Қазақстан миллиард тонналап астық алып, тоқшылық бастала бастаған уақыт қой. Осыны айтқанымда, жерлестерімнің ауызының суы құриды. Техниканы, комбайнды, тракторды айтамын. Оның бәрі рас нәрсе еді. «Қалай жетеміз?» дейді бәрі. 

        Шәуешекке келгенде менің мақсатым  мынадай  болған: Үрімжіден шекараға жету қиын, өту, тіпті, мүмкін емес. Содан Шәуешекке келдім. Шекара бұл қаладан жиырма-ақ шақырым. Келген бетте жүйрік аттарды да дайындап қойдым. Келенбайдың қоңыры дейтін жануар болатын, соған жем беріп, қант беріп. Келенбайдың қоңырының үстіне бір қонжисаң тартып беруші еді, жарықтық. Ажалың болмаса оққа шалдырмайды. Түбі осымен тартатын шығармын деп жүргенмін. 

       Содан бір ой түсті: өзім зымырап кетсем, мына халықты қайтемін? Қалтамда жапсарлай тігілген құпия тұста ҚазМУ-дің студенттік билеті, «зачетная книжкасы» жүреді. Оны жанымнан тастаған емеспін. Қашқан күнде бұл құжат менің тыңшы, шпион емес екенімді әйгілеп тұрады деп ойладым. Халықтың тіршілігін көрген сайын нілдей бұзыламын. Қытайда «коммуна» дейді, бәрін орта қазанға қаратып қойған, бәрі ашқұрсақ. Үй басына түтін шығармайтын, қазан астырмайтын, шай қайнатпайтын. Солай иіріп тастаған. Ал қазаққа үйінен түтін шығартпау батады екен. «Соңғы көште» бәрін жеткізуге тырыстым. Сол уақытта қытайлар да үстін-үстін келіп жатты. 


Ескі қаланың орнын қазу, сол жерден бір құм шөлмекті

тауып алу  –  рухани жаңғыру емес


       «Соңғы көшті» оқыған шығарсыздар, кейбіреудің қолы тимеген болар. Осы былтыр ғана кітабымды 3 000 дана етіп қайта бастырдым. Өз ақшаммен. Біздің үкіметіміздің шалағайлайтын жері – осы. «Рухани жаңғыру» дейді, адам қалай жаңғырады? Ол үшін, алдымен, адамның санасын жаңғырту керек.  Ескі қаланың орнын қазу, сол жерден бір құм шөлмекті тауып алу   рухани жаңғыру емес. Бізде құлдық сана қалыптасқан. Сіңіп кеткен. Еттен өтіп, сүйекке кеткен. Содан арылу керек. 

     86-шы жылы алаңға неге кілең жастар шықты? Орта жастағылар мен ақсақалдар неге бұғып қалды? Үрей, қорқыныш, құлдық сана жібермеді. Кәрі құлдар жаман болады екен ғой, қожайыннан кеткісі келмейді. Мына Америкада оңтүстік пен солтүстік соғысып тұрып, құлдықты әрең жойды ғой. Құлдарды босатқан кезде жастар кетіпті де, кәрі құлдар қайтып келіпті қожайынға: "қалай өмір сүреміз, сіздің босағаңызда өлейік"  деп. Міне, сол секілді кәрі құлдардың азаттық туралы ойы таяздау болады екен. Мағжан айтқан ғой «Мен жастарға сенемін» деп, мен де сенемін жастарға. 

       Менің пікірім –  өткір, көзқарасым – қаталдау. Жұрттар мерекелерде орденін, медалін тізіп отырады. Майдангерлерді құрметтеймін, олар соғысқа барды, қан төкті. Басқа шалдар да бар, оларды «кәрі құлдар» деп есептеймін. Құлдық сана еттен өтіп, сүйектеріне сіңіп қалған. Араларында саналы, бірен-саран ұлтшылдары бар әрине. Бірақ дені құлдық санадан арылмағандар. Көрер көзге сәлем беріп тұрамыз, бірақ ішкі пікірім  осы. 


"Елге ел қосылмаса да, төл қосылды деген осы"


      Ә.Қ.:   – Елге  келгенде алғаш танысқан қаламгерлер жөнінде айтсаңыз. Жазушылар ортасына қалай кірдіңіз?


      Қ.Ж.:   – Мен ҚазМУ-де оқып жүргенде Әуезовпен таныс болдым. Әуезовтың лекцияларын жібермейтінмін. Ол үшінші курста сабақ береді «Абайтанудан». Естіген екен, Қытайдан екі студент келіпті деп. Бір күні Киікбаевтың лекциясын тыңдап отырғанмын, сырттан біреу келіп: "Жұмаділов, шығып кет, кафедрадан шақырып жатыр"  деді. Содан кафедра меңгерушісінің кабинетіне кірсем, өзіміз тығылып бақылап жүретін Әуезов отыр. Кафедра меңгерушісі: "Міне, арғы беттен келген бала – осы" деді. Көзім бақырайып, есікте сілейіп тұрып қалыппын. 

     – Е-е, міне, елге ел қосылмаса да, төл қосылды деген осы, - деді Әуезов қасына шақырып. Жанына жайғастым. Ол арғы бетте қанша қазақ барын, қандай шаруамен айналысатынын, баспасөз, баспа, жазушылар хақында төпелеп сұрақ қоя берді. Хал-қадерімше айтып жатырмын. Ол жақта да біршама танылған едім. Бірінші өлеңім 54-шы жылы «Шыңжаң газеті» бетінде жарық көрді. Алғашқы әңгімем 10-сынып оқып жүргенде «Шұғыла» журналында «Жамал» деген атпен шықты. Ол жақта сөз қадірін біледі, 10 өлең жазған адамды таниды. Бір кезде: 

     – «Абай» романы барды ма? – деді Әуезов. 

      – Барғанда қандай, мен оны 13 жасымда оқып шықтым, - дедім.

         Осындағы «Қазақ елі» деген баспа «Абай» романын араб қарпінде басып, арнайы Шыңжаң қазақтары үшін жіберген ғой. Бастауышта оқып жүрген кезім. Малғазы деген саудагерлеу, қалаға жиі барып тұратын немерелес ағамыз бар еді. Сол «Абай» романының екі кітабын алып келді. Сыртында арабша «Абай» деген жазуы бар, бірінші бетін ашып қалсам марғасқа, құлжабас бір кісі отыр, астына «Мұхтар Әуезов» деп жазып қойыпты. Біз сол уақытқа дейін Құран аспаннан түседі, Алла Тағала жібереді деп тек діни кітаптар оқыдық. Жібергені де рас енді. Оның үстіне алты-жеті жасымнан бастап он-он бес қиссаны жатқа соқтым. Сауатым бар еді, қысқасы. 

      Мен үшін екі жеңілдік болды: біріншісі – Абай романның басында он үш жаста, мен де он үш жастамын, екіншісі – романдағы барлық оқиға таныс, біздің ауылда Абай болмағанымен Құнанбай, Жиренше, Зере, Ұлжан, Тоғжан, Әйгерім сияқты кейіпкерлердің прототипі толып жатыр. Кейін бұл романды бірнеше мәрте қайталап оқыдым, мүмкін жеті рет, мүмкін он рет...

   Осы оқиғадан  кейін Мұхаң мені әбден танып алды. Кездесе қалса: "Әй, Қабдеш, халің қалай?" – деп тұрады. Өзім де таң қаламын, бір көрген адамын ұмытпайтын қандай қабілет... 



Беліңе арқан байлап тереңге түсесің, қазған көміріңді

арқаңа салып қайта шығасың


       ...Екі жылдан кейін, 58-ші жылы  бізді алып кететін болды. Естіп жаттық, ана жақтың баспасөзін оқимыз. Оңшылдарға, ұлтшылдарға қарсы науқан басталыпты дейді. Кетер кезде Мұхаңмен қоштасып кетейін дедім. Барсам, ол кісіні Ғабдол Сланов деген кісі қонаққа шақырып кетіпті. Қазіргі Абай көшесінде жеке үйі бар Слановтың. Ол кісіге жиі барып тұратынбыз. Қош! Содан қуып бардық, барсақ ел жинала қоймапты. Мұхаң мен Ғабдол Сланов үй ауласында  қымыз ішіп отыр екен. "Біраз ағаларыңды қонаққа шақырдық. Жақсы келдіңдер, қонақ күтісіңдер, әңгіме тыңдаңдар", - деді Ғабдол Сланов.

      – Рахмет,  біз қала алмаймыз. Ертең бізді тізіммен Қытайға алып кеткелі жатыр. Естуімізше, ол жақта баяғы осы жердің 37-сі басталып жатыр екен. Қоштасқалы келдік. Қайтып келе аламыз ба, сіздерді көре аламыз ба деген ой біздікі, - дедім. Мұхаң біртүрлі кейіп, мұңайып отырды да: 

        – Қайтеміз, біз енді халықаралық мәселеде ара түсе алмаймыз. Бірақ мен Дінмұхаммедке (Қонаев) айтып жүрмін. Тың көтеру үшін адам таппай жүр. Қытайдағы қазақты қайтарайық арғы жағының тілін тауып дегенмін. Мүмкін ел көшіп келсе, қайта ораларсыңдар, - деді Мұхаң. 

         Содан дәл сол күннің ертеңіне аттанып кеттік. Қалуға мүмкіндік жоқ. Мәскеуден Қытай елшілігінен адам келіп, тізіммен түгелдеді де алып кетті ұшақпен. Үрімжіге келіп түстік. Қызып тұр екен, көшедегі плакаттарды көріп шошып кеттік. «Ұлтшылдарды құртайық», «Шпиондарды аластайық», дей ме, Құдай-ау. Қытай еңбекқор, данышпан халық қой. Бірақ басында тұрған шенеуніктері ақымақтау келеді. Жаңағы науқаны да бүкіл ұлттан шыққан зиялыларды жою ғой. Тарым, Такламакан сияқты лагерлеріне жіберіп жатты. Олар Кеңес Одағын марксизмге қарсы шыққандар деп есептейді. Бізді сол жақтан осы "дертті"  жұқтырып әкелді деп сынады. Шахтаға жұмысқа салды. Беліңе арқан байлап тереңге түсесің, қазған көміріңді арқаңа салып қайта шығасың. Азапты көрдік. Менің шашым арқама сыймайтын қалың әрі бұйра шаш еді. Үйге келген соң жусам әбден көмір тұтып қалыпты, кетпейді. Амалсыздан түгел шашымды алдырдым қайшымен. Моншаға барсаң қап-қара лай болып ағады, ағзамызда  не болғанын кім білсін?!

      Содан не керек, Шәуешекке келдім 61-ші жылы. Ел ашыға бастаған, күй жоқ халықта. Шәуешектің халқы оқымысты, отырықшы ғой. Ал Алтай керейлерінің жайы бөлек. Оларда Оспан батыр салып кеткен із бар. Солар былтыр «коммунаға» қарсы көтеріліске шықты, Қытай қарулы күшпен қан-жоса қылып басты. Кезінде осындай көтерілісті бастаған 60 адамды Үрімжіден алып келді. Ол кезде біз полицияның орталық штабына апта сайын барып, тіркеліп тұратынбыз. Сол жерге алып келді, көзім көрді. Ақыт қажының баласы бар, Қалман бастаған топ. 

       Шәуешек халқы мұндай көтерілістерге бара қоймайды. Қалай дегенмен, арасында оқыған-тоқығаны, зиялысы көп ел ғой. Бірақ бәрінің арманы – Қазақстанға көшу. Содан ой келіп, Мәскеуге хат жаздым. Кімге жолдайтынымды білемін: «Мәскеу. Кремль. КОКП ОК бас хатшысы Н.С.Хрущевқа» деп жібердім. Алғашқы хат тимей қала ма деп екіншісін  Жоғарғы Кеңес Президиумының төрағасы Ворошиловқа» деп жібердік. Жүздеген адам қол қойып жатты. Ең кереметі – Мәскеуден «хаттарыңды алдық» деген ақпар келді. 


Азаматтық қызметімнің шыңы деп  екі жүз мың қазақты жұртқа қосқанымды айтамын

        Бұрын Шәуешекте консул болатын, ол уақытта кетіп қалған. Құлжада болды консул. Сол кісі келді бір күні. Адамдарды кезек-кезек қабылдап жатты. Блокнотында менің де атым жүр екен ұйымдастырушы ретінде. Ақсақалдар да консулға   атажұрт туралы  айтып жатты. Хатта да айтқанбыз. «Кеңестер Одағы езілген, жаншылған халықтың досы. Бізді елге қайтарыңдар, үй беріңдер» деп жазғанбыз. Сауатты жазылды хаттың бәрі. 

        Содан не керек, 1962 жыл келді, көктем ерте шықты. Наурыз айының ортасынан бастап күн жылып сала берді. 10 сәуір күні арасы жиырма бес шақырым болатын бес заставаның тұсынан сымды жинап тастап, ағылған қисапсыз көшті қабылдады. Әр тұсынан атты, арбалы, түйелі, жаяу-жалпы көш ағылды. Сонымен, атқа мініп алып, шапқылап жүріп қозғалмаған ауылды қозғап жүрдік. Мен, шығармашылығымнан бөлек, былайғы уақытта да азаматтық қызметімнің шыңы деп, сол, 1962 жылы көктемде, екі жүз мың қазақты жұртқа қосқанымды айтамын. Өлер алдында, жантәсілім етерде осыны есіме алатын шығармын. 

       Қара шаңырақта туып-өстім деп айттым ғой. Қара шаңырақ екенін мынадан білетінбіз: біздің ауылдың тұсынан көш өткенде қыз-келіншектер, келіндер аттан түсіп жаяу өтетін. Бұл – мені немесе Жұмаділді құрметтегені емес, Күдері биді, Смайылды құрметтегені. «Таңғажайып дүние» деген мемуарлық шығармамда осындай детальдардың барлығы тізілді.

      Біздің әулет бір миссия атқарған, атқаруға тиіс те әулет сияқты: бабам Смайыл Қытайдан қазаққа егіндік үшін бір тоған су алып берген, құжат жолымен. Әкем қайтыс болған, сол жылдары бұрынғы жер иелерін соттау деген науқан шықты. Әкем тірі болса, оны соттағандай екен. Кейін соны іздеп, алқымымыздан алғанда әлгі Қытайдың қызыл штампы қойылған қағазды, алты бұлақ судың қағазын, шешем жанып жатқан отқа тастады да жіберді. 

        Отыз жылдан кейін Шәуешекке барғанда үлкен балам – Арманды ертіп бардым. Біз оқыған гимназияны тас-талқанын шығарып, бұзып тастапты. Оған гимназия туралы жыр қып айтушы едім. Енді барсам жоқ. Сол гимназия ғимаратын бір айда әрең бұзыпты. Алты жүз бала еркін оқитын ғимарат еді. 

     Жаңағы миссия туралы жалғайын. Бабам Смайылдың  бір тоған су алғаны туралы құжат болды, Күдері би сол аймаққа мешіт салдырды, ал әкем бастауыш мектеп салдырды. Бәрі – ел игілігі үшін істелген миссиялар. Мен осылардың шежіресін жасау миссиясын атқардым. 


"Соңғы көштегі"  Естайдың 80 пайыз прототипі – өзім


        Менің «Соңғы көш» романымның негізгі желісі 1962 жылы екі жүз мың қазақтың ата жұртына оралған көші туралы екенін білесіңдер. Бірақ бұл романда көшпенді қазақтың мәдениеті, оның күнделікті тұрмыс-тіршілігі, күнкөріс дағдысы, дала заңы, географиялық бөліністер, қыз-қырқынының, жігіт-желеңінің бейнесі бар. 

       Мен көшпелі дәстүрді өз көзіммен көрген адаммын. Көшіп-қонып, сән-салтанатымен жүрген қазаққа қызыл қытай зобалаң орнатты. Малын тартып алды, байлығын тартып алды, бұт артар көлігін тартып алды. Қазаққа ең ауыр соққаны – ортақ қазанға біріктіріп қоюы. Қонақ келсе, қой соятын, қадіріне қарай тай, ту бие соятын қазаққа бұдан артық қандай азап болсын?! Міне, осының бәріне шыдамаған халық атажұртқа ауа көшті. 

Сол көшті бастайтын серке керек болды. Мен Алматыдан оқып барғам, орысша білемін, хат жаза білемін. Солай жиырмадан енді асқан күнімде тарихи көшті бастап, азаматтық міндетке жүктелдім. «Соңғы көштегі» Естайдың 80 пайыз прототипі – өзім. 

     Жақында «Соңғы көшті» өз ақшаммен қайта бастырдым. 3 000 тираж. Бұл кімге жетеді? Кімге азық болады?!


      Ә.Қ.: – Сіздің  шығармашылығыңыз  өлеңнен бастау алған екен. 1957 жылдан  газеттерге жариялана  бастапты. 1967 жылы «Жас дәурен» атты  өлеңдер жинағыңыз 10 мың тиражбен шығыпты. Прозаға бет бұруыңызға не түрткі болды?


       Қ.Ж.: – Көбелектің қанатындай «Жас дәурен» деген өлеңдер жинағым 10 мың данамен шықты. 

      Менің прозаға бет бұруыма себеп болған бірден-бір адам – Мұқағали Мақатаев. 

       Алматыға қайта оралған кезіміз. Оразақын Асқар ҚазМУ-ге түсуге емтихан тапсырып  жатыр екен. Біз кезінде жолдамамен келіп топ ете қалғандармыз. Ол кезде ҚазМУ-дің бас корпусы – Төле би мен Байтұрсынов көшелерінің қиылысындағы үш қабатты үй. Бас корпус деп басшылар отыратын ғимаратты айтатынбыз. Оразақын екеуіміз содан шығып, «Виноградов, 88» деген мекен-жайдағы  жатақханаға  қайтып келе жатқанбыз. Бұрышты  айнала бере Оразақын қарсы жолыққан ірі денелі жігітпен шұрқырай амандасып, шүйіркелесе кетті. Үй ішінің жайын сұрасып, дабырласып жатыр. Оразақын әлгі жігітті таныстырып: 

 – Мынау – Мұқағали Мақатаев деген жігіт. Қазір Қазақ радиосында диктор болып істейді, - деді.

     Осы сәтте Мұқағалидың  екі жыл бұрын «Жұлдыз» журналында шыққан екі шумақ өлеңі  есіме түсіп, жатқа айттым: 

Ең алғашқы жаңбыр да өтті себелеп, 

Әлдеқашан гүлге қонды көбелек. 

Бақыт, байлық, барлығы бар колхозда 

Өзің жоқсың, әттең, сәулем, не керек! 

        Сол-ақ екен, Мұқағали қорбаңдап келді де бас салып құшақтай алды. Сол кезде ол жиырма бес жаста екен. Қып-қызыл, нарттай жігіт, бір жерін шертіп қалсаң қан саулап кетейін деп тұр. Дауысы – нағыз диктордың дауысы, жанға жағымды қоңыр үн. Кейін ағайын болып араласып кеттік. Оразақынға, Мұқағалиға ілесіп, Нарынқол жайлауында талай болдық. Шалкөденің бойында бие байлаған ауылдарға түсіп, қымыз ішетінбіз, бойжеткен қыздары бар үйге түсетінбіз. (күліп). Содан бір күні Мұқағали менің «Соңғы көш» романымды оқып шығып, маған: "Бала сен өлеңді қой, сенің өрісің прозада екен ғой. Сыймайды өлеңге, «Соңғы көштегі» дүниені өлеңге қалай  сыйдырасың" - деді. 

     Мұқаң «Соңғы көшке» қатты разы болды. Біледі ғой, арғы бетте де албандар бар, өзі шекарада туған адам. Арғы беттен көшіп келгендер солармен жапсарлас қонып жатыр. Әлгі Оразақындар да сол қатарда. 

    – Сенің өрісің прозада екен. Өлеңді қайтесің, өлеңді бізге таста, - деп кесіп тастады сөйтіп Мұқаң. Оған дейін бірлі-екілі роман жазғанмын. «Көкейкесті» бар, бірталай әңгімелер жазылған. 


Прозада 20 том еңбек жаздым, өкінерім жоқ...


       Қарап отырсам, мен жазатын дүние көп екен. Атқарған  азаматтық қызметімнің шежіресін жасауым керек. Арғы беттегі қызыл қытайдың көрсеткен қиянатын жария қылу керек. Міне, прозада 20 том еңбек жаздым, өкінерім жоқ... 

       Ал өлеңдегі бар еңбегімнің көлемі көбелектің қанатындай. Негізі, мен үш баспа табақ өлең тапсырған едім. Ол кезде баспада Ғафу Қайырбеков бөлім меңгерушісі. Олар әлгі бірінші кітап деген стандартқа салып, тек мың жол өлең ғана шығарған ғой. Сол өлеңдер жинағы шыққаннан кейін Ілияс Есенберлин баспаға редактор болып келді. Келген бетте Ғабу Қайырбековты шақырып алып: 

       – Әй, Ғафу, сенде Құдай бар ма, жоқ па?! Мына Қабдешке обал жасапсыңдар ғой. Не мынау?! – деп жинақты көрсетті. – Мұның жөні бөлек емес пе, бұл тау асып, тас басып келді ғой атажұртқа. Молырақ көлем берсеңдер қайтеді? Көрінгенге беріліп жатыр емес пе? – деді ол қабағын түйіп. Маған бұрылды да: 

- Не жазып жүрсің, жоспарыңда не бар? – деп сұрады. Молырақ айтсам да берейін деп отыр, бірақ қанағат қылып: 

- Әңгімелерім бар, - дедім. 

- Көлемі қанша?

- Алты баспа табақ. 

      Осы әңгіменің нәтижесі ретінде «Қаздар қайтып барады» деген жинақ 30 мың данамен басылды. «Тағдыр», «Соңғы көш» романдары 40 мың данамен жарық көрді. 

       Бұл романды жазуын жаздым, бірақ сараптайтын кісі болмады. Рецензия беретін адам жоқ. Бір данасы Орталық комитетте, бір данасы КГБ-ның Қоғамдық қауіпсіздік комитетінде жатты. Бір күні бір жапырақ қағазбен хат келді. «Бұл романның көркемдік құрылымына айтар дауымыз жоқ. Дегенмен, мына оқиға туралы білетін, төрелік айтатын маман жоқ бізде», - деп жазылыпты. 

       Олар шынын айтып отыр. Бұған билік айтатын бір-ақ мекеме бар. Ол – Мәскеудегі Қиыр Шығыс институты. Соған жіберу керек. Қытайтанушы, вьетнамтанушы, жапонтанушының бәрі сол институтта еді. Марқұм Әнуар Әлімжанов Одақтан екі мықты орысша жазатын адам тауып, екі ай ішінде жолма-жол аудартты. Өзі хат жазып, институтқа жолдадық. Бірнеше айдан кейін хат келді. Сектор меңгерушісі орыс тілінде 7-8 бет қылып жазған екен. «Мынадай еңбек бізге керек. Қытайдың қазіргі халін, экономикасын, ұлттық саясатын ешбір бұрмалаусыз көрсеткен. Бұл кітапты неғұрлым тезірек шығару керек», - деп жазыпты ол. Дегенмен, соған қарамастан біздің адамдар  қорықса керек, тартыншақтай берді. Үрей ғой, құлдық сана тағы бар. Содан не керек, Мәскеудегі институттың пікір-хатын алып, Шерханға бардым. Жарықтық Шерағаң әлгі пікірді өзі қазақшаға аударып жазды да, «Жұлдыз» журналының үш санына бір-ақ айдады. 1973 жылдың 9, 10, 11 санына шықты. Ол кездегі «Жұлдыздың» тиражы – 196 000 дана. Шерханның осы қолдауымен біздің еңбегіміз күллі қазаққа танылды. Іле-шала қырық мың данамен кітап болып шықты. Ол – жүрегінің түгі бар, табанының бүрі бар ұлтжанды азамат еді. 


Қазақ әдебиетіне диаспора тақырыбындағы шығарма

әкелген алғашқы жазушымын


      Мен неге қырық жасымда кетіп қалдым? Ол кезде жазушылық даңқым біразға барып қалған. Қос томдық «Соңғы көш» кім көрінген жазатын роман емес. Мен қазақ әдебиетіне диаспора тақырыбындағы шығарма әкелген алғашқы жазушымын.  

      Ал енді мансабымды «Қазақ әдебиеті» газетінің сын бөлімінде әдеби қызметкер болып бастадым. Мұхтар Мағауин екеуіміз осы бөлімде біраз шайқағанбыз. Кейін «Жазушы» баспасына келіп, он жылдай еңбек еттім. Қызметім – аға редактор. Қасымдағылардың барлығы өсіп жатыр, маған соқпайды. Сосын мен Баспасөз комитетінің төрағасы Шериаздан Елеукеновке шығармашылық қызметке кетуіме байланысты жұмыстан босатуын сұрап, арыз жаздым. Әншейінде босата салатын ол мені өзіне шақырды. Ол кезде комитет үлкен әрі абыройлы мекеме еді. Бардым.

     – Әй, сені кетемін деп жүр дейді ғой, - деді ол. – Неге кетесің, өкпең бар ма немене? – деп сұрады. Екеуіміз әдебиет жайлы екеуара әңгіме қозғағанда сөзге келісе алмай қалатынымыз бар еді,  таласып қалатынбыз, ол мақтағандарға  менің көзқарасым басқаша болатын.  

      – Шеке, маған рұқсат беріңіз. Маған бірегей жұмыс бермедіңіз. Енді осы аға редактор деген мансабымнан түсіп қалмай тұрып кетейін, - дедім. 

       – Білемін өкпең бар екенін. Мен сені білмей-көрмей жүр дейсің бе?! Өзің жау болып тұрған мемлекеттен келесің, үлкен қызмет бермеді деп өкпелейсің. Сендерге үлкен қызмет бермейді. Мен бірталай ұсынып көрдім. Сен, тегінде, маған өкпелеме, - деп шынын айтты ол. 

         Сөйтіп, қызметтік мансабымды аға редакторлықпен аяқтадым. Өмірімде үш кісінің үстінен қарап көрмеппін. Кейде пенделігің ұстап соны ойлап қоясың (күліп).

         Кейін Елеукеновпен жақсы болдық. Елге ертіп бардым. Ол Мемлекеттік сыйлық алатын кезде «Тағдыр» романы туралы талдап отырып керемет мақала жазды. 


Мамандығым – қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі


         Ә.Қ.: – "Қазақ әдебиетінде" Мұхтар Мағауинмен бірге жұмыс істедім дедіңіз...


Қ.Ж.: – Иә, Мағауинмен бірге жұмыс істедік. Ол диссертация қорғап келген жергілікті қазақ. Менен төрт-бес жас кіші. Жұмысты бірге атқарамыз. Бірақ мен оның қол астында істедім. Осы жерде екеулеп біраз көкірек керіп жүргендерді өткелектен қайта өткіздік. Болашақ жауды да осы жерде таптық   қой. 

      Сол уақытта Жазушылар Одағындағылар  «Қазақ әдебиетінен» екеуімізді де ығыстыра бастады. Бізді құтқарып қалған адам – Ілияс Есенберлин. 1967 жылы көктемде ол «Жазушы» баспасына бас редактор болып келе қалды. Көріп жүретінбіз бұрындары; ақ плащ киген, аяғын сылтып басатын жасы елулер шамасындағы кісі еді. 52-ші жылғы науқанға ілігіп, сотталып шыққаннан кейін келген беті екен. 

      «Жазушы» баспасы Одақтың бірінші қабатында еді. Оның бас редактор болғанына біреу сенді, біреу сенбеді. Мен Есенберлинді бір ғана дүниеден танитынмын: Қысқашев деген біреу «Айқас» романына обал жасап сынады, мен соған ара түсіп, романның мықты дүние екенін дәлелдеп мақала жаздым. Қапан Сатыбалдинның тапсырмасымен жазғанмын. 

        Жалпы, менің «Қазақ әдебиетіне» келуімнің өзі қызық.  Университетті бітіретін уақытқа таяп қалдық. Менің мамандығым – қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі. Қолы жеткендер газет-журналдарға жұмысқа орналасып кетіп жатыр. Енді кеш қалсам, жолдамамен ауыл-аудандардың біріндегі мектепке мұғалім болып кеткелі жүрмін. Шегінетін жер жоқ. Бір күні «Қазақ әдебиетінде» бір орын бар екен деген сыбысты құлағым шалды. Бас редакторы – Қапан Сатыбалдинді бір-екі жиналыста ғана сыртынан көргенмін. Салып-ұрып редакцияға жетіп бардым. Ол кісі орта бойлы, шашы қайратты, қараторы кісі екен. Амандық-саулықтан соң:

    – Осында бір орын бар дегенді естіп келдім. ҚазМУ-ды биыл беске бітірейін деп отырмын. Орын болса, тұрайын деп келдім, - дедім. 

      – Қалам қауқарың қалай, не жазасың, - деп сұрады ол. 

      – Бәрін жазамын, өлең де, мақала да, әңгіме де жазамын, - дедім. Шырқырап тұрғанымды көріп, езу тартып күлді де үстелінің тартпасынан бір парақ қағазды алып шықты. 

        – Біздегі Сағи Жиенбаев баспаға ауысып, орыны босағаны рас. Соның орнына 12 адам кандидат болып отыр. Сені он үшінші қылып тіркейін. Орыстарда 13 оңған цифр емес, бірақ қазақпыз ғой, хабарласып тұр, - деді ол. 

         Содан шығып, елге тартып кеттім. Семей жақта он шақты күн жүріп қайтып келдім. Әуестік жеңіп, редакцияға бір соғып, хабар алмаққа барғанмын. Кіре сала Қапанды көріп қалып едім, ол әй-шәй жоқ: 

        – Әй, сен қайда жүрсің-ей? – деп ұрысты. Мен елге барып келгенімді айтып жатырмын. – Қыдыратын уақытты тауыпсың, мен сені жұмысқа алайын деп отырсам, - дейді ол. 

         – Алыңыз, Қапеке! Қателеспейсіз, - деп жатырмын мен де. Үстел басына жайғасып, асықпай әңгіме бастады. 

           – Менің саған таңдауым неге түсті, білесің бе? Мында жүрген он екі адамның әрқайсысының соңында екі-үш адам. Телефонға да, құлаққа да тыным жоқ. Тықпалап әуре. Түк сұраушысы жоқ сен ғана екенсің. Сосын сені алайын деп шештім, - деді. 

             – Оныңыз рас, Қапеке, қателеспейсіз, - деп қолдап қоямын мен де. 

       Кейін білдім, ол кісі 32-жылғы ашаршылықта бір әулеттен жалғыз қалған кісі екен. Кейін Қарсақпайда жұмыс істеп, қиындық көре жүріп жетілген. Қарап отырсаңыз, әлгі орын оның құзырында, тіпті, бұлдаса да болар еді. Бірақ адамгершіліктен аттамай, өзі көрген қиындыққа ұқсас тағдыр иесіне үміт сыйлағысы келгені разы қылады. 


Әуезовтың өлімін үш айдан кейін естідім...

      1962 жылы Алматыға келсем, шаһар қаңырап, бос қалғандай сезім болды. Әуезов жоқ! Әуезовтың өлімін мен 61-жылы естідім. Ол жақта радио тыңдатпайды, газет оқытпайды. Бір күні радиода істейтін бір жігіт жолығып: 

- Естідің бе, Әуезов қайтыс болыпты ғой, - деді. 

- Қашан!

- Бірнеше ай болып кетті, - деді ол. Мынаны естіп, тасаға бардым да көз жасыма ерік бердім. Мұхаңды жоқтап, егіл-тегіл жыладым. Әуезов маусым  айында қайтса, мен оны қыркүйек  айында естіп отырмын. Өзім  бір жыл өткенде оралып отырмын. Жетіп барғаныңда құшағын аша қоятын Мұхаң жоқ. Одаққа тарттым. Сол кезде бастығы Ғабиден Мұстафин еді. Кабинетінің алдында күтіп отырмын. Іште кісі бар деп хатшы әйел жібермейді. Есік ашылып біреу шықты, мен ішке ендім. Ол да тысқа шыққалы жатыр екен: 

   – Аға, бір бес минуттық шаруам бар еді, - деп бастырмалатып жатыр едім, ол: 

    – Кейін, кейін, шырағым, кейін, - деді де насыбайын сылып тастап, шығып жүре берді. 

     Менің оған бару себебім – көрген-білгенімді, қайта келгенімді айтып, өлеңдерімді шығаруға көмек сұрау. Сондағы сенген кісімнің кейпі әлгіндей. Оныкі де жөн болар, Алматыдағы көп ботатірсектің, көп студенттің бірі деп ойлаған шығар...

   Содан кейін Ғабиденмен сөйлесіп, оған бұрылған емеспін. Мүсірепов екеуі құрдас, бір-бірімен аямай қалжыңдасатын. Сонысын ұнататын едім. 

   Бірде Сәбеңнің шығармалар жинағын шығаратын болып, үйіне бардым. Архивін ашты, бұрқырап жатқан шығарма. Содан не керек, екеуіміз 16 томдықты кешке дейін реттедік. 16 том кітап дегеніңіз үш-төрт жылда бір-ақ шығады бөлініп-бөлініп. Түс әлетінде Мәриям жеңгеміз келіп: 

- Сәбит, мына баланың қарны ашты ғой, шай-пәй ішсін, - деп тамаққа шақырды. Мәриям апай қуырдағы бір бөлек, кесек еті бір бөлек, жақсы ас дайындапты. Бұйырған асты асқазанға жөнелтіп бола бергенде Сәбең: 

- Мәриям-ау, бұл балаңа енді бір елу грамм коньяк әкелсей, - деді. Енді Сәбеңдерге «болмайды» деп айтуға болмайды. Сөйтіп, Сәбит Мұқановпен бірге коньяк ішкенім бар. Классик болу үшін классикпен соғыстырып ішу керек екен ғой (күлді)...


Құдай жазушыға тіл мен жақты ұлттың жоғын

жоқтасын деп берді


     Ә.Қ:   – Сіз Азия жазушыларының І-форумына қатыстыңыз. Сол форумда "ұлтсыз әдебиет те, ғылым да болмайды" деген едіңіз. Осы тұжырымыңызды  тарқатып айтып берсеңіз...


      Қ.Ж:    – Бұл форум үш күнге созылды, соның екінші күнінде маған сөз тиді. Әдебиетіміздің ақсақалы, «Халық жазушысы» деп әспеттеп жатқан соң бірдеңе айту керек қой. 15 минуттай уақыт беріледі екен. 38 елдің жазушылары келіп отыр. 

     «Әдебиет және ұлт» деген тақырыпта бес минуттай сөз сөйледім. Ұлтсыз әдебиет те болмайды, ұлтсыз ғылым да болмайды. Менің алдымда бір түрік сөз сөйлеп, адамзаттық тақырыпта жазу керек деп бөсті. Бізге таңсық нәрсе емес, бізде де бар өзін адамзаттың жазушысымын деп жүргендер. Құдай жазушыға тіл мен жақты ұлттың жоғын жоқтасын деп берді. Менің ақылымды қытай, испан, орыс қайтсін, мені тыңдаса қазақ қана тыңдар. Осыны айтып келдім де Шыңғыс хан тақырыбына түсіп кеттім. 

      Тарих пен әдебиетті бөлуге болмайды. Екеуінің айтатыны – бір шындық. Тарихты түземей әдебиетте ақиқатқа қол жеткізу қиын. Сол жолда сіздерді көмекке шақырғым келіп отыр. Шыңғыс хан кім? Шыңғыс хан туралы әлемді өтірік жайлап кетті, қолдан жасалған тарих. Ол өтірік – Шыңғыс хан моңғол деген ұғым. Шыңғыс хан моңғол емес, ол – түрік! Оның түрік екенін білу үшін ешқандай ғұламалық керек емес. Орданың шежіресі Шыңғыс ханның шешесінің қоңырат екенін баяндайды, алған әйелі – Бөрте де қоңырат. Нағашысы – қоңырат, қайын жұрты – қоңырат. Төрт ұлының алған әйелдері де түрік тайпаларының қыздары: жалайырдың, керейдің, найманның, қоңыраттың қыздары. Балалары осындай, нағашысы осындай, құдалары осындай, қайын жұрт осындай. Енді әскербасы – нояндары кім еді? 

        Қытайды бағындырған әйгілі Мұқали – жалайыр. Атақты Жебе ноянның арғы атасы – арғын, Сүбітай батырдың түбі – түрік. Шыңғыс ханның армиясын Мысырға дейін бастап барған бас қолбасшы Кетбұға – найман. Шыңғыс ханға қыз берген құданың ішінде, оның әскерін басқарған нояндардың ішінде бірде-бір моңғол жоқ. 

Залда үш моңғол жазушысы отыр екен. Соларға қарап:

 – Мен сіздер арқылы күллі моңғол халқына рахмет айтамын, - дедім. – Шыңғыс ханның бұрмалануына моңғол халқының еш қатысы жоқ. Қожайындары «мынау сенің бабаң» деп ұстатқан соң еге болып отыр. Біз «Шыңғыс хан қанішер» деп өз бабамыздан безіп жүргенде, олар біздің бабамызды төбеге көтеріп, қадір тұтты. Бірақ әр нәрсенің орны бар, Шыңғыс ханның елге қайтатын уақыты келді! Тәуелсіздік алып, бабаға еге болатын халге жеттік. Айта барыңыздар! – дедім. 

       Шыңғыс хан қият тайпасының төре тұқымынан шыққан. Қазір Моңғолияда бірде-бір төре жоқ, Шыңғыс ханның бірде-бір ұрпағы жоқ. Қайбір жылы Нұрсұлтан Назарбаев Моңғолияға сапары барысында қасына  Шота Уәлихановты ерте барады. Сол сапарда моңғолдар Шотаның Шыңғыс тұқымы екенін білген соң  оны үш күнге сұрап әкетіп, әбден басына көтереді. Тіпті, етегінен сүйіп, етігінен құшақтап қызмет қылады. Өйткені, ол жақта Шыңғыс тұқымы жоқ!

     Төрені аспанға көтерген бір-ақ ұлт бар, ол – қазақ. Бүкіл хандарымыз төре тұқымынан. Жошыдан, әз-Жәнібектен бастап бүкіл Алтын Орданың хандары төреден тарағандар. Осынымыз дұрыс болыпты, әйтпесе қырықпышақ болып кетер едік. Қабанбайдай батырлар хан болам демеді, Төле бидей ұлы билер хан болам демеді. Қалыптасқан тәртіп бар: төре тұқымы ғана хан сайланатын. Төре ұрпағы жеті жасынан бастап ерекше тәрбиеленеді. Оларға аталық тағайындалып, соғыс өнеріне үйретеді, ел ісіне араластырады. 

Абылайдың да аталығы болған – Ораз деген кісі. Абылай үріккен елмен бірге Хиуаға тентіреп кеткенде артынан барып тауып әкелген сол кісі еді. 

      Төле би туралы да айтқым келіп отыр. Ұлы би туралы менің кітаптарымда бар. Жоңғар шапқыншылығы кезінде шығыстағы халықтар жерін тастап, арқаға ауды. Ал Төле би елін бостырмай, Қалдан-Серенмен тіл табысты. Қалдан-Серен – жоңғардың ұлы қоңтайшысы. Одан кейін жоңғардың басынан бақ ұшты. Сол қоңтайшы да түсінген: Төле бисіз елді ұстап тұра алмайтынын. Сөйтіп Ұлы жүз көшпеді, тентіремеді, өз тіршілігін жасап қала берді. Бірақ жоңғарларға алман-салық төлеп тұрды. Менің кітаптарымда қанша төлегені, немен төлегені туралы айтылады. 

Әр рудың басшылары жоңғар еліне аманатқа адам жіберетін. Төле бидің баласы Жолан аманатта болды, Райымбектің ағасы Пұсырман аманатта болды. Аманатқа барған адам өз сойысымен, үй-жайымен барады. Егер ана жақ шу шығарса, аманаттың басы кетеді. Бұл – тарихи шындық. 

Жоңғарлар бүкіл шығысты, оңтүстікті төрт жыл емес, он жыл емес, бақандай қырық-елу жыл басып жатты. Біз бұл нәрсені мектепте оқытпаймыз, бірақ төрт жыл неміспен соғысқанымызды қарамен белгілеп көрсетеміз. Неге көрсетпейміз?! Көрсетсек қана біздің батырларымыздың еңбегі еленеді. Бес-алты облысты басып жатқан жоңғардан жерімізді тазалаған кім?! 


Қажығұмарды шекараға тиіп тұрған туған жеріне

жерлей алмағанымыз өкініш...


      Ә.Қ: – Қажығұмар Шабданұлының шығармашылығының басы-қасында жүрсіз. Ол кісі туралы кезінде Елбасыға да  хат жазып, жағдайын айтыпсыз. Қажекеңнің әлі 15 том кітабы бар деп естідік, бұл  шаруа қолға алынды ма?


       Қ.Ж:  –  Қажекең ана жақта жатып Елбасының атына  бірнеше рет хат жазды. Оның төте жолмен жазылған хатын  Президентке жолдадым. «Қазақ әдебиетіне» де бастырамыз көзден таса қалмасын деп. 

     Қажекеңнің өмірден өткеніне де он жылға жуықтапты. Хатында өлердегі сөзін айтып жалынды ғой марқұм. «Дүниежүзі қазақтарының жалғыз Президенті бар, ол менің де Президентім. Мен еліме барамын. Таскескен ауданына (қазіргі Үржар ауданы) қарайтын Қаракөл деген жерде туғанмын. Жеті жасымда жетім қалып, көшкен елмен ілесіп өтіп кеттім. Қырық жыл түрмеде жаттым. Маған екі метр жер беріңіздер» – деп жазды. Оқыған кісінің сай-сүйегі сырқырайды. 

      Ол алты томдығын маған жіберді. Екі томын кейін, ал төрт томын түрмеде отырып жазған. Құдай-ай, не деген азап десеңші? Кейін сол Қажекеңе сәлем жолдап, алты томдығын сұраттым, қалпына келтіріп, қысқартылған жерлерін толықтырып берсін дедім. Шамамыз келсе шығарамыз деп айтып жібердім.Кейіннен қолжазбалар көшпен, қайтқан елмен, оралмандардың жүгімен келді. Сол роман шықты. Шетелдік қазақтардың кітабын шығаратын ұйымның басшысы Мамашев деген азаматқа тапсырдым. Алайда кітап шығару мерзімі тым кешіктіріліп, шықпай кетті. Сондықтан  барлық қолжазбаны алып кеттім ол жақтан. Сөйтіп  жүргенде Мәдениет және баспасөз министрі болып Мұхтар Құл-Мұхаммед келе қалды. Оның алдына бардым. Мұхтардың әкесі Қажығұмармен қатар адам, бірге оқыған. Содан министр алты томдықты шығаруға ақша бөліп кеп жіберді. Кейін естідім, осы әрекеті үшін сөз естіпті. Ал кітапты шығаратын кезде министрліктің тендеріне таласпаған адам жоқ...

        Ең кереметі – Қажекең  жарыққа шыққан сол кітабын көріп кетті. «Жас Алаштың» жас журналисті Ерік Рақым жанкештілікпен Қажығұмарға барыпты, алты кітабын көрсетіпті. Сонда Қажекеңде ес қалмай, еңіреп жылапты. Жарықтық содан көп уақыт өтпей қайтыс болды. Қажығұмарды шекараға тиіп тұрған туған жеріне жерлей алмағанымыз өкініш...

         Мен ол кісінің алдындағы, ұстаз алдындағы қарызымнан құтылдым. Алматыға келгеннен кейін араға отыз жыл салып сол жаққа барғанмын. Шәуешектің уәлиі, губернаторы Қызайбай деген жігіт мені қонаққа шақырды. 2004 жылдың желтоқсан  айы ғой деймін, шамасы. "Қақаған қыс қой қазір, көктем шыға барайын" десем, "жоқ, қазір келіңіз" - деп қоймады. Содан жаныма Жәркен Бөдешті алдым да тартып кеттім. Үкімет өзі қарсы алып отырғасын күтім бөлек. Бұрын соңымыздан аңдып жүруші еді. Сосын әлгі уәлиге шарт қойдым. 

      – Кейін Жұмаділов Шәуешекке келіпті, ол кезде Шабданов тірі, Шәуешекте тұрады екен. Екеуі жолықты ма деген сұрақ болады. Жолығып кетейін жарты сағатқа, - дедім. 

       – Ақылдасайын, - деді ол. Ақылдасқаны – жергілікті обком. Олардың бәрі қытай, ал уәли мекемесі аз ұлттардан. «Болмайды» депті олар, Қажығұмар түрмеде отырғандықтан шетелдіктермен кездесе алмайды екен. Сөйтіп отырғанда бөлмедегі телефон шыр ете қалды. Тұтқаны көтерсем, Қажығұмардың дауысы. Өздері әулетімен шапшаң сөйлейді.

- Әй, Қабдеш, келуіңмен. Бізді тыңдайды, мен көшедегі автоматтан соғып тұрмын. Сен менімен жолығамын деп қиқарланып жатыр екенсің, ондайды қой! Жолықтырмайды бәрібір, мен білемін бұлардың заңдарын. Сен өзің абыроймен келген екенсің, абыроймен аман-есен қайтып кет! – деді. 

      Осылайша, жарты ғасырға жуық уақытта телефонмен тілдесіп, кітабын шығарып,  қарызымды өтедім. Қанша шығармасы сол жақта жатыр. Бірнеше повестері, романдары, поэмалары бар еді. Жақсының аты өлмейді деген  осы.

***

       Қаламгерлермен кездесу – әркім үшін ғибратты сәт. "Асыл сөз" бағдарламасының сұхбат-алаңындағы әңгіме межелі тұсына жеткен кезде құрметті қонаққа «Smart Qalamger» жобасы аясында ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы жасаған Қабдеш Жұмаділовтың авторлық веб-сайтының сертификаты мен Абайдың 175 жылдық мерейтойына  арнайы дайындалған ұлы ақынның бюсті табысталды. 

       Кейіпкердің өзі айтпақшы, зейнетке шығуына көмек берген Кітап палатасының ұжымы   ақсақал жазушыға осылайша  құрмет көрсетіп, төрге шығарды, өнегелі-тағылымды  әңгімесін тыңдады. 

       «Асыл сөз» жобасының бұл кезекті сыр-сұхбаты  да тасқа  басылған тарихтың бір парасы болып қатталары  сөзсіз...

Fotogalereya


Qûrmetti, Siz saitta tirkelmegensiz. Tirkeuden ötudi ûsynamyz зарегистрироваться либо зайти на сайт под своим именем.

1 pikirler

Boecpox 29 мая 2020 04:19
Подходит! Только лично я сделал вот так: клац
Ваше имя: *
Ваш e-mail: *
Код: Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Введите код: