Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Рахметоллақызы Райымқұлова министрлік жұмысы жөнінде халық алдында есеп беру жиналысын өткізді. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен кездесуге беделді ақпарат құралдарынан бірқатар журналистер қатысып, тікелей эфир ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің әлеуметтік желілердегі парақшаларынан көрсетілді.
Ақтоты Рахметоллақызы осы уақытқа дейін атқарылған министрліктің жұмыстары туралы ақпарат беріп, қазіргі уақытта жүзеге асырылып жатқан жобаларды таныстырды және алдағы уақытта іске асуы тиіс жобалар туралы сөз қозғады.
Министрдің баяндамасынан ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде бір жыл ішінде бірқатар өзгерістер болғанын, қарқынды жұмыс істелгенін, кейбір түйінді мәселелер өз шешімін тапқанын байқауға болады.
Ол ұлттық кино, спорт, әдебиет, мәдениет және өнер саласында істелініп жатқан жұмыстарды сараптап, кейбір дүниелерді қайта қарастыру туралы сөз қозғады.
Ақтоты Рахметоллақызының айтуынша, мемлекет бюджетінен осы уақытқа дейін дубляжға, тираждауға, дистрибуция мен киноны сақтауға қаражат бөлініп келгенін айтып өтті.
«Жыл сайын «Қазақфильм» мемлекеттік тапсырыс аясында 270 млн теңге көлемінде ақша алып келді. Киностудия мемлекет қаражатымен ұсталып, жақын уақытқа дейін жұмыс істеп келгенін білесіздер. Қазіргі уақытта кино өндіретін компаниялардың алдында жаңа тегеуріндер пайда болды. Жаңа технологиялар да пайда болуда», - деді ол.
Көрермен қауымның ойынан шыққан пікір – ұлттық киноны қолдаудың жаңа серпіні. Бұл бағыттағы министрлік жұмысын желідегі жұртшылық жарыса сүйіншілеп, лауазымды тұлғаға алғыс білдіріп жатты. Министрдің аталған мәселе турасындағы пікірі төмендегідей:
«2019 жылдың қыркүйегіне дейін «Қазақфильм» киностудиясы жекешелендірілетін нысандардың қатарында болып еді. Алайда министрлік пен Үкімет үлкен жұмыс атқарып, «Қазақфильм» киностудиясы жекешелендірілетін нысандардың тізімінен алынып тасталды. Яғни «Қазақфильм» жекешелендірілмейді. Мемлекет «Қазақфильмді» қолдау үшін қолдан келген көмектің бәрін көрсетуде».
Сондай-ақ, Ақтоты Рахметоллақызы Ұлттық кино орталығының құрылғанын және оның міндеттерін, 114 студия мен 112 анимациялық киностудияның дұрыс жұмыс істеп отырғанын жария етті.
Сонымен қатар, министр спорт саласындағы жаттықтырушылар мен еңбек сіңірген мамандарға қосымша ақы төленетінін, мәдениет саласындағы барлық қызметкерлердің жалақысы 35-50 пайызға өскенін жеткізді. Бұл – мәдениет және спорт саласынағы барша қызметкерлер үшін тиімділік әрі басшылық тарапынан үлкен қолдау. Бұл жалақыны үстемелеудің соңы емес. Енді 2023 жылға дейін аталған сала мамандарына жыл сайын 20 пайыздық қосымша ақы қосылып отырмақ.
Министрдің халыққа есеп беру кездесуі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «ашықтық саясатын» толық қолдайды деуге болады. Өйткені, күні бүгінге дейін қоғам ішінде бұйығы тіршілік етіп келе жатқан спорт және мәдениет саласының қаржылық мәселелері ашық айтылды және барынша қолдау көрсетіліп жатқаны байқалды.