Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз халқына өзінің алғашқы жолдауының алғашқы тармағында рухани құндылықтарға баса көңіл бөлді. Атап айтқанда келер жылы ұлы бабаларымыз Әл-Фараби мен Абай Құнанбайұлының мерейтойларын және еліміз тәуелсіздігінің 30 жылдығын лайықты атап өтуді Үкіметке қадап тапсырды.
«Ендігі жылы бәріміз Әл-Фарабидің 1 150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын атап өтеміз. Мерейтой барысында ысырапшылдыққа жол бермей, ғұлама тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеуіміз керек. Сондай-ақ, ең маңызды мерекеге – Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты тиісті
іс-шараларды іске асыруымыз қажет. Ел өміріндегі осындай елеулі оқиғалар жас ұрпақты нағыз отаншылдыққа тәрбиелеуге жол ашады деп сенемін»-деді.
Бұдан ары сөзін сабақтаған Президент Қ.Тоқаев өз жолдауының 4-ші тармағында мәдениет қызметкерлерін қолдауға ерекше көңіл бөлді.
«Біз мәдениет саласында жұмыс істейтін азаматтарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырмыз. Бұл – ең алдымен, кітапхана, музей, театр қызметкерлеріне қатысты мәселе. Олардың еңбекақысы соңғы жылдары мүлде көбейген жоқ. Соның салдарынан мәдениет қызметкерлері, әсіресе жас мамандар жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алмайды. Мұндай ахуал осы кәсіптің беделін түсіріп, лайықты кадрлардың тапшылығы айқын сезілуде. Келесі жылдан бастап Үкімет мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысын көбейтуі тиіс».
Президенттің бұл тапсырмасы осы сала мамандарының көптен күткен мәселесі еді. Бұл- өз уақытынан кешіксе де орынды ұсыныс болды. Ендігі іс Үкіметте!
Нұрболат Абайұлы.