Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен 2020 жылдың 13-шілдесі коронавирус инфекциясын жұқтырып, қайтыс болғандарды еске алу – Жалпыұлттық аза тұту күні болып бекітілді.
Бүгін сағат 12:00-де ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және бірқатар лауазымды тұлғалар бастаған топ Ақорда алдында бір минут үнсіздік жариялап, коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандарды еске алды.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың мақұлданған ұсынысы нәтижесінде елімізде екі апталық локдаун – күшейтілген карантин режимі жарияланған. Мемлекет басшысы жағдайды жан-жақты зерттеп, коронавирус инфекциясы мен пневмония науқастарын емдеу барысын жеке қадағалауға алған.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін қайтыс болған екі дәрігерге «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын берді.
Еліміздегі бірқатар мәселелер шұғыл жұмыс нәтижесінде ретке келіп, дәрі тапшылығы проблемасы шешілді. Бүгінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 6 мыңнан астам дәрінің бағасын бекітіп, қажетті препараттарды дәріханаларға жеткізу жұмысын жүйеледі.
Жалпыұлттық аза тұту күнінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин және министрлер мен депутаттар коронавирус инфекциясынан қаза тапқан азаматтардың отбасына, туған-туыстарына көңіл айтып, елді сабырға шақырды.
Бүгін отандық телеарналардан сөйлеген Президент індетті халықтың сабыры мен төзімі, бірлігі арқасында жеңіп шығатынымызды айтып, үрей мен қорқынышқа бой алдырмауға кеңес берді.