Абайды ұлықтау – бүгінгі ұрпақтың басты міндеті. Қазақ тарихында бір ұлттың биік тұлғасына айналар бірнеше перзенті бар. Олардың әрбірінің көзсіз ерлігі, ақыл тереңдігі, кемеңгерлігі – келешек ұрпақтың мақтанышы әрі жолбағдары. Абай Құнанбайұлы да осындай тұлғалардың алдыңғы қатарында.
Іштегі жараны, жұрт бойындағы дертті өне бойымен сезініп, оны өлеңнің қалпына түсірген ақынның шығармаларында үлгі етер, өнеге тұтар сөз көп. Шығыс пен батыс ойшылдарын, әдебиетшілерін тауыса оқып, өз жұртына биіктен көз салған Абайдың есімі – қазақтың ұраны мен ұстанымы.
Абай Құнанбайұлының шығармалары көптеген шетел тілдеріне аударылып, алуан түрлі тілде сөйлейтін адамзат ұрпағының көңілінен шықты. Осыдан-ақ оның «адамзат ақыны» биігіне көтерілгенін байқауға болады.
Тәуелсіздіктің арқасында біз тарих беттерін парақтап, жыртығын жамап, жоғын түгендеп келеміз. Данышпан ақынның туғанына 175 жыл толған мерейтойы халықаралық дәрежеде тойланды. Жер-жерде Абай орталықтары ашылып, әлем халқының назарына ақынмен бірге қазақ есімі де жиі ұсынылып келеді.
Хакім Абайдың туған күніне орай республикалық «Абай күнін» атап өту – өте орынды әрі кешіктіруді кешірмейтін бастама. Егемендіктің отыз жылдығы қарсаңында біз осындай нәтижеге қол жеткізуге тиіс едік. Көпшіліктің бұл арманы да орындалды.
«Абай күні» - бір күндік мереке емес. Бұл айтулы дата - Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығын толық игеруге бағыт алуымыздың алғашқы қадамы. Ендігі уақытта ұлттың ұлы перзентінің есімін одан әрі асқақтатып, ұранға емес ұстанымға айналатын деңгейге жетуіміз керек.
«Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі.
Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы қазақ елін, қазағын биіктерге, асқар асуларға шақыра береді», - деген Елбасының сөзі бар. Бұл – Абайдың мемлекет пен ұлттың, жұртшылықтың бас бәйтерегіне айналғанының тағы бір айғағы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты көлемді мақала жазып, ақын туралы жан-жақты толғануы да қуантады. Президент Абай Құнанбайұлын ұлықтауға, оның шығармаларын насихаттауға бағытталған әрбір бастаманы қолдайтынын айтқаны да көңілге демеу.
«Абай күні» құтты болсын! Қазақтың Абай сарқылмас, оны толық түсінуге ұмтылар ұрпақ көбейсін!
Әділ ҚОЙТАНОВ
ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап
палатасының директоры