Бір үстел басында жолыққан қадірлі қонақтар қызметкерлер ахуалын сұрап, жұмыс барысымен танысып, Қазақстан тарихынан қызықты әңгімелер айтып, тағлымды шараның салмағы арта түсті.
Кітап палатасының залында Конституцияға байланысты кітаптардан көрме ұйымдастырылып, қонақтар мен ұжым қызметкерлерінің назарына ұсынылды. Кішігірім көрмеге қойылған кітаптар – Кітап палатасының баспасөз мұрағатындағы құнды еңбектер.
Берекет Бақытжанұлы қазақ тарихындағы келелі оқиғаларды жіліктеп, тамыз айының өзінде бірнеше айтулы дата барын жеткізді.
«1382 жылдың тамыз айының 26 жұлдызында Тоқтамыс Мәскеуді өртеді, 1920 жылдың 26-тамызында ҚазАКСР шекарасы бекітілді, 29-тамыз – Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күн және тамыздың 30-жұлдызы – Тәуелсіз Қазақстанның Ата Заңы күні. Осындай айтулы даталар қарсаңында келелі әрі ғибратты жиындардың өткізілуі – жақсылықтың нышаны», - деді ол.
Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Мұратұлы Кітап палатасының жұмыс барысымен танысуға арнайы келгенін айтты. «Кітап – құдіретті дүние. Барлығымыз осы мәдениет пен өнер саласын дамыту мақсатында жұмыс істеп отырмыз. Сондықтан біз қазір барлық жобаларды, барлық бастамаларды қарастыруға дайынбыз», - деді ол.
Үш тараптың басқосуы өте биік деңгейде өтіп, үш сағатқа жуық уақытқа созылды. Тарих хақында, мәдениет пен өнер саласының бүгіні және жоспары туралы әңгімелер айтылып, пікір алмасу процесі өз деңгейінде өтті. Ата Заң күні – Тәуелсіз Қазақстан халқы үшін ең ұлық мерекелердің бірі. Осы ұлық мерекені өз деңгейінде атап өту үшін бүгінде әрбір мекеме күш салуда. Бүгінгі тағлымды шарамыз – осы мақсатта ұйымдастырылған басқосу.