Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Рахметоллақызы Райымқұлова Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа мәдениет, спорт, туризм, тіл саясаты, ономастика және мұрағат ісі жөнінде баяндады. Сонымен қатар мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалу барысы туралы да есеп берді.
Министрдің айтуынша, спорт салаларын дамыту және мәдениет саласындағы қызметкерлердің еңбекақысын көбейту жөнінде белсенді жұмыс жүргізілуде. Аймақтарда сала қызметкерлерінің жалақысы 35 пайызға, ал республикалық деңгейде 50 пайызға артқан. Бұдан бөлек министр мемлекет басшысына коронавирус пандемиясы кезінде жүргізілген онлайн іс-шаралар туралы да баяндады.
Ақтоты Рахметоллақызы Президентті қазақстандық спортшылардың алдағы Олимпиада ойындарына дайындығынан, Туризм және меймандостық университетінің жұмысынан хабардар етті.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев министрге Жолдауда айтылған бағдар бойынша бірқатар нақты тапсырмалар беріп, латын қарпіне көшу процесінде асығыстыққа жол бермей, терең талқыға салу қажет екенін жеткізді.