Qaz | Rýs | Engl
Алматы C

Soñğy jañalyqtar

17:09
Ассоциацияға жаңа Президент сайланды
12:54
Кітап палатасына «Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді» іріктеу міндеті жүктелді
08:35
Асанәлі ӘШІМОВ: Қазіргі актерлер күндіз той басқарып, кешке «Абайды» ойнайды
elskluziv
11:56
Ақтоты Райымқұлова Кітап палатасының директорын қабылдады
19:52
Әділбек Қаба Кітап палатасының ұжымымен кездесті
22:13
Абайдың отыз бірінші қара сөзі
20:41
Тіл саясаты комитетінің төрағасы тағайындалды
16:17
Мемлекет басшысы Мәдениет және спорт министрін қабылдады
22:12
Абайдың отызыншы қара сөзі
18:08
Конституция күні – Тәуелсіз Қазақстанның ең ұлық мерекесі
09:55
Конституция – халық қазынасы
22:05
Абайдың жиырма тоғызыншы қара сөзі
10:12
Байқау! Байқау! Байқау!
08:43
Абай күні – қадірлі мереке
22:02
Абайдың жиырма сегізінші қара сөзі
10:35
ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасына – 83 жыл
14:41
13-шілде – Жалпыұлттық аза тұту күні
22:00
Абайдың жиырма жетінші қара сөзі
20:03
Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ: ҚАЗАҚ ӨЗ БИІГІНЕ ҚАЙТА ШЫҒУЫ КЕРЕК
20:30
Ақтоты Рахметоллақызы халық алдында есеп берді: қандай жоспарлар жүзеге асты?
14:52
Абайдың жиырма алтыншы қара сөзі
12:03
ҚР «Мемлекеттік рәміздерінің күні»
11:26
«Мемлекеттік рәміздер күні» – құрметті мереке
14:49
Абайдың жиырма бесінші қара сөзі
11:18
Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ: "ТАРИХТЫ ТҮЗЕМЕЙ ӘДЕБИЕТТЕ АҚИҚАТҚА ҚОЛ ЖЕТКІЗУ ҚИЫН"
09:55
Ақтоты Райымқұлова мәдениет және өнер саласы қызметкерлерін құттықтады
10:31
Тұлғалардың тырнақалды кітаптары жарық көрді
elskluziv
14:47
Абайдың жиырма төртінші қара сөзі
16:00
ISBN нөмірін тегін алыңыз
08:48
Ұлы Жеңіске 75 жыл
elskluziv
13:19
Абайдың жиырма үшінші қара сөзі
13:22
Кітап – адамзаттың асыл діңгегі
elskluziv
19:53
#Бізбіргеміз: Иманғали Тасмағамбетов
19:45
#Бізбіргеміз: Жақсыкелді Кемалов
15:09
#Бізбіргеміз: Дулыға Ақмолда
19:39
Абайдың жиырма екінші қара сөзі
09:48
#Бізбіргеміз: Светқали Нұржан
Kop jañalyqtar
» » Асанәлі ӘШІМОВ: Қазіргі актерлер күндіз той басқарып, кешке «Абайды» ойнайды

Асанәлі ӘШІМОВ: Қазіргі актерлер күндіз той басқарып, кешке «Абайды» ойнайды

Жаңалықтар
148
0
КСРО, Қазақ КСР Халық әртісі, КСРО, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан театрлар ассоциациясының президенті, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның Еңбек Ері, аса көрнекті актер Асанәлі Әшімов ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының «Асыл сөз» сұхбат-жобасында қонақта болып, өнегелі һәм өнерлі өмірінің қызығын бөлісіп, кеше мен бүгіннің арасындағы алшақтық жайында, өнердің ахуалы хақында әңгімелеп берді.
«Асыл сөздің» қонақтары сұхбат барысында ерекше ашылып, әсерлі оқиғаларды айтып, оқырмандар үшін тың дүниелер беріп келеді.«Алаштың Асанәлісі» де «Асыл сөзде» ағынан жарылды.Сұхбат тізгінін әдеттегідей ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының директоры Әділ Қаженбайұлы Қойтанов қолға алды.Балалық шағынан бүгінге дейінгі ғасырға жуық өнегелі ғұмырын көз алдынан өткізген актер әңгімесі мекеме ұжымын сілтідей тындырды. Өнерді өмір деп білген қазақ үшін Әшімовтің әңгімесінен қызық не болсын, сірә!
***
– Құрметті Асанәлі аға! Біздің ұжымға, біздің сұхбат алаңымызға қош келдіңіз! Шаршамай, асықпай әңгімемізді өрбі­телік. Сіздің өміріңіздегі ең басты құн­дылық – өнер. Осы салаға қалай келдіңіз? Бала күннің тәтті естеліктерінен бастасақ әңгімемізді…
– Е-е, біз де қарт болдық, біз де архивке айналдық… Көрермен қауыммен кездесу, пікір алысу – біздің міндетіміз. Ертеректе бір кісі «Актердің бір ғана беті бар, оны көрінген жерде жылтырата беруге болмайды» деп еді. Расында, актердің түрі тек сахнадан, мей­лінше экраннан көрінуі тиіс. Бізде көрермен қауыммен араласып жүруге шектеу бар еді. Ал қазір осындай қағидалардың барлығы бұзылды ғой. Актердің бірі асаба, бірі әнші. Күндіз той басқарып, кешке келіп «Абайды» ойнайды. Оған кім сенеді?!
Мына сіздердің ұжым, Кітап палатасы – өте қасиетті жер. Іздегенің табылады, өш­ке­нің жаңғырады. Оның үстіне, ұжымда қыздар көп екен, ол жақсы. Өйткені, қыздар көп бол­ған жерде тәртіп болады. Кездесу жасап отырғандарыңыз, көзі тірі тұлғалардың әңгімесін тыңдауға деген ұмтылыстарыңыз – тарих пен келешек алдындағы жауапты әрі абыройлы іс. «Әттеген-ай» дейміз, уағында Шерағаңдармен қолтықтасып бірге жүріп, бір суретке түспеппіз. Ол кезде қазіргідей әркімнің қолында бір фотоаппарат жоқ, студияға бару керек. Сондай-сондайлар құнтталмай қалды, енді кеш…
Сәтбаев, Әуезов, Шәкең… Біз Алматыға «деревня» кезінде, 1954 жылы келдік. Ол кез­де ұлылардың бәрі тірі еді. Репрессияға ұшы­рағандар да елге оралып жатқан уақыт бұл. Мағжандармен жолықпасақ та, берідегі ғалымдармен, классиктермен, Мұхаң, Сәбең, Ғабеңдермен дәмдес болып, қолдарына су қойдық. Енді қарап отырсам, солардың орнын өзіміз басыппыз. Ақыл жағынан емес, әрине, жас жағынан. Сексеннен асып, тоқ­санға таядық. Ал ол кісілер сексенге келмей кетті ғой.
Мұхаңдар алпыстан аса бере өтті дүниеден. Сонда бізге үлкен кісі сияқты көрінуші еді. Ол кезде біз жаспыз. Сонда Әуезов өмірінің соңғы екі-үш жылын ғана тыныштықта өткізіпті. 1959 жылға дейін оның артында «слежка» болды. Артынан адам еріп жүретін, жүрген-тұрғаны бақылауда болатын. Оны кім білген?! Сөйткен күндер, сондай замандар да өткен. Уоот!
***
Өнер адамдарын әскер қатарына алған жоқ. Театр маңайлап жүрдік, қойылым ойнадық. Театрдың өзі Қызылорда қаласында қаңтардың он үші күні құрылды. Талай майталмандар сол театрдың сахнасында дәуірледі. Ол уақыттағы театр мықты еді, нағыз театр еді.
Театр деген – актер, сахна актердің күшімен құдіретті болады. Бұл салада өзіндік ерекше сабақтастық бар. Біз жас кезде үлкен кісілер ескерту жасап, біздің әрекеттерімізді ұнатпай жүруші еді. Соны өзім қазір түсініп жүрмін, маған да қазіргі жастардың көпшілігінің әрекеттері ұнамайды. Өнер аяқасты болып кеткен сияқты. Классикалық өнер, классикалық музыка, опералық өнер төмендеп кеткен сияқты. Бұрындары әр елдің мәдениеті операсымен бағаланатын еді, бүгінде бұл үрдіс басқа аңғарға түсті. Солай болуы да заңдылық шығар…
Бүгінгі жастардың бір аяғы театрда, бір аяғы тойда, телевизияда
Біз енді осы өміріміздің алпыс жылын өнер­ге арнадық. Өнердің машақатын да, махаббатын да көріп келеміз. М.Әуезов атындағы театрдың көркемдік жетекшісімін. Бұрын директорлар зауыттарды басқаратын еді, қазір театрды да директор басқарады. Тіпті, сол директор дегенің бізге құтаймайды. Бүгін де бір жігітті директор сайлап келдік.
Айтпағым – уағында театрларды көркем­дік жетекшілер, өнер адамдары басқаратын еді. Станиславский, Гончаров, біздің Мәмбетов… солардың арқасында театрдың қадірі артып, өнер биікке көтерілді. Қазір де жақсы спектакльдер бар, оны бәрі көруі керек. Бір спектакль көру – бір роман оқығанмен бірдей.
Жастар да жоқ емес, сексенге тарта әрті­сіміз, жүзден аса техникалық қызметкеріміз бар. Қынжылтатыны – жастардың бір аяғы театрда, бір аяғы телевизия мен тойда жүре­тіні. Бұл – өнерге адалдық емес.
Менің екі інім болды. Біреуі – үздік, екін­шісі – ортаңқол, ілініп-салынып жүретін студент. Бірақ екіншісі театрға үзбей барады, қойылымдарды үзбей көреді. Кейін біріншісі қатардағы азамат болды да, екіншісі үлкен қызметтердің тізгінін ұстады. Міне, бұл – театрдың берер пайдасы, білімі. Қазір кітап та оқыла қоймайды. Бұрын көркем әдебиет оқушы едік, қазір естеліктерге, деректі кітаптарға көңіліміз ауып тұрады.
Бір қап ақ ұнның ақшасымен Алматыға келдім
Енді бұл өмірдің қиыншылығын да, қызығын да көрдік. Ылғи жақсы бола бергені де жақсы емес. Өмірдің тауқыметін тартпай, оны түсіну әсте мүмкін емес. Сарысу деген жерде туыппыз, өте шет ауданда. Сол жер маған ешқандай Парижге бергісіз жұмақ мекен. Желін де, құмын да, ыстық-суығын да сағынып тұрамыз. Біз көрген дүниеден ештеңе қалмады. Әттең, адам ауа мен желді бұза алмайды, әйтпесе оны да бұзар еді-ау…
…Соғыс жылдары оқыдық. Жоқшылық кез еді. Шешей 22 жасында жалғыз қалыпты. Мен және менің екі қарындасым бар. «Қылша» деген індет болды сол кезде. Ше­шем мені еркек бала ғой деп қолында барын аузыма тосты. Ал екі қарындасты індет жалмады. Бір-ақ күнде, бір-ақ күнде кетіп қалды. Шешей бізді «бала» дейтін, мен үлкен шешемнің қолында өскенмін ғой. Кейін колхоз жұмысынан қашып, бас сауғалап, алыс туыстарды жағалап Кентау деген қалаға келдік. Шешемнің отыздан енді асқан шағы ғой, наубайханада жұмыс істейді. Солай асырап, адам қатарына қосты. Ол кезде айлық деген жоқ, тек жұмысың үшін азық-түлік аласың. Шешей сөйтіп жүріп бір қап ақ ұн жинапты. Ол ұнды Райымбек Сейтметов екеуіміз базарға апарып саттық. Райымбек саудадан ұялады, тілеуімізді табиғат беріп жел тұрды да бетімізді ұн аппақ қылды. Сөй­тіп, ешкім танымайтынына қуанып, саттық тауарды. Соның ақшасын қалтаға басып Алматыға келдік. Міне, бұл – нанның пайдасы, дәмі, қасиеті… дұрыс жолға салды.
Ол уақытта қазақ балалары тек СХИ мен ЗОВ-ты ғана біледі. Райымбек екеуміз соған келдік. Мен сол СХИ-дың агрофагына тапсырдым. Бала көп, бір орынға 12 үміткер. Түсе алатын түріміз жоқ. Сөйтіп жүргенімде «Казправда» мен «Социалистік Қазақстан» газетіне мақала шыға келді. «Консерваторияда актер мамандығы ашылады» деп жазылыпты. Райымбек баяғыдан өнерге құштар еді. Ол газетті құшақтап консерваторияға құлды­раңдады.
Ал консерваторияның жанынан бұл бөлімді ашуда Асқар Тоқпановтың ЦК-ның табалдырығын тоздырғанын кейін білдік. Асекең Райымбекті көріп қуана қарсы алып, бір сағаттың ішінде студент етіп шығарды. Онымен қоймай, жанына староста қылып сайлапты. Содан бірер күн өткен соң:
– Райымбек-ау, өзің оқуға түстің, енді бізге де қарассаңшы, – дедім. Ол кезде ешкім жетісіп жүрген жоқ. Оқуға түсу қиын, түспей қайту одан да қиын. Райымбегім құп алды. Содан өзіміз тұрып жатқан үйге Асекеңді шақыруға қамдандық. Үстел үсті жүдеу: нан, майда-шүйде тәттілер, бір-екі шыны шампан. Асқар Тоқпанов келді, өзі өте бір әңгімешіл кісі. Сол кездерде қырықтан енді асқан уағы екен. Жөн сұрасып отырып:
– Бала, қайда тапсырдың? – деді.
– Агрофакқа. Ол кісі Райымбекке бұрылып:
– Әй, Райымбек, сен ертең мына баланы дайындап алып келші. Көп болса қазақта бір агроном кем болар, – деді.
Бұл сөзден кейін бізде ес қалмады. Райымбек мені шама-шарқынша дайындап жатыр. Білетіні бар екен. Сол түні маған Фадеевтің «Жас гвардия» романындағы Олег Кошевойдың антын жаттатқызды. Даусымды, әрекетімді түзеген болады. Мұғалімнің түрі – Райымбек (күліп).
Ертеңіне ұйықтамағаннан көзіміз қызарып жеттік. Комиссияда төрт адам отыр екен. Оған қарауға шама жоқ, жаттағанымды шала-пұла жеткіздім. Содан шетте отырған бір кісі:
– Бұ бала агрофакқа түскелі жүр екен. Сонда бара берсін, – деді. Екінші біреу бірдеңе деді, үшінші бір соқыр:
– Бала жас қой, үйренеді ғой, – деді.
Сөйтсем, бірінші соқырым – Бекен Жылыс­баев та, екінші соқырым – Ахмет Жұбанов. Екеуі де зағип қой. Сол Ахмет Жұбановтың, Ұлы адамның «бала жас қой, үйренеді ғой» деген сөзімен алдарыңызда отырмын ғой. Уот, тағдыр! Тағдыр осыған айдап келді.
Әкей «ұрпақ қалмады»  деп жылап кетіпті
Менің ұлы атам болған, есім-сойы – Ысқақ пірадар. Аппақ киініп, өте таза жүретін кісі екен. Әкемнің әкесі ғой, менің қазіргі жасыма келіп қайтыс болды. Айтпағым – бір көріпкел «арғы атаңыз ерекше кісі екен, соның аруағы қолдап жүреді екен» дегені. Ал ол көріпкеліңіз мені мүлде танымайды. Сондықтан ол кісіге сендім.
Ойлап отырсам, тағдырым тартысты әрі қауіп-қатері мол екен. Төрт жасымда бір жара шығып, қазіргі тілмен айтсақ, қатерлі ісік болу керек, содан жазылдым. Кездейсоқ жазылыппын. Ол кезде ауылға жайма базар келеді, майда-шүйде дүниелерді сатады. «Айна менен тарақ бар, алмағаның қарап қал» деп айқайлап жүреді. Ол кезде ақша жоқ, астықпен, матамен есептесесің. Сол кезде шешей бір пұт астыққа сынап алыпты. Сол сынапты өлтірмей менің аузыма салып жіберіпті. Не әрі, не бері болсын деген-ау… сол сынап іштен түспей, әлгі жарамен ай­қасқан болу керек. Солай жазылып кеттім.
Бұл ауруды қазақ «жыланкөз» деп атайды. Аузы тесіледі де су ағып тұрады. Жылан тартады, аузы қарақотырланып барып қайта ашылып кетеді. Әкей кетерде «артымда ұрпақ қалмады» деп жылап кетіпті. Қазір ойласам, мені атамның аруағы алып қалғаны рас екен.
Атама «Ысқақ пірәдар» деген атты халық берген. Ол өмірден өз еркімен өткен адам. Оның дәуірінде ауылда орыс жоқ. Кейін Кеңес үкіметі тұсында біздің ауылдан шошқа фермасын ашыпты. Бір күні атам дәрет алуға шыққанда қорада торай жүгіріп жүргенін көріпті. «Е, Алла, мынаны көрсеткенше, ал мені» деп үйге келіп жатыпты да үш күн болар-болмастан жүріп кетіпті.
– Аға, кешегі замандастарыңыз – әде­биет классиктері туралы көрген-білгендеріңізді, естеліктеріңізді айтып берсеңіз…
– Біз көптеген қазақ әдебиеті классиктерімен дәмдес болдық, табақтас болдық, замандас болдық. Мұқағалиды көргенімді айтайын, алдымен. Бұрынғы келіншегім Майра күніне жұмысқа шығарда 1 сом ақша береді, тамаққа да, жол-пұлға да сол қаражат жеткілікті. Ол кезде асханадан 50 тиынға тойып тамақ ішеміз. Кейде бір тиынға «Лениншіл жас» газетін сатып алып, бір тиынға бір стақан шай аламыз. Нан тегін ол кезде. Бір стақан шаймен тегін нанға тойып аламыз. Содан бір күні Майраға:
– Сен маған үш күннің ақшасын бір-ақ берші, – дедім. Үш сом берді. Ол кезде үш соммен ресторанға баруға болады. Көп ақша. Сөйтіп, үйден шығып аялдамаға қарай беттеймін ғой. Мен автобусқа мінетін аялдама сол кездегі Үкімет үйінің жанында. Аял­дама маңында құйылмалы ішімдіктер сататын кішкентай киоскілер бар. Аялдамаға жақындай бергенде алдымнан жарқ етіп Мұқағали шыға келді. Көрді де:
– О, Бекежан, – деп бір шумақ өлең арнады. Өлеңі керемет! А я дурак, сол өлеңді жаттап алмаппын. Ол өлең арнаған соң бірдеңе беру керек. Өлең жүрегімді қозғап жіберсе керек, тұтас үш сомдықты қолына ұстата салдым.
– Мынау көп қой! – деді. Мен «алыңыз» деген ишара жасадым. Содан ол кісі ақталып:
– Мен басымды жазып алғанмын, анау жазбап еді, – деді. Қарасам, анадай жерде үстел басына сүйеніп бір кісі тұр екен.
Солай қоштасып, кешеден қалған тиындарды жол қаражат етіп өз жөніммен кетіп қалдым. Бұл – бірінші кездесуім.
Екінші кездесуім Жазушылар одағының жанындағы «пельменнаяда» болды. Мұқағали үнемі осы жерде жүретін. Менің де жолым түсіп сонда барғанда Мұқаңмен жолықтым. Біраз әңгімелесіп тұрдық. Өзі ірі денелі, шашы бұйра жігіт еді ғой. Жанымызда тұрған жіңішкелеу бір жігіт сөзуарланып, әңгімеге араласа берді. Бір кезде Мұқаң әлгі жігітке қарап:
– Әй, бала, осы үстіңе құлап кетейін бе, – деді. Содан арада жиырма жылдай өткенде торғайлық ақын Қонысбаймен жолықтық. Сол кезде Қонысбай:
– Асеке, есіңізде ме, сол кезде Мұқаң маған солай айтып еді-ау, – деп күледі. Сөйтсем, әлгі жіңішке жігітім осы Қонысбай екен. Міне, бұл екеуміздің бетпе-бет екінші мәрте жолыққанымыз. Қалған уақытта көпшілікте амандасып, жағдай сұрасып жүрдік.
Шәмшінің дарыны  туған кезіне куә болдым
Шәмші Қалдаяқовпен бір үйде жаттық. Ол кезде Тастақ жақта жеке үйде тұратынбыз. Оның дарын-таланты толып-піскен уақытқа куә болдым. Бір күні Шәкең отырғанда құлағына бір дауыс келеді ғой терезенің арғы жағынан, ашса дала тып-тыныш. Қайта жапса сол дауыс. Моцарттың 4 жасында құлағын басып айқайлағаны секілді бұл да Шәмшіге дарынның келген кезі екен.
Ол бізден төрт-бес жас үлкен еді, бірақ құр­дас сияқты аралас-құралас болдық. Шәкең консерваторияға бір кіріп, бір шығып жүріп ақыры бітірмей кетті. Музыка деген оңай емес қой. Бітірмеді дегенмен, ол дәл сол кездерде «Қара көз», «Қайықта» секілді дүйім елдің құлағының құрышын қандырған әндерін жазды. Шәмші Қалдаяқов басқалар сияқты емес, ол – симфония жазатын композитор. Симфония жазатын композиторлар қалған композиторлардан бір бас биік тұ­рады. Ал менің ойымша, оның шығармашылығының шыңы, шарықтау биігі – «Сыған серенадасы». Серенада – бөлек, өзіндік соқпағы бар жанр. Симфониямен деңгейлес емес, бірақ әннен жоғары. Шәмшіге дарынды табиғат берді.
– Кинодан тыс өмірде Төлегенмен – Құман Тастанбековпен қандай қарым-қатынаста болдыңыз?
– Өмірде оны өлтірген жоқпын (күліп). Достасып жүрдік қой. Шеге, Төлеген үшеуміз бір бөлмеде жаттық. Құман бізден оншақты жас кіші. Бізде тәжірибе молдау, көмегімізді беріп, қарайласып жүрдік. Кейде көрер­мендер:
– Төлегенді неге өлтірдіңіз, – деп сұрайды. Мен іштей күліп:
– Өлтіру керек болды, өлтірдім, – деп жауап беремін.
Мына «Қыз Жібек» киносының ауыл­дарға енді жетіп жатқан уақыты болса керек. Ол кезеңде ауылдардың барлығында клубтар болады. Сол жерде райком хатшысы, ауыл тұрғындары кино тамашалап отырады ғой. Менің асырап алған шешем – Алтынкүл деген кісі де бар арасында. Ол кезде киноның не екенін ешкім жете түсіне бермейді. Оның үстіне экран алдында отырғандардың көп­шілігі – жағалбайлылар.
Кино басталды. Қым-қуыт оқиғаларға таңқалысқан көрермендер сілтідей тынып отыр. Бір уақытта менің Төлегенді атып жіберген тұсыма келгенде бір кемпір:
– Төбең ойылғыр, көгергір, – деп еді, оған ауылдың барлық кемпір-шалы қосыла кетті. Сол кезде біздің шешей атып тұрып:
– Өздеріңе көрінсін, – деп жатыр. Сол арада айғай-шу басталды да кетті. Экранның арғы жағынан жағалбайлы жігіттері менің Асқаралы деген немере ағама:
– Асқаралы, жекпе-жек! – деп айқайлап тұр. Содан не керек, райком басшылары араласып жүріп, дауды әрең тоқтаттық. Ал кино біздің ауылда айға жуық уақыт қойылды. Ауыл халқы аңғал келеді ғой, кешке киноға бара жатып:
– Әй, бүгін Төлегенді өлтірмейтін шығар, – дегенді айтады. Біз күлкіге қарқ боламыз. Қазақтың мінезі, көңіл-пейілі ғой – бұл.
Бір күні Алматыда бір жігіт саяжайға шақырды. Тоқсаннан асқан шешесі бар екен. Жасы ұлғайса да ширақ көрінді. Бәрімізді жылы қабылдады. Тек мені көргенде сілейіп тұрып қалды. Кейін естуім бойынша, баласын сыртқа шығарып алып:
– Мына жексұрынды қайдан тауып алғансың, – дейтін көрінеді. Онысын мен естіген жоқпын ғой. Шай іштік, әңгімелестік, күлдік дегендей. Біраз уақыттан кейін бетіме ұзақ қараған әлгі апамыз:
– Әй, дегенмен өзің красивый екенсің, – дейді. Міне, жағымсыз кейіпкерді ойнағаннан кейін артынан осындай қызықтарға тап бо­ласың. Қазір халық та біледі ғой, аңғал қауымды да сағынады екенсің…
– Қазір заман дамыды, кез-келген салада мүмкіндік көп. Соған қарамастан бүгінгі қазақ киносының ахуалы өткен дәуірдегі қазақ кинематографиясы туын­дыларының қолына су құюға жарамайтын секілді. Бұған не дейсіз?
– Бұл – бүгінгі қазақ киносының дерті, күн тәртібінде тұрған негізгі мәселесі. Оның шешімін мен ғана емес, осы салада жүргендердің бәрі біледі, не істемейді, не істегісі келмейді. Өздеріңіз білесіздер, қазақ телеарналарын жаулап алған сериалдардың басым бөлігі – түрік сериалдары. Олар өз саласында кәсіби жұмыс істеп, тоқтаусыз ізденген. Соның арқасында осы дәрежеге жетіп отыр. Ал біздің сериалдар қалай? Біздің режиссерлер, продюсерлер актерлерді көшеден алып келеді. Рөлді, кейіпкерді беріліп сомдау жоқ, тек сценарийдегі сөзді жаттап алып, қалай болса солай айтып шығады. Демек, бұлардың туындылары – далбаса, көзбояушылық. Тіпті, телевизиялық туындылар – өнер емес. Теледидардан жаңалық тыңдауға болады, түрлі хабарлар көруге болады.
Тағы бір айтатыны – мен, мысалы, «Қыз Жібекті» теледидардан көре алмаймын. Теп-тегіс экраннан суретшінің, оператордың тапқан шедеврлері жоғалып кетеді. Сұрқай бірдеңе ғана қалады. Біздің кинематографиялық жәдігерлеріміздің көпшілігі Мәскеуде сақталған. «Қыз Жібек» түсірілгеннен кейін араға отыз жыл салып соның екі данасын сатып алдым. Экраннан қайта қойған кезде үш сағаттың қалай өтіп кеткенін байқамай қалыппын. Әр нәрсе өз дәуірінің әрімен көрерменге тамаша беріледі әрі әсері мол болады.
– «Сіз кімсіз, Ка мырза?» фильміндегі рө­ліңізді сомдау қаншалықты қиын болды? Бұл фильмнің идеясы қайдан шыққан?
– Енді бұл фильм баяғы «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі» киноларының жалғасы іспетті ғой. Біздің барлаушылардың көбі шет елде қалып қойды. Олардың тағдыры ешкімді алаңдатқан жоқ. Елге қайту құқығы ол кісілерде болмады. Әлгі кейіпкер – сондайлардың бірі ғой. Тек кейін Ішкі істер министрлігі араласып, елге қайтуға әрекет қылады. Сол кез баяндалады фильмде. Түсірілім Тайландта болды, елде болды. Бізге оны сомдап шығу оңайға соққан жоқ. Дегенмен, жүрекке жақын, көзге таныс сценарий ғой…
Біз жақында «Аруақ» деген фильмді түсіріп, дайындап қойдық.«Сіз кімсіз, Ка мырза?» картинасының жалғасы десек те болады. Өйткені, әлгі елге келген жасы сексенге таяған қарт тағдыры баяндалады. Ол шет елді, әлемді толық шарлаған, бірнеше тіл біледі, көргені көп адам еді. Елге келіп, Алматыдан төрт бөлмелі пәтер алып өмір сүру оған қызықсыз. Сондықтан кейіпкер далаға кетіп, сонда өз күшімен үй салады, қасқырдың бөлтірігін, жетім баланы асырайды. Су жүргізіп, электр тогын тартады, егін салады…
Енді жақында осы фильмнің премьерасы болуы керек. Менің туған күніме қарай шығарамыз деп отырған. Амандық болса, оны да көріп қаларсыздар.
– Кинода сомдаған рөлдеріңізді кейін қарап отырып «әттеген-ай» дейтін кездер болады ма?
– На каждом шагу! Бұлай болмаса актер жетілмейді. Ешқашан толдым, кемеріме жеттім деген ойға келуге болмайды. Театр бөлек, кино бөлек. Театрдағы әрекетің толық эмоцияның жетегінде, ол жерде өзіңді ұмытып, кейіпкердің образына кіресің. Ал кинода қайталап түсіруге мүмкіндік бар. «Қап, былай еткенімде ғой» дейтін сәттер әрбір рөлімде болып тұрады. Меніңше, кинода таспаланып кеткен сәтті саналы түрде өзгертпеген абзал. Ол образдың ашылуына мүмкіндік береді. Дегенмен, мүлде ақылға сыймайтын, ұлттық мүдделерге қайшы келетін әрекеттерге баруға болмайды. Ондай қателіктер – киноның, өнердің жауы.
Қазір кинода да, театрда да жасандылық көп. Кейбіреулер елдің, ауылдың үстінен мысқылдап, сонысын өнер санап жүр. Ал мультфильмдерде байдың образын суреттеуді мен масқара деп есептеймін. Қарынын қампитып, түрін ұсқынсыз, өзін ақымақ етіп көрсету – тарихты сыйламау. Өнердің қазіргі ахуалына көңілім толмайды. Өзгеруі тиіс дүниелер өте көп. Бұл өзі дәстүрлі нәрсе. Кейінгі буынға көңілі толғандар аз ғой…
Біз қазір нағыз театр әртісіміз. Бұлай айта аламыз. Театр сахнасындағы актер – король. Өнер тілінде «бұлшықеттердің еркіндігі» деген термин бар. Санаң да, денең де еркін болуы тиіс. Сол кезде ғана өзіңді ұмытып, кейіпкер образын толық аша аласың.
Серке Қожамқұлов деген ағамыз болды. «Еңлік – Кебектегі» Еспембет рөлін қырық жыл ойнаған. Мен Кебекті ойнайтынмын. Талай Кебек өтті ғой, соның бірі – мен. Бір күні сахна артында Серке ағамыз таяғын тықылдатып, көңілі алаң болып тұрғанын байқап қалдым. Ойын аяқталған соң ағама барып:
– Сераға, рөлді сомдар алдында қобалжисыз ба? – деп сұрадым. Сонда ол кісі:
– Е, шырағым, қобалжымай қайтейін, көрермен өзгерді ғой, – деді. Расында, көрермен өзгеріп отырады ғой. Артынша сөзін толықтырып:
– Шыққанша қобалжимын. Шыққан соң ерік өзімде. Отырғым келсе отырамын, жүремін, жанымнан сөз қосамын, – деді.
Үлкен шеберлер сахнада өзін еркін ұстап, сахнаға иелік етеді. Көрерменді баурап ала­ды. Бұл – өнердегі шеберліктің шырқау шыңы. Өнер – құдірет. Құдіретке табыну керек…
– Актерлер ішінде Жазушылар ода­ғы­ның мүшесі болғандары аз. Сіздің қала­мыңыздан туған шығармаларды оқырман қауым жақсы қабылдады. Сол кітаптарыңыз туралы бірер сөз айтсаңыз…
– Мен ол жағынан да мақтана аламын. Әлемде жеті том кітап жазған актер жоқ. Ал менде жеті томдық бар. Одаққа мүше болдық, бірақ мен роман жазбаймын. Менің жанрым – күнделік. «Майраның әні» және «Жан бөлек» деген екі кітабым бар. Жанрын өзім күнделік дегеніммен, роман деген адам ұяла қоймас. Біріншісі – бұрынғы әйелім Майраға арналған, екіншісі – балаларыма арналған еңбек.
Менің жалпы кітаптарымның ұзын-саны – он том. Бір кітабым Мәскеуде орыс тілінде басылып шықты. Міне, біздің бітірген ісіміз – осы. Сол кітаптарымның әрбірінен бір-бір данасын сіздерге әкеліп отырмын. Сақтауға! Аманат!
– Аға, бізге келіп, қонақ болғаныңызға, ке­ремет әңгімелеріңізбен ерекше көңіл-күй сыйлағаныңызға ұжым атынан алғыс білдіреміз! «Асыл сөз» сұхбат-жобасының дәстүрі бойынша келген қонақтарымыз, қазақтың марғасқа ұлдары елге, ұжымға, жастарға бата береді. Өзіңізден де бата, асыл сөз сұрағалы отырмыз…
– Иллаһи, аумин! Баршаңызға бақ-береке дарып, аман жүргейсіздер! Бүгін сіздердің орталарыңызға келіп, халықпен біраз жұмыс істедік. Бұл – маған үлкен берекет, қуаныш. Осылай бір-бірімізді қуантып, тек жақсы күндері жүздесіп жүре берейік!
– Бүгінгі сұхбатымыз соңына таяды. Сізге тағы бір мәрте алғыс білдіре отырып, мынау Абай атамыздың 175 жылдық мерейтойына орай данышпанның бюстін сыйға тартқалы отырмыз. Сонымен қатар, «SmartQalamger» жобасы аясында авторлық сайтыңызды жасап, ішіне барлық еңбектеріңізді енгіздік. Бұған қоса, өзіңіздің суреттеріңіз бейнеленген күнтізбені де сый ретінде қабыл алыңыз. «Алаштың Асанәлісі» алқалаған жұртының арасында аман жүрсін деп тілек білдіреміз! Рахмет!
– Мың жасаңдар! Рахмет!
Fotogalereya
Qûrmetti, Siz saitta tirkelmegensiz. Tirkeuden ötudi ûsynamyz зарегистрироваться либо зайти на сайт под своим именем.

0 pikirler

Ваше имя: *
Ваш e-mail: *
Код: Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Введите код: