Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директорының орынбасары, белгілі ақын Маралтай Райымбекұлы «Qazaqstan» Ұлттық арнасындағы «Таңшолпан» бағдарламасында тікелей эфирде қонақ болды.
Маралтай Райымбекұлы бағдарлама барысында Кітап палатасының қазіргі ахуалы мен жобалары туралы баяндады.
«Біз бірқатар көлемді жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Мысалы, «Үздік балалар шығармасы» байқауы, «Балалар әдебиетінің Алтын қорын» құру жобасы, «Асыл сөз» сұхбат жобасы, тағысын тағы. Мақсат-мүддеміз айқын – қазақ руханиятының, қазақ әдебиетінің дамуына кішкене де болса үлес қосу, көпшілікке үн қату. Сонымен қатар Кітап палатасының жұмыстарын қарқынды дамыту бойынша қыруар іс атқарылуда. Баспасөз мұрағатындағы жәдігерлерді жарыққа шығару, оларды цифрландыру негізінде жұмыс істеп жатырмыз», - деді ол.
Маралтай Райымбекұлы жобалар туралы, олардың маңызы туралы сөз ете отырып, алдағы жоспарлар туралы да айтып өтті.
«Алдағы уақытта Кітап палатасына «Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді сатып алу, басып шығару және тарату» бағдарламасына енетін еңбектерді іріктеу міндеті жүктеліп отыр. Біз қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Бұдан бөлек, біздің қазіргі ең басты мақсатымыз – мұрағаттағы жәдігерлерді насихаттау және оларды цифрландыру», - деді Маралтай Райымбекұлы.
Журналистің «ғимарат нашар деп едіңіз, қазіргі жай-күйі қалай» деген сұрағына берген ақын жауабы мынандай болды:
«Біз алғаш жұмысқа келгенде күрделі жөндеу жұмыстары енді басталған уақыт еді. Қазір Кітап палатасының ғимаратына бас сұқсаңыз, өзіңіз таңдай қағасыз деп ойлаймын. Басшымыз Әділ Қаженбайұлының бастамасымен қызметкерлерге де, келімді-кетімді кісілерге де жайлылық сыйлайтындай жұмыс орынын жасақтадық. Атқарар шаруамыз көп, бұл басы ғана деп білемін».
Директордың бірінші орынбасары ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов Кітап палатасына бас сұққанда да, мекеме басшысы министр Ақтоты Райымқұловаға барғанда да мұрағат қорын цифрландыру мәселесі көтерілгенін, жоғары басшылық бұл мәселені жақын арада шешуге көмек беретіні туралы уәде еткенін де атап өтті.
Ақын таңғы хабардағы сұхбатты өлеңмен қорытындылады. Көпшілік Кітап палатасы жайында біраз мағлұмат алды деген сенімдеміз.