ҚР Ұлттық мемлекеттік
Кітап палатасының директорының орынбасары,
ақын
Маралтай Райымбекұлы
- Кітап палатасын кітапханамен, мұрағатпен шатастырып жататындар көп. Әңгімемізді мекеменің функциясы жайлы сұрақтан бастағымыз келіп отыр. Кітап палатасы қандай міндеттерді атқарады?
- Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының тарихы әріде. Биыл 83 жылдығын атап өттік. Қазақ жерінде Кеңес үкіметі орнай бастаған уақытта жарық көрген басылымдардың міндетті даналары да біздің сирек қорымызда сақтаулы тұр. Жалпы, мұндай мекемелер әлемнің біраз елінде бар. ТМД елдерінің бәрінде жұмыс істеп тұр десек, артық айтпаған болар едік. Тарихына көз жүгіртсек, Тахауи Ахтанов, Софы Сматаев, Әлібек Асқар сияқты қарымды қаламгерлер тізгін ұстаған.
Қазір Кітап палатасының «Баспасөз мұрағаты» бөлімінде 5 миллионға жуықтайтын баспа өнімдерінің міндетті даналары сақталып тұр. Ізденбек, зерттемек мұраттағы кісі үшін, тарих үшін, болашақ үшін бұл – бағасыз құндылық.
Кітап палатасы бүгінде қарқынды дамып келеді. Жұмысты электронды форматқа көшіру, мұрағатты цифрландыру бойынша жобалар жасап, қадір-қалімізше жүзеге асыру үстіндеміз.
Нақты функциясы – қазақстандық баспалардан жарық көрген дүниелердің (кітап, газет-журнал, жинақ, ән ноталары, карталар, брошюралар) міндетті даналарын жинақтап, жүйелеп отырамыз. Жинақталатын қордың статистикасымен айналысатын арнайы бөлім, қазақ және орыс тілінде мемлекеттік библиография бөлімдері, мұрағат бөлімі бар. Кітаптың халықаралық стандартты нөмірін (ISBN), жалғасымды басылымдардың стандартты нөмірін (ISSN) беру ісі де біздің құзырымызда. Бұл міндетті арнайы бөлім атқарып отыр. Одан бөлек ішкі жұмыстарды атқаратын, әрбір мекемеде қарастырылған бөлімдер бар. Бүгінде ұжымда елуге жуық қызметкер жұмыс істейді.
- Алдағы уақытта қандай тың жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр?
- Қазақстан Республикасының «Мәдениет туралы» заңына сәйкес, Кітап палатасының міндетіндегі жұмыстар бар. Соларды атқарып келеміз. Бұдан бөлек, өздеріңізге белгілі, «Асыл сөз» сұхбат жобасын жүргізуді қолға алдық. Әбдіжәмил Нұрпейісов, Қабдеш Жұмаділов, Бексұлтан Нұржекеұлы, Асанәлі Әшімов сынды алыптар жобада қонақ болды. Олардың ғибратты әңгімесі «Алматы ақшамы» газетінің айқара бетіне жарияланып келеді. Жаһанды шарпыған жаман індеттің салдарынан жобамыз әзірге тоқтаңқырап тұр. Бірақ біз жобаны әрі қарай жалғастырамыз. Оған өздеріңіз алдағы уақытта куә бола жатарсыздар.
Ең үлкен бастамамыздың бірі – «Үздік балалар шығармасы» байқауын ұйымдастыру. Бүгінде байқау бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, қаламгерлер өз шығармаларын додаға қосып жатыр. Карантин кезінде қаламына еселенген қуат біткен шығармашылық өкілдерін қолдау, бәсекелестік қалыптастыру мақсатында ұйымдастырған бәйгеміз өз деңгейінде өтуде. Айта кету керек, әдеби байқауды Қазақстан Жазушылар Одағымен біріге отырып жүзеге асырып отырмыз.
Екіншісі – «Балалар әдебиетінің Алтын қорын» құру. Кітап палатасының «Баспасөз мұрағатындағы» миллиондаған шығармалар ішінен балалар әдебиеті бойынша маңызды шығармалардан дербес қор құру – мәдениет және өнер саласындағы атқамінерлер көптен көтеріп жүрген мәселе. «Балалар әдебиетінің Алтын қорын» құру үшін бірқатар тәжірибелі шығармашылық өкілдерінен, кітап индустриясындағы мамандардан тұратын сарапшы комиссия ұйымдастырылды. Қазір сарапшы комиссия мүшелері алғашқы лекпен қорға енетін еңбектердің тізімін жасау үстінде. Алдағы уақытта «Алтын қорға» енген шығармалар Кітап палатасының ресми сайтындағы арнайы айдарда жарияланады.
- Қаламгерлерге қолдау көрсетіп келесіздер. Мекеменің функциясына кірмейтін жобаларды жүзеге асырудағы мақсат қандай?
- Біріншіден, «функциясына кірмейді» деп айту қиындау. Кітап палатасы – мәдениет және өнер, кітап басу ісі сияқты сабақтас салалармен тонның ішкі бауындай қарым-қатынас жасайтын мекеме. Қазақ руханиятына қызмет етіп келе жатқан қаламгерлер қауымын қолдаудың әбестігі де, артықтығы да жоқ деп ойлаймын.
«Асыл сөзден» бөлек бірнеше бірегей жобаға мұрындық болып келе жатқан білікті басшы – Кітап палатасының директоры Әділ Қаженбайұлының бастамасымен Қазақстан Жазушылар Одағына мүше 800-ден астам жазушыға жеке веб-сайт құрастырып, шығармаларын топтастырып бердік. «Smart Qalamger» деп аталатын бұл жоба аясындағы қыруар жұмыс үшін ақын-жазушылардан, мәдениет және өнер қайраткерлерінен ақы сұралған жоқ. Меніңше, бұл – елеулі еңбек.
Нұр-Сұлтан қаласында өткен Азия қаламгерлерінің І форумының ұйымдастырылуына да Кітап палатасы күш салды.
- Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді сатып алу, басып шығару және тарату» бағдарламасына енетін кітаптарды іріктеу міндеті сіздерге жүктеліпті. Дайындық қалай жүріп жатыр?
- Бұл шешім Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың тікелей күш салуымен «Мәдениет туралы» заңға енген өзгерістерден кейін қабылданды.
Ендігі жылдан бастап Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы осындай міндетті атқара отырып, аталмыш бағдарламаға енетін шығармаларды іріктеудің жаңа әдісін, тың тәсілін қолданысқа енгізбек.
Мемлекет басшысының «ашықтық» барлық мемлекеттік мекемелердің бірінші ұстанымы болу қажеттігі туралы сөзінен кейін бұл бағдарламаға енетін шығармаларды да қоғам назарында іріктеуді қолға аламыз. Бүгінде бұл жұмыстардың негізгі механизмі дайындалып, ұжым ішінде талқыланып, жетілдірілу үстінде.
- Бес миллионға жуық мұрағат дүниесі бар деп айтып қалдыңыз. Осынша көлемдегі құнды дүниелерді сақтау, цифрландыру ісі қалай жүріп жатыр?
- Баспа өнімдерін мұрағатта сақтаудың қалыптасқан қағидалары, халықаралық стандарттары бар. Шама-шарқымызша құнды мұраның ұзақ сақталуына жағдай жасауға тырысып келеміз.
Ал цифрландыру мәселесі жақын аралықта шешіледі деп күтіп отырмыз. Қызмет көрсету, деректер базасын жинақтау ісі толық электронды форматта жүргізіледі. Мұрағаттағы жауһар жәдігерді цифрландыру үшін қымбат құрылғылар қажет. Министрлік бұл мәселені шешуге уәде етті. Межелі уақыт ішінде орындалатынына сеніміміз мол. Бүгінде осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр.
- Біздегі сұрақтар легі осымен тәмәм. Келелі әңгімеңізге алғыс білдіре отырып, тарих пен болашақ арасындағы ауыр аманатты арқалаған қызметтеріңізге сәттілік тілейміз!
- Рахмет!
Әңгімелескен: Әділет МӘДЕНИЕТ
Сұхбат "Алматы ақшамы" қоғамдық-саяси қалалық газетінің №121 санында жарияланды.