Qaz | Rýs | Engl
Алматы C

Soñğy jañalyqtar

10:32
Тұңғыш Президент күні
09:21
«Балалар әдебиеті – ұлт болашағы» тақырыбында конференция өтті
12:48
Әнес САРАЙ, жазушы-драматург: ШЫҒАРМАНЫ ҚЫЗЫҚТЫРЫП ОҚЫТУДЫҢ ТЕХНОЛОГИЯСЫН ӘЛІ МЕҢГЕРГЕН ЖОҚПЫЗ
elskluziv
10:26
Қоңыр Мұқатайқызы 70 жаста
15:48
МЫРЗАТАЙ ЖОЛДАСБЕКОВ: ӘУЕЗОВКЕ ҮШ ЖЫЛ ШӘКІРТ БОЛДЫМ
elskluziv
23:51
«Асыл сөздің» бүгінгі қонағы – жазушы Сәбит Досанов
elskluziv
11:49
Жас ақын, жазушылар қолдауға зәру
10:37
15 қазан – Кітапханашылар күні
15:18
«Асыл сөз» сұхбат жобасының бүгінгі қонағы – Мырзатай Жолдасбеков
15:22
Кітап саласын дамыту – күн тәртібіндегі міндет
elskluziv
10:22
Байқау уақыты ұзартылды
09:56
Маралтай Райымбекұлы «Таңшолпанда» қонақта
17:09
Ассоциацияға жаңа Президент сайланды
12:54
Кітап палатасына «Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді» іріктеу міндеті жүктелді
08:35
Асанәлі ӘШІМОВ: Қазіргі актерлер күндіз той басқарып, кешке «Абайды» ойнайды
elskluziv
11:56
Ақтоты Райымқұлова Кітап палатасының директорын қабылдады
19:52
Әділбек Қаба Кітап палатасының ұжымымен кездесті
22:13
Абайдың отыз бірінші қара сөзі
20:41
Тіл саясаты комитетінің төрағасы тағайындалды
16:17
Мемлекет басшысы Мәдениет және спорт министрін қабылдады
22:12
Абайдың отызыншы қара сөзі
18:08
Конституция күні – Тәуелсіз Қазақстанның ең ұлық мерекесі
09:55
Конституция – халық қазынасы
22:05
Абайдың жиырма тоғызыншы қара сөзі
10:12
Байқау! Байқау! Байқау!
08:43
Абай күні – қадірлі мереке
22:02
Абайдың жиырма сегізінші қара сөзі
10:35
ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасына – 83 жыл
14:41
13-шілде – Жалпыұлттық аза тұту күні
22:00
Абайдың жиырма жетінші қара сөзі
20:03
Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ: ҚАЗАҚ ӨЗ БИІГІНЕ ҚАЙТА ШЫҒУЫ КЕРЕК
20:30
Ақтоты Рахметоллақызы халық алдында есеп берді: қандай жоспарлар жүзеге асты?
14:52
Абайдың жиырма алтыншы қара сөзі
12:03
ҚР «Мемлекеттік рәміздерінің күні»
11:26
«Мемлекеттік рәміздер күні» – құрметті мереке
14:49
Абайдың жиырма бесінші қара сөзі
11:18
Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ: "ТАРИХТЫ ТҮЗЕМЕЙ ӘДЕБИЕТТЕ АҚИҚАТҚА ҚОЛ ЖЕТКІЗУ ҚИЫН"
Kop jañalyqtar
» » МЫРЗАТАЙ ЖОЛДАСБЕКОВ: ӘУЕЗОВКЕ ҮШ ЖЫЛ ШӘКІРТ БОЛДЫМ

МЫРЗАТАЙ ЖОЛДАСБЕКОВ: ӘУЕЗОВКЕ ҮШ ЖЫЛ ШӘКІРТ БОЛДЫМ

Жаңалықтар
307
0
Қазақстан Республикасы Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының «Асыл сөз» сұхбат жобасы жалғасын тапты. Коронавирус пандемиясына байланысты кезекті қонағымызбен онлайн кездесу ұйымдастырдық. Сұхбат кейіпкері – Мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, академик, Филология ғылымдарының докторы Мырзатай Жолдасбекұлы Жолдасбеков. Кездесу тізгінін әдеттегідей мекеме директоры Әділ Қаженбайұлы ұстады.
***
- Мырзатай аға, мына Жамбыл облысында Сарысу мен Талас аудандарының шекарасында кішкентай бір ауыл бар. Ел оны «Мырзатай ауылы» деп атап кеткен. Ауыл жаққа, ел жаққа қаншалықты жиі барып тұрасыз?
- Біріншіден, мені шақырып, осындай қиын шақта әңгімелесуге ниет танытқандарың үшін Кітап палатасының барша қызметкерлеріне, басшыларына алғысымды айтамын. 
Мен шынында Жамбыл облысының Сарысу мен Талас ауданының шекарасында туған адаммын. Сондықтан екі аудан да маған жақын. Сарысудан біздің ауылға өнер адамдары өте көп келіп тұратын. Біз де Сарысу сияқты Қаратау етегінде отырамыз. Оның жалғасын Қоңыртөбе дейді. Қоңыртөбе – біздің ауылдың иығында тұрған төбе. Өзі бір амфитеатр сияқты болатын, етегіне күйшілер мен өнерпаздар келіп елді мәре-сәре қылатын. 
Илья Жақанов екеуміз Қаратауда бірге мектеп бітірдік. Илья маған: 
- Сенің ауылың филармония сияқты еді ғой, - дейтін. Расында солай болатын. Алақандай ғана ауылдан өнер адамдар көп шықты. Өзім таң қаламын. 
Әсіресе, ешқандай маманы жоқ ауылдың кішкентай бойжеткенінен бастап шаңқобыз тартатын. Ауыл жұрты кешкілік мал жайғап бола салысымен бір үйге жиналады. Соғыс кезі ғой. Бірі тартып келе жатып қалт тоқтайды да екіншісі оны іліп алып жүре береді. Сол шаңқобыздан шыққан дауыс сай-сүйегімізді сырқырататын. Мен әлі күнге дейін шаңқобызды солай тартатын адам көре алмай жүрмін. Біраз бұрын қырғыз жігіт келіп шаңқобыз тартты, сол кезде ғана ескі дауыс құлағыма еміс-еміс естілгендей болды. 
Бұл аспапты бүгінгі балаларға үйретуіміз керек. Әлгі қырғыз жігітті шақыртып осыны қолға алсақ па деймін. Әсілі, шаңқобыз – қыздар ұстайтын аспап. Бұл – менің өз ойым ғой. Қазір жігіттер де тарта береді. 
Сол ауылда қиссашылар, дастаншылар, эпос айтатын кісілер болды. Кішкентай сандығының кілтін ешкімге бермейтін Елемес дейтін ағамыз өтті. Ол кезде театр, кинотеатр жоқ екені белгілі. Ел Елеместің үйіне жиналады. Өзі екпетінен көпшік қолтықтап жатады да шетінен қисса оқитын. Сонда жиналған жұрт «Шіркін-ай», «Ой, дүние-ай» деп тамсанысып отыратын. 
Ана Майкөт жырлаған «Алпамыстың» бір нұсқасы бар. Жарықтық Майкөт ақын төгілдіріп жазады ғой. Бір балаға зар болып жүрген Аналық пен Байбөрі туралы тұсына келгенде жұрт жылап қоя беруші еді. 
Мен оқыған ауылда бастауыш мектеп болды. Аты бар демесең, мектеп деу қиын. Өзіміздің бір ағамыз сабақ берді. Жарымжан кісі еді жарықтық. Қайбір сабақ берді дейсің?! Өзі мектептің ішінде тұрады, анда-санда шешесі келіп: 
- Тыныш отырыңдар! Қыздарбек демалып, шай ішіп отыр, - деп кететін. Ағайымыз ұлдар жағынан мені, қыздар жағынан тағы бірін класском етіп сайлайтын да, тәртіпті бізден талап ететін. Кейде дауысымыз шығыңқырап кетсе есікті ашып: 
- Шулап кеттіңдер ғой, түге! Мартан сені қамаймын, - деуші еді. 
Класымызда Мартан деген қыз болды, әкесі Әйтпембет дейтін сұмдық күйші еді. Содан сабақ біткенде қойды ағытқандай есіктен бәрімізді шығарады да, Мартанды алып қалады. Мартанымыз: 
- Ойбай, тағы да қамалып қалдым. Апама сәлем айтыңдар, мен қамалдым, - дейді. Терезені тырнап, тыпырлап тұрады. Біз улап-шулап Мартанның шешесіне келеміз: 
- Апа, Мартан қамалып қалды, - дейміз. Ол: 
- Қараң қалғыр, қамалып қалғаны несі-ей! Қу ақсақ, мен сенің түбіңе жетейін, - деп сүріне-қабына жүріп қорадағы айырды иығына салып мектепке қарай асығады. Бәріміз Мартанның шешесіне еріп қайта мектепке келеміз. Иығына айыр асқан апамызды көргенде мұғалімнің өзі бір жаққа, қызы бір жаққа қашатын еді. 
Мен қазір таң қаламын. Оқитын кітап, жазатын қалам-дәптер болмады. Мұғалімнің сиқын айттым. Біз сонда қалай адам болдық? Қалай оқыдық?
Мен алтыншы кластан бастап интернатқа келдім. Көзім сол кезде ашылды. Бірақ біздің ауыл жұрты шетінен өнерпаз еді-ау. Жаңағы «қамалып қала беретін» қыздың әкесі – Әйтпембет деген кісі болды. Сұмдық күйші. Сосын көрші Сарысудан Шәмшілдә деген кісі көшіп келді. Аудандық атқару комитетінің төрағасы болған кісі. Не себеппен көшіп келгенін білмеймін әлі күнге дейін. Содан кейін Қалыбектің Зиябегі деген кісі болды. Өзі жездеміз болып келеді. Осылар қатар отырып күй тартқан кезде жер теңселетін.
Әлгі Шәмшілдәға көрші Созақтан Сүгір келіп тұратын. Сүгір – орта бойлы, кішкентай, бір жапырақ кісі. Ши барқыттан тіккен китель, қырғыз қалпағы сияқты ақ қалпақ киіп жүретін. Атпен келе жатқанынан ел «Сүгір келді» деп Қоңыртөбе етегіне жиналады. Ешқандай төсеніш, текемет, киіз жоқ, көк шөпке отырыса кетеді. Менің есімде Сүгірдің үш рет келісі қалыпты. Бір келгенінде: 
- Енді күйді Әйтекең тартсын, - деді. Жер хабар бермесін, Әйтпембет деген кісінің мінезі қырсықтау еді. Өзі жеке қой бағады. Домбырасын алып келген екен, ол да отыра қалып күй тартты. Сүгірдің өзі Әйтекеңнің күй тартысына таң қалды. Төрге Сүгір өзі шықпай, Әйтпембетті шығарып отырушы еді. Бұл – құрмет көрсеткені. 
Шәмшілдә да өз алдына сұмдық күйші болды. Ол – атақты Боранқұл күйшінің нағашысы, әрі ұстазы. Боранқұл да біздің ауылға келіп тұрушы еді. Біз жақтан қыз алып, «күшік күйеу» болып біраз тұрып қалды. Сонда олар қатар отырып күй тартқанда оркестр сияқты кейіпке енетін. 
Құдай-ай, сол Шәмшілдә, Әйтпембет, Қалыбектің Зиябегі сияқты күйшілерден бір күй қалмады-ау. Мен «Асыл арналар» деген кітабымда Зиябекті жар салып іздедім. Әкесі Қалыбек те атақты ақын еді. Әттең, одан да ештеңе шықпады. 
Ауылдағы жеңгелеріміз де шетінен ақын еді. Жібек дейтін жеңгеміз болды, өлеңді төгіп жіберетін. Іңкәшәй дейтін жеңгеміз болды. Рысбек деген ағамыз алып келді, ертеңіне шымылдығы желбіреп қалып қойды. Рысбекті көрші ауыл жігіттерімен бірге соғысқа алып кетіпті. Ол кезде студент едім, каникулға келгенде естідім. Ауыл қариялары жеңгемді шақырып: 
- Қарағым, Іңкәшәй енді Рысбектен хабар жоқ, сен жассың. Басыңа бостандық бергелі отырмыз, - десе жеңгеміз: 
- Ойбай-ау, Рысбек кеп қалса мен не бетімді айтамын, - депті бетін шымшып. Сол жеңгеміз отырған жерінен тырп етпей 103 жасқа келіп дүние салды. Елдің басы қосылатын жердің бірі – жорабоза. Сондай жорабозаның бірінде отырған жеңгеміз: 
Айырплан аспанда, 
Айналып дәрі шашқанда, 
Аман да болсаң келерсің 
Германды Совет басқанда. 
Рысбек-ау! – деп аспанға қарапты. Махорканы газетке орап отырып тартатын. Жұтқанда түтінін ұзақ ұстап барып жіберуші еді. Жауға қатты өш болды. Біз оны айналшықтап «жеңешелеп» жүруші едік. Сондай адамдар болды, не деген адалдық, не деген кісілік?! Бір түнеп шыққан жары Рысбекті өмірінің соңына дейін күтті. 
Бұл ауылдың аты – Ақтөбе. Мен жетпіске келгенде-ау деймін шамасы, бір інілеріміз аудан шешімін, облыс шешімін алып жолдың жиегіне «Мырзатай ауылы» деп тақтайшаға жазып қойыпты. Мен оны көрген соң інілерімді шақырып: 
- Айналайындар, бұл ауыл «Мырзатай ауылы» емес. Менен де бұрын талай игілер, жақсылар өтті. Бұл жер менің жалаңаяқ қар кешіп өскен жерім ғой. Алып тастаңдар, ыңғайсыз болады, - дедім. 
Қай жылы жұрттың бәрі мешіт салдырып жатқаннан кейін мен де сол ауылымда мешіт салдырдым. Көпшілік: 
- Ең болмаса атаңыздың атымен мешітті атайық, - деді. Мен: 
- Жоқ, Ақтөбе бәрімізге ортақ. Мешіттің аты Ақтөбе болсын, - дедім. Ауылым жайлы ұзын әңгіменің қысқасы – осы. 
- Кенен Әзірбаев «Мырзатайға» деп арнайы өлең арнап, сізді іздеген екен. Осындай алыптармен жүздесу жайында, сыйласқан, аға тұтқан кісілеріңіз жайында әңгіме тарқатсақ?
- Кенен Әзірбаевпен мен 11 жыл араластым, туған баласындай, туған інісіндей, кейде құрдасындай болдық. Әзіліміз де жарасушы еді. Кейде арқасы қозғанда: 
- Сен Майкөттің ұрпағысың ғой, - деп айтысқысы келіп отырушы еді. Ой жетегіне түссе даланың құлжасы сияқты қасқайып отыратын. 
Кенекеңнің 90 жылдық мерейтойын өткіздік, той жақсы өтті. Бір күні Әбділда Тәжібаев бар, кітап шығаратын комитеттің төрағасы Шериаздан Елеукенов бар, бәріміз бірлесіп ол кісінің таңдамалы шығармалар жинағын шығарып, өзіне сыйладық. 
- Шырақтарым, ризамын! Қазақта мұндай той өткен жоқ еді. Арқада небір ас өткен. Ал енді Жамбылдың тойы да мұндай болмап еді. Естуімше, дүркіреген той болғалы отыр екен. Тәңірі жарылқасын! – деп батасын берді. 
Қысқасы, той өз деңгейінде өтті. Қырғыздан Шыңғыс келді, Қырғыз Жазушылар одағының бастығы Марқыт деген келді. Оны қайтейін, Шыңғыстың сөзі бәріміздің көкейімізден шығып еді. Ол: 
- Кенеке, сіз жалғыз қазақтың ақыны емессіз. Сіз мына Алатау секілді қырғыз-қазаққа ортақ ақынсыз, - деп еді. 
Содан той тарқады, Кенекең қырғыздан келген ақындардың көбіне ат мінгізіп, шапан жапты. Мен де рұқсат сұрадым: 
- Кенеке, рұқсат болса, мен де қайтайын, - дедім. Ол батасын беріп, басыма тақия кигізді. Оны өзімше жақсыға жорыдым. Кейін барғанда балаларымды алып баратын едім. Өзі ешбір баланың бетінен сүймейтін, тек маңдайынан иіскейтін. 
Ол кезде қазақтың маңдайына біткен жалғыз университеті бар. Ол – Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті. Ел «КазГУ» дейді. Мен сол университеттің филология факультетінің деканымын. Кененнің тойын өткіземін деп жұмыс қалды жайына. Содан Алматыға келгеннен кейін үш ай бойы ат ізін салғаным жоқ. Кенекең сонда пұшайман болып: 
- Ай, Мырзатайды көрдіңдер ме, - деп сұрайды екен өткен-кеткен кісіден. Кененнің Төрткен деген қызы бар. Кенекеңнің Базар-Назардан айырылып, қиналып жүрген кезі ғой. Өзінің айтуынша, бір күні Ұзынағашқа келіпті. Жұрттың көбі жоғалған малын осы жерден іздейтін көрінеді. Сөйтсем, бір атақты ақын жылқыны жоқтап тұр екен дейді: 
Маңдайының ағы бар, 
Айтатыным тағы бар. 
Оны тапқан кісінің 
Маңдайының бағы бар, - деп. Содан қайтқалы тұрсам бүйірімнен біреу қамшымен түртеді дейді. Сөйтсе, ол Жамбыл екен. 
- Әй, Кенен, Кененбісің! Әй, өзің мойының қылтиып, атыңның бұты тыртиып не болып кеткенсің. Құдай берді, өзі алды. Келін аман болса, тағы балалы боласың! Тағы да өзім келіп бата беремін, – депті Жәкең.  
Ол кезде ұлы жоқ еді, Базар-Назардан кейін Төрткен туған. Онда Жәкең келмепті. Одан кейін Көркемжаны туғанда ғана келіп құтты болсын айтып, бата беріпті. 
Жамбылдың адам қорқатын «Құдайдан құныңды алдың» деп айтатын тұсы – осы. Сабырға шақырады Кененді солай. Әулие ғой...
Бір күні Төрткен: 
- Үйге барсам, атам «Мырзатайды көресің бе» деп сұрады. Мен «Иә, көремін, жұмысында жүр деймін», - дейді. Сөйтсе Кенекең: 
- Әй, ол неге келмейді? – деп сұрайды. Сонда Насиха шешеміз: 
- Кенеке, осы жас күніңде айлап, жылдап жүруші едің. Жүрмеген жерің жоқ. Бір тойдың қызын алып жайлаудан айлап түспейтін едің. Осы Мырзатай сенің балаң емес пе?! Ішкен асыңды жерге қоясың ғой, - дейтін көрінеді. Оған Кенен жарықтық өкпелейді екен «айтпайтының жоқ» деп. 
Содан Кенекең Төрткенге: 
- Қағаз-қаламыңды алшы, - депті. Сол жолы өзінің әнімен, әуенімен «Мырзатайға» дейтін өлеңін шығарады. Кейін оны аманат деп Төрткен өзіме тапсырды. Төрткеннің өзі керемет әнші ғой, шырқағанда сай-сүйегіңді сырқыратады. Осы әнді Жазыгүл Данылбаева қарындасым айтып жүр. 
(Осы тұста Мырзатай Жолдасбековтың елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада орналасқан кабинетіне арнайы келген әнші Жазыгүл Данылбаева Кенен Әзірбаевтың «Мырзатайға» деген әнін нақышына келтіре орындады). 
- Қазақтың біртуар алыптарымен үзеңгілес болып, қатар жүрдіңіз. Ақын-жазушы да, ғалым да, саясаткер де болды сіздің ортаңызда. Тәтті естеліктерді бір жаңғыртсақ...
Мен өзі тарихта аты қалған кісілермен жиі әрі жақын араласып тұрған адаммын. Соның бірі – қазақтың атақты ақыны Әбділда Тәжібаев. Оның ақындығы өз алдына, сонысына қоса жастарға қамқоршы азамат еді. Көпшілік біледі ғой, талай жас жігіттің таланты үшін көмек берді, қолдады. Мұқағали, қазір көзі тірі Күләш сияқты атағы шыққан жақсы ақындардың көбіне бата берген кісі болды. 
Мен Кенен туралы әңгімелердің біразын өз ауызынан, көбін ел ішінен жинап, жазып алдым. Әбділда ағамыз туралы да біраз дүние жинадым, олар кітапқа жарияланды, кейбірі жарияланған да жоқ. 
...Бір күні дейді... Леонид Соболев телефон соқты дейді. Ол кісі Әбділда ағаның телефонын Мұхтар Әуезовтен алыпты. Соболев пен Әуезов «авторизованный перевод» деп «Абай жолын» орысшаға аударған ғой. Бұл аудармаға Мұқаңның өзі қатысқан, кейін екеуі дос болған. 
Қазақ қарап жүруші ме еді?! 1936 жылы қазақ өнерінің Мәскеудегі декадасы бола қалады. Енді ол декадаға кім барады? Ақынға келгенде біреу ананы, біреу мынаны айтады. Біреуі тұрып: 
- Әй, ұят болады. Мына Алматының түбінде көзі тірі Жамбыл отыр. Сол барсын, - депті. Енді бірі: 
- Ойбай-ау, ол өзі бір қырсық адам. Ұят болып қалар, - дейді. Содан не керек, біреу олай, біреу бұлай сөйлеп жүріп ақыры Жамбылды алып баратын болыпты. Сөйтіп, Жамбылға Әбділданы жібереді. Ал Леонид Соболевтің телефон соққаны қазақтар Мәскеуге «Жамбыл дейтін ақын жоқ», «оның аты ғана бар, қалғаны лақап» деп хат жазған екен. Орталық партия комитеті Соболевті осы істің анық-қанығын білмекке жұмсайды. 
Сөздің қысқасы, Әбділда мен Мұқаң Леонид Соболевті аэропорттан қарсы алып, тура Жамбылдың ауылына тартыпты. Жолда келе жатып Соболев айтатын көрінеді: 
- Бар екенін көрсем, көзім жетсе болды қайтамын, кідірмеймін, - деп. Содан үшеуі Жамбылдың үйіне түседі. Әбекеңнің айтуынша жарықтық сол жолы төгілді дейді. Ара-тұра жырлап, «Жалқау» туралы әңгімені айтып беріпті. Темекі туралы тағы бір әңгіме айтады. Соболев сонда қайран қалып: 
- Мына кісінің сауаты болса қандай болар еді?! Лев Толстой да мынандай әңгімені жаза алмайтын шығар, - депті. 
Содан не керек, Жамбыл жырлайды, әңгіме айтады, оны Әуезов қолма-қол аударып отырады. «Көремін де қайтамын» деген Соболев Жамбылдың үйінде үш күн жатыпты. Қайтарында: 
- Мен үш күн жаттым Жамбылдың үйінде. Жамбылдың «тайниктерін» аштым, университетінен өттім, - деп кетіпті. Бұл – Әбділда ағаның әңгімесі. 
Декадаға Жамбылды алып келуді Әбекеңді жұмсапты тағы. Келсе, үйінде жоқ. Өзінің құрдасы, тәуіп досының үйіне кетіпті. Досының үйінің алдында көк есек байлаулы тұр екен. 
- Ассалаумағалейкум! 
- Әліксалам! Қай баласың?
- Әбділда Тәжібаев деген ақын едім. 
- Әй, бала, қолыңда домбыраң жоқ не қылған ақынсың?! – депті Жәкең. Сол үйде біраз отырған Әбекең бұйымтайын айтады. Жамбыл бұған көнгісі келмейді, бірақ ақыр аяғында келісімін береді. 
Жамбыл жарықтық өмірінде көлікке мінбеген екен. Оны көліктің алдына отырғызады да, Әбекең артына отырады. Жәкең қутыңдап жан-жағына қарап келе жатыр дейді. Бір кезде артына бір бұрылып қарайды, сәлден соң тағы қарайды да: 
- Әй, бала, сен әлі қалмай келе жатсың ба? – депті. 
Содан Әбекең оны өз үйіне түсіреді. Әбділданың анасы – Айманкүл Тәжібаева да мықты ақын болған кісі. Табан астында баласына тапсырма беріп қарт ақынды моншаға түсіртеді, жаңа киім тіктіртеді. Бірақ Жамбыл Әбділдамен сөйлеспей қойыпты. Оны түсіне қойған Айманкүл апамыз: 
- Әбділда, Жәкең сені баласынып отыр. Бар, Мұхтарды, Ғабитты, Сәбитті шақыр, сөйтіп әңгімелерің жарасады, - депті. Содан әңгіме қызып, түннің бір уағына дейін отырып қалады. Әбекең Жамбылдың күйін жасап: 
- Ал, тәте. Жақсы ұйықтап дем алыңыз. Ертең Құдай қаласа үкіметке барамыз, - десе Жәкең қутыңдап: 
- Әй, бала. Үкіметіңе сәлем айта бар. Мына шешең жақсы екен, маған қатындыққа берші, алып ауылға қайтайын, - деген екен. 
Сөйтіп жүріп Жәкең декадаға барады. Онысы белгілі ғой. Қасында тоғыз ақын болған, солар әбден пысықтап «Ленинді, Сталинді мақта» деп айтқан. 
Күнсіздерге күн болған, 
Жер үстіне нұр болған, - деп айтатыны содан. «Ленин» орденін тағатын болады, оны Калинин тапсырады екен. Қасындағылар: 
- Калинин деген ақсақал бар, оны да ұмытпаңыз, - деп құлаққағыс жасапты. Орден тағып жатқан кезде Калининнің атын ұмытқан Жәкең: 
- Қызыңды ұрайын, мына теке сақалыңның аты кім еді? – деп сұрапты сыбырлап. Қасындағылар жалма-жан «Калинин» дей қояды. Жәкең: 
- Калининге де рахмет! – деген екен. 
Ана «Туған ел» дейтін толғауы пойыздан түскен кезінде «Правда» газетінің бірінші бетіне суретімен қоса жарияланған екен. Вокзалда сапырылысқан кісі: 
- Жамбыл, Жамбыл, - деп шуласады. Бұған таң-тамаша болған Жәкең: 
- Мыналардың бәрі мені қайдан таниды? – деп сұраса керек. Қасындағы ақындар оған газетті көрсетеді. Өзінің суретін шұқылап тұрып: 
- Жамбыл, өлме, өлсең қайтып келме, - депті. 
Жарықтық дүниеден өтер кезінде Совминнің ауруханасында жатты. Қайта-қайта қысылып қалатын көрінеді. Жас та оңай емес қой. Әбекең айтады: 
- Қысылып жатыр дейді, біз Ғабит Мүсірепов екеуміз шауып келеміз, - деп. Келген бетте: 
- Тәте, жазылып кетесіз. Сталиннің өзі қадағалап отыр, тапсырма беріп отыр, - деп. Оған разы болған қария «ә, жарайды» деп қала береді екен. Тағы бір қысылғанында: 
- Әй, мынау Кеңес үкіметі темірге жан бітіріп аспанға ұшырып жатқанда менің тынысымды кеңейтетін бір дәрі шығара алмағаны ма?! Айтыңдар, таптырыңдар, - дейтін көрінеді. Өкпеден өкпе қалмаған, сол кезде қалған өкпесін де құсып жатыр екен. Үшінші бір қысылғанда Әбекең тағы барады. 
- Өткендегі әңгімені айта бастап едім, қолын көтеріп «оны айтпаңдар» деп белгі берді, - дейді Әбділда аға. 
- Қарасайдан қалған қызыл жолбарыс Сарыбайға келіп еді, Сарыбайдан маған өтіп еді. Сол қызыл жолбарысым қиналсам, ренжісем қасымда жатушы еді құйрығын бұлғаңдатып. Жарықтық, жаңа бесін кезінде кетті батысқа қарай. «Пұшайт, пұшайт» десем қайырылмайды. Қамдарыңды жасай беріңдер, - деген екен. 
Сөйтіп, ғасыр жасаған Жәкең үзілген екен. Жанында Әбділда Тәжібаев пен Ғабит Мүсірепов болған екен... Жарықтық-ай...
- Аға, Жамбыл облысының Сарысу ауданында Мәді Шәутіұлы деген күйші өтті. Уағында осы кісіні Алматыға алдыртып 24 күйін жазып алыпсыз. Мәді Шәутіұлы қандай күйші еді, одан қандай күйлер қалды? Атының алты Алашқа әйгіленбей келе жатқанына не себеп?
- Менің Жамбылды зерттеп жүрген кезім. 1972 жылы Алматыда Жамбылдың 125 жылдық тойы өтті. Әбділда Тәжібаев баяндама жасады, сол кезде Қонаев төрде отырып сөз сөйледі. Сонда жарықтық Кенекеңнің арқасында президиумның екінші қатарындағы 12-орында отырып едім. Кенекең бірінші қатардың 12-орынында отырды. Сол тойға мен Сарысудан Төреқожа Ханқожаев, Мәді Шәутиев екеуін шақыртқанмын. Екеуі біздің үйде жатты. Жасыратыны жоқ, екеуінің де киімдері тозып кеткен. Содан біздің үйдегі апаларыңның анасы шебер кісі еді. Қолма-қол екеуіне де киім тікті. Сол киімін киіп салтанатты шараға барды, көңілдері көтеріліп жүрді. 
Сол жолы біздің үйде жарықтық Төлеген Момбеков те болды. Мен Төлегенмен аралас-құраластығым, ағалы-інілі жақындығым сол Жамбылдың тойынан кейін басталды. Төлеген де, Мәді де күй тартты. Мәдінің күйлерінің бәрі аңыз күй болып келеді, өте темпераментный күй бола-тұғын.
Орталық партия комитетінің идеология бөлімін басқарып, депутаттыққа кандидат болып жүргенде ЦК-ның бірінші хатшысы Нұрекеңнің «Енді бұрынғыдай болмайды, табандарыңнан кезіп жүріп елді аралаңдар» деген сөзінен соң халық арасына бардық. Марқұм Ермек Серкебаев ағамыз ешқайда шықпай жүріп өтпей қалды. Мен Талас пен Сарысуды түгел араладым. 
Сарысуға келсем Орталық партия комитетінің бөлім бастығы өмірі мұнда аяқ аспаған екен. Ел жиналып, ғимараттың есігін сындырып жібере жаздады. Содан шай ішіп отырып Мәдіні сұрадым. Мәді тірі екен, жағдайы нашар екен. Сосын мен райкомның бірінші хатшысына: 
- Сіздер не бітіріп отырсыздар?! Ол халықтың адамы емес пе, Құдай өнерді берген емес пе, әнді таңдайына салған емес пе?! Сондай адамды алақанға салмайсыңдар ма? Ұялмайсыңдар ма? – деп қатты өкпеледім. Олар кешірім сұрап тез арада үй салып беретінін айтты. Мен: 
- Отырған үйі қандай, - дедім. 
- Үйі нашар. 
- Тез арада үй салып беріңдер, - дедім. Білмеймін, менікі де кішкене артықтау болған-ақ шығар. Қаттырақ айтып жіберіппін. Ақыры, үш айдың ішінде Мәдіге үй салып берді. 
Мен енді Төреқожа, Мәдімен көп сөйлестім ғой. Бұлар «ақынмын» демейді, «өлеңшіміз» дейді. Мәдінің сол жолы 24 күйін жаздырдым. Ол кезде дауысты телевизияда жазушы еді. Төреқожаның да әндерін жаздым. Төреқожа домбыра ұстамайтын, қолын сермеп отырып шырқай береді. 
- Сіз Қаратаудың ескі әндерінен салыңызшы, есіңізде ме? – деп сұрадым Мәді ағадан. Ол «Есімде» деп шырқай жөнеледі. Менің «Астра» дейтін магнитофоным бар еді, соған жазамын. Жазған басым, сол магнитофонды көшіп-қонып жүріп жоғалтып тындым. Пленкаларының да тоз-тозы шықты. Айырылып қалдым бәрінен. 
Есік алды көл-қайнар, 
Көл-қайнарды ел жайлар. 
Екі жақсы қосылып, 
Қай уақта бел байлар, - деген қайырмасы ғана есімде қалыпты. 
Сүгірдің бағы бар екен, іздеушісі, зерттеушісі болды. Ал мына екеуінің – Төреқожаның, Мәдінің іздеушісі, зерттеушісі болмады. Осы бірер жыл бұрын Маралтай ескерткіш орнатып, кітабын шығарды. Айналайын, аруағы риза болсын, қолдап жүрсін, мен де разымын. 
- Аға, «Орхан-Енисей» жазбаларынан бастап, түркі руханиятын зерттеуге не түрткі болды, кім жол көрсетті?
- Мен енді бір үлкен бақытымды айтайын. Мұқағали айтады ғой «үш бақытым бар» деп. Бір бақыты – тілі, бір бақыты – халқы, бір бақыты – Отаны. Ал менің бақытым – мен оқыған курста университет тарихында болмаған жайт орын алып, Мұхтар Әуезов ағамыз үш жыл курс оқыды. Бірінші курста «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» деген лекцияны, екінші курстың бірінші семестрінде «Манас» деген арнайы курс, екінші семестрде «Абайтану» дейтін курс, үшінші курста «СССР халықтарының әдебиетін» оқыды. Біз сөйтіп нағыз әдебиетшінің, құдіреттің ауызынан сөз тыңдаған буын болдық. 
Әуезовтың Абаймен кездескені туралы әңгімесі әлі құлағымызда. Әжеме еріп қонаққа бардық. Үйге кірсем дөңгелек үстел төрінде дөңкиіп бір шал отыр екен. Екеуі ұзақ әңгімелесті. Мен «әже қайтайықшы» деп қыңқылдай бердім. Сонда Абай: 
- Өзің бір тентек екенсің ғой, - деді. Мұқаңның Абайды көргенінің алды-арты осы екен. Бұл кезде Әуезов алты жаста ғана болса керек. 
... Мына қырғыз бауырлар қазаққа қай жағынан да риза шығар деп ойлаймын. «Манасты» ең алғаш қағазға түсірген – Шоқан Уәлиханов. Одан кейін оны терең зерттеген адам – академик Әлкей Марғұлан. 1952 жылы эпостардың бәрін таптық сана мен идеологияға салып бөлді. Мынау байдың, мынау кедейдің баласы туралы деп қарады. Қазақта да «Қамбар батырдан» басқа жыр қалған жоқ. Шынтуайтында, дүниежүзінде эпос тудырған халықтар саны төрт-бесеу ғана. Миллиард жарым жұрты бар Қытайда эпос тумаған. Қазақта, қырғызда эпос көп. Әуезов сол «Манас» туралы арнайы курстар оқушы еді. Ғажап лекциялар оқушы еді жарықтық. 
1952 жылы «Манас» турасында үлкен конференция өтеді. Конференцияда мұз жарғыш кеме іспетті Мұқаң сөйлеп, «Манасты» сақтап қалады. Сол сөздерден кейін барып қана қазақ жырында да сең қозғалды. «Алпамыс батыр» жыры, «Ер Тарғын» жыры өзімізге орала бастады. 
Мұқаң туралы сөз қозғап отырмын ғой. Аруағы риза болсын, тағы бір нәрсені айта кетейін. 1958 жылы ол кісі делегациямен Индияға барып келді. Индия сапарын бізге қызықты етіп тұрып айтады. 
- Пәлі, мені ана елдің халқы біледі екен, - дейді. – Менің «Абай жолымды» біледі екен. Кітап хинди, урду тіліне аударылыпты. Халқың кім деп сұрайды. Даланы айтам, тауымды айтам, көлімді айтам, ешбірін білмейді екен. Бір кезде Индия Парламентінде депутат Жамбылдың өлеңін жатқа айтты. Мен оларға «Жамбылдың ұрпағымын» дедім. Сосын барып қана таныды. Біз оны «Бұ заманның Гомері», «Ұлы ақын» деп жүрміз ғой. Сөйтсек, Жамбыл қазақ халқының паспортына айналған адам екен, - деді. Мұқаңның осы сөзі менің көкейімде қалып қойды. 
- Бір сөзіңізде «Қазанғапқа теңесетін күйші жоқ» деп айттыңыз. Тарқатып берсеңіз екен?
- Мен өзім қазақтағы күйдің атасын Қорқыт дер едім. Бізден қанша күйші өтті, бірінен бірі кем емес. Мәселен, Құрманғазыны күй атасы дегенге келісе алмаймын. Оның алдында одан да үлкен даналар бар. Соның бірі – Қорқыт. 
Қорқыт күйлерінде тағдыр бар, келешек туралы да айтылады. Менің ауызым бармайды айтуға. Дәл сондай ұлы күйші – Қазанғап. Әрине, әркімнің өз сүйгені бар, өз таңдауы бар дегендей. Ал мен өзім Қазанғапқа ешкімді теңестірмеймін. Оған ешкім ренжімесін. Бұл – менің өз пікірім. 
- Қазақтың Әбіші туралы «363-ші әулие» деген қанатты сөзді сіз айттыңыз. Әбіш Кекілбаев туралы бұлай тұжырым келтіруіңіздің көп білмейтін себебі бар ма?
- Әбіш бір күні облыстан қайтып келе жатса, әуедегі ұшақ шайқалыпты. Жұрт әбіржіп қалған сыңайлы. Сөйтсе Әбіш жолаушыларға қарап: 
- Қорықпаңдар, қорықпаңдар, бұл самолетте Мырзатайдың әулиесі келе жатыр. Сақтайды сендерді, - депті. 
Мен Әбішті өте ерте көрдім. 1961 жылы болу керек, «Лениншіл жастың» юбилейі өтті. Жұрт далада тұрып тамашалады. Сол шарада басы қазандай, шашы дуда-дуда, өзі қап-қара бір бала сөйледі. Біз біраз студенттер келіп тұрғанбыз. Қасымда Зейнолла Серікқалиев, Сабырхан Асанов болды. Сол жерде оған «Маңғыстаудан келген 10-сынып оқушысы Әбіш Кекілбаев» деп сөз берді. Ағыл-тегіл сөйледі, сөзге шешен, өзі байыпты, білмейтіні жоқ. Біз көз тимесін деп тұрмыз. Келесі жылы Әбішті университеттің аудиториясынан көрдім. Студент болып түскен екен. Содан кейін Әбіш екеуміздің жұбымыз жазылған жоқ. Тату болдық, жақсы араластық. Кітаптарыма алғы сөз жазды. Оны қатты қадірлеймін. 
Әбіш Жоғарғы Кеңесте депутаты болды. Депутаттығына қатар Мәдениет комитетінің төрағасы еді. Мәдениет комитетінің көшпелі мәжілісін Маңғыстауда өткізейік деді. Мен келісе кеттім. Қатыс деді, қатысайын дедім. Ақтаудан Алматыға жедел қайтуым керек болды-дағы вертолет іздеттім. Бірде-бір вертолет жоқ, бәрі ұшып кеткен. Амал жоқ, қалу керек болды. Жанымда Құрал деген жігіт қалды. Сол жігітке: 
- Сен мына өңірдің сөз білетін ақсақалдарын жинап кел, - дедім. ол бірнеше қарияның басын қосты. Түні бойы әңгімелесіп шықтық. Бір кластық білімі жоқ ақсақалдар қандай шешен, қандай білімді, қандай текті десеңші?! Маңғыстаудың 362 әулиесі туралы сөйлестік. Көп мағлұмат алдым. Таң болдым, разы болдым. Кешегі Бұқар бабамыз, үш би сияқты олар да дала университетін бітірген кісілер екен. Айызым қанды. Сол жерде отырдым-дағы, қалай екенін білмеймін, ауызымнан шығып кетті: 
- Онда көзімізді көрсетіп отырған үш жүз алпыс үшінші әулие Әбіш екен ғой, - дедім. Өзі әулиелер ортасында туса, өзін Құдай солай жаратса, Әбіштің әулие болар жөні бар ғой. Сол әңгіменің әсерімен «363-ші әулие» деген мақала жаздым. Таңға жуық аяқтадым. Құралға: 
- Газет шығып кетпесін, күтсін, - деп тапсырма бердім. Газет менің мақаламды басты, сондай тақырыппен шықты. Мен ол кезде үкіметтің бірінші орынбасарымын, бейресми адам болсам бір жөн ғой. Соған қарамастан Әбішті соншалықты жақсы көргенімнен осы қадамға бардым. Әбіштің жиыны ертеңіне сағат онда басаталатын. Мен: 
- Жиналыс басталғанша газетті таратпаңдар, - дедім. жиналыс басталды, мен сөйлейтін тұста газет таратыла бастады. Сол жерде Әбіш туралы тебіреніп сөйлеп, «363-ші әулие» дедім. Ауызыма Құдай салды. 
- «Бүгінгі ұрпақ тарихты қайта жазады» деген пікіріңіз бар екен. Жас буынның ғылыми әлеуетіне қаншалықты сенім артасыз? «Жастар кітап оқымайды» деп жүрміз. Осыған не айтар едіңіз?
- Енді тарихтан білеміз ғой, біреу ғылымға, біреу кәсіпке, біреу саудаға жақын дегендей. Менің ұғымымда небір замандар болады, құндылықтар өзгереді. Біз мұны көріп отырмыз. Мәселен, мен жас кезімде феодалдық дәуірде, кейін капитализмді, социализмді көрдік, нарықтық капитализмді де көріп отырмыз. Меніңше, біздің балалар, жастар өте алғыр. 
Баяғыда Әуезовтың «Мен жастарға сенемін» деген сөзі бар еді. Оның да ауызына Құдай салған шығар. Құдай қаласа, қазіргі жастар арасынан суырылып шығатындар табылады. Кешегі біздің ағаларымыздың соры қайнап өз тарихын жаза алмады. Біздің тарихымызды басқалар жазды. Білімді азаматтарды қырды. Мен өз көзіммен көрдім, кешегі Орталық партия комитетінің идеология бөлімін басқарып отырғанда біраз ағаларымызды ақтадық. Кейбір ағаларымыздың құжаттарын КГБ-дан алғыздық. Бермей қиғылық салды. Өзім баруға тура келді. Кей ағалар «Мен Жапонияның тыңшысымын» деп қолы қалтырап отырып қол қойыпты. Мұндай заманда қандай тарих болушы еді?! 
Біздің тарихымыздың ештеңесі қалмады. Әйтпесе, сақтар, ғұндар, Түрік қағанаты, қарлұқтар, қараханидтер, қимақтар, Дешті Қыпшақ даласы бар, осының бәрін орнатқан – қазақтар. Әлкей ағамыз: 
- Оғыз-қыпшақтың мекенінде мирас қылып қазақ отыр. Оғыз-қыпшақ деген сөз – қазақ деген сөз, - деп еді. Мен де солай ойлаймын. 
Біздің тарихқа үңіліп қарасақ, бір жақтан келіп осы далада мемлекет орнатты деген адамның ізін көрмейсің. Ал осы Ұлы даладан шығып, басқа жерде мемлекет орнатқан тұлғалар көп. Біздің бабаларымыз алтын тақта отырды, алтын сарайларда тұрды. Астына мінген атының әбзелдерін алтыннан жасатты. Тірісі алтыннан киініп, өлгенін алтынмен көмді. Мұның бәрін тарихтан көріп отырмыз ғой. Осындай тарихы бар ел ешкімнен сорлы болмайды, өнегесі ешкімнен тозбайды. Енді заман түзелгенде біз сияқты жалтақтамайтын, билікке қарап мәймөңкелемейтін, турасын айтатын ұрпақ өсіп келе жатыр. Солар аман болса екен деп тілеймін. 
Назарбаев кезінде «Бұдан да қиын заманға барамыз» деуші еді. Мен: 
- Нұреке, қорқыта бермеңізші, - деймін. Ол: - Енді мен шындықты айтуым керек қой, - дейтін. Айтқаны келді. Бұл заманнан да өтуіміз керек екен. 
Қазір мағынасы жоқ ән қаптап кетті. Таң қаласың. Секең-секең еткендер, жалпылдаған шаш. Кезінде шешелеріміз шашын жайған қыз көрсе: 
- Соры қайнаған, бір бәле күтіп жүрсің бе сен?! – деп жекуші еді. Жеңгелеріміз майданда қайтқан күйеулерін жоқтап шашын жайып, бетін жыртқанын көрдік. Қазақтың қыздары шашын жауып, жинақы киінгенін қалар едім. Бұл туралы Назарбаев Түркістанға барғанда айтты. Өзіңнің атаң киген, анаң киген киіміңді кию керек. Араб сияқты киініп, сүймірейіп жүргеннің несі сән?!
- Ертеректе бір сұхбатыңыз шықты. Тақырыбы - «Мен Елбасының ұйқысыз түндерінің, мазасыз күндерінің куәсімін» деп келеді. Осындай ерлердің етігімен су кешіп жүріп жұмыс істеген дәуір жөнінде әңгімелеп берсеңіз.
- Бұл енді, шырақтарым, байтақ әңгіме. Бұл әңгімелердің барлығын, шамам келгенше, есімде қалғанынша Болат Бодаубай мырзаның мен жайында жазылған «Таң қаламын өмірдің ғажабына» деген екі том сұхбатқа құрылған тарихи романында айттым. 
Расында, мен сол Тәуелсіздіктің алдында, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Елбасының жанында болған адаммын. Ұйқысыз түндерінің, мазасыз күндерінің куәсімін. Оңай болған жоқ. Мемлекет орнату тәжірибесі болмаған, кезінде киізге көтеріп хан сайлаған елміз. Осы Тәуелсіздікті қаншама ұрпақ аңсады. Қанша елді басқарған хандардың арманы Тәуелсіздік еді. Біз жеттік, Назарбаевпен бірге жеттік. 
Қазақ – жылқы мінезді халық. Бір тойса көрген қиыншылығын ұмытады. Ауылымызда Тайқасқа деген ат болды, арбаға жегіледі, көзіне көк шыбын үймелеп жүреді. Содан жаз шыға босатып жіберсек, Қаратаудың бауырында бір ай жайылып семіреді де жалына кісі қолын жақындатпайды. Кешіріңіздер, біз де осындай елміз. 
Сондай қиын кезде біздің алдымызда «Не істейміз» деген сұрақ тұрды. Білек сыбанып елге тұтқа болмаққа бекінген Назарбаев шықты. Мұның бәрін айтуға оңай, шырақтарым. Он екіде бір сайманы жоқ, қиранды болған, тоз-тоз болған, ауылда жүріп тұрған трактордың төрт дөңгелегін төрт үй бөліп алған заманда ел басқару үшін қандай батылдық керек екенін ойлай беріңіз. Міне, сондай уақытта мемлекет орнатты, экономикасын қалыптастырды, дамытты, Қазақстанды әлемге танытты, мойындатты. 
Кейде мені «сіз Назарбаевты мақтайсыз» деген сыңай танытады. Мен білген соң мақтаймын. Не деген жүректі адам, бабасы Қарасай батырға тартқан адам?! Қыза-қыза Назарбаев туралы «қызыл жолбарысы бар адам» деп айтқаным бар. Аңыз емес. Тегін адам емес ол! 
Біз қасында жүрдік қой. Облысқа баратын болып қаламыз. Бара жатқан аймақта боран ұрып тұр десек «ештеңе қылмайды» деп тартып кетеміз. Барсақ күн шайдай ашық. Қалай таң болмассың?! Енді кемшіліксіз адам болмайтыны рас, кемшілігі де бар шығар. Бірақ бұл кісінің елге сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. 
Тәуелсіздік алдық. Желтоқсанның бірінде сайлау өтті. Мен штаб басқардым. Содан кейін шай ішіп отырсақ, «ұлықтау рәсімін өткіз» деді. Мен: 
- Ойбай-ау, Нұреке есімізді жиып алайық, - дедім. Ол: 
- Жоқ, желтоқсанның онында өткіземіз, - деді. Солай ұлықтау рәсімін өткіздік. Желтоқсанның он алтысы күні Тәуелсіздікті жариялады. «Қуанған да, қорыққан да бір» демекші, көшеде ұрандатқандардың қарасы көбейді. Ел білмейтін көсем, шешендер шығып алды. Нұрекең: 
- Не істейміз? – деді. Мен: - Ойбай-ау, Нұреке, қазақтың мұнысынан қорқу керек, - деп пікірімді айттым. Егер қазақ түгел атқа қонса, не өлтіріп түсіреді, не өліп түседі. 1986 жылы желтоқсанда қазақтың жастары ғана шықты алаңға. Үлкендер қосылған жоқ. Ал екеуі түгел қосылса, бұ қазақ ешкімді аямады. Бәрін жайпайды. Нұрекең: 
- Енді не істейміз? – деп сұрады. 
- Қазақ ақкөңіл халық. Біз соны қайтаруымыз керек. Айқай саламыз. Тәуелсіздік алдық, бостандық қолыңда, мойыныңда қарыз жоқ. Бабаларыңа ас берілген жоқ. Давай, ас беріңдер! Мемлекеттен көк тиын шықпайды, қазақ өзі ата-бабасына ас бере бастайды, - дедім. Бұл енді менің ең тапқыр шешімім еді. Мақтанып айтайын. (күліп)
Өзім сондай астардың, тойлардың ортасында өзім жүрдім. Осындай-осындайлар басымыздан өтті ғой. Заман тыныш болсын дейік, шырақтарым. 
Біздің қазақ – пейілі де, жері де кең халық. Мен осыған көбірек сенемін. Елдің амандығын, жұрт тыныштығын тілеймін. Әсіресе біздің келешегіміз – жастарымыз аман болса екен. Кешегі Кеңес үкіметі кезінде бізден басқаны қатты қырған жоқ. Өйткені қазақта ақылдылар көп еді. Абай қазақты жер-жебіріне жеткізіп сынады, бірақ жақсы көрді. Сынайтындай-ақ бар халықпыз. Мен де солай қазақты жақсы көремін, жек көретін де жерлерім бар. Амал не, ол қазақтың сүйегіне сіңген мінезі. Тезірек құтылсақ жақсы ғой. Абайды тыңдамаған қазақ мені тыңдайды дейсіңдер ме?!
- Аға, енді мына қиын-қыстау уақытта сұхбат беруге келіскеніңіз үшін алғыс айтамыз. Онлайн басқосуда екі сағатқа жуық әңгіме-дүкен құрдық. Көп сырға қанықтық. Осы жобамыздың дәстүрі – қонағымыздан бата сұрау еді. Ақ батаңызды – асыл сөзіңізді айтсаңыз. 
- Шырақтарым, сендерге алғысым шексіз. Мен қазір елордадағы өз кітапханамда отырмын. Осыны айтайын. Он мың төрт жүз елу бес кітапты мемлекетке тегін бердім. Қазір бұл кітапхана Нұр-Сұлтандағы Ұлттық академиялық кітапхананың екінші қабатында – төрінде тұр. Мен сол жерден байланысқа шығып отырмын. Бұл – менің өмір бойы жиған байлығым. 
Адамзаттың ең ұлы жаңалығы – кітап пен жазу. Кітап – адам атаулының ақылшысы. Кітап сияқты ешкім тәрбиелей алмайды, сырласа алмайды, мұңдаса алмайды. Түбі адамзат, әсіресе қазақ жұрты кітапқа қайта оралады деп сенемін. 
Менің ара-тұра күй шығаратын, ән шығаратын әдетім бар. Ол өз алдына байтақ әңгіме. Маған осы уақытқа дейін қазақтың сегіз композиторы күй шығарған екен. Соның бірін өздерің тыңдасын деп әкеліп отырмын. Өзім жақсы көретін інім, атақты күйші, өзі профессор Тұрар Әліпбай деген жігіттің маған арнаған күйі бар. Өзім осы күйді жақсы көремін. 
(Тұрар Әліпбай «Абыз Мырзатай» күйін орындады) 
Біздің алдымызда небір даналар, небір батагөйлер өтті ғой. Қазақтың бір данышпанын көрдік. Ол – Дінмұхаммед Қонаев. Көзі тірісінде ара-тұра барып тұрушы едік. Қазақтан шыққан данышпан ғой. Біраз әңгімелескен соң: 
- Аға, біз қайтайық, рұқсат беріңіз, - деуші едік. Сонда ол: 
- Ал онда қол жайыңдар, бата беремін, - деп тұратын жарықтық. Мен сол Димекеңнің батасын бергім келіп отыр. 
Аспай-саспай, жаман жерді баспай жүріңдер, шырақтарым! Аумин!
- Айтқаныңыз келсін, аға! Рахмет! Аман болыңыз!
Fotogalereya
Qûrmetti, Siz saitta tirkelmegensiz. Tirkeuden ötudi ûsynamyz зарегистрироваться либо зайти на сайт под своим именем.

0 pikirler

Ваше имя: *
Ваш e-mail: *
Код: Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Введите код: