Қоңыр Мұқатайқызы Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік кітап палатасында 1974 жылдан бастап ұзақ уақыт бойы қызмет етті. Еңбек жолын библиограф болып бастаған ол директордың орынбасары қызметіне дейінгі аралықты жүріп өтті.
Кітап палатасында қызмет ете жүріп Тәуелсіз Қазақстанның жаңа кітап стандарттарын әзірлеуге атсалысты. Сонымен қатар, Кітап палатасындағы «Газет мақалаларының шежіресі», «Кітап шежіресі», «Журнал мақалаларының шежіресі», «Ноталар шежіресі» сияқты жинақтарды шығаруға мұрындық болды.
Кітаптың халықаралық стандартты нөмірін (ISBN) беру ісін жолға қоюға атсалысты. Сондай-ақ, оның халықаралық және республикалық, аймақтық кітап көрмелерін ұйымдастыруға, қатысуға ден қойғанын да айта кетуіміз керек.
Қоңыр Мұқатайқызы өзінің еңбек жолында абырой-беделге ие болып, артылған жауапкершілікті өз деңгейінде атқарып шықты. Кітап саласында тер төккен маман ғылымға да назар аударып, филология ғылымдарының кандидаты атанды.
Міне, осындай ірі-ірі белестерді жүріп өткен Қоңыр Мұқатайқызы бүгін 70 жасқа толып отыр. Қазір ол әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Журналистика факультетіндегі Баспа ісі және дизайн кафедрасында шәкірт тәрбиелеп, маман даярлаумен шұғылдануда.
Кітап палатасының ұжымы Қоңыр Мұқатайқызын туған күнімен құттықтай отырып, оған зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, еңбегіне жеміс тілейді!
Fotogalereya
