Ералы Тоғжанов пен Нұрқиса Дәуешов руханият, мәдениет, әдебиет және өнер саласындағы белгілі азаматтардың пікірлері мен ұсыныстарын тыңдап, екі сағатқа жуық әңгіме-дүкен құрды.
Келелі кездесуге Асанәлі Әшімов, Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезов, Ұлықбек Есдәулет, Иранбек Оразбаев, Меруерт Өтекешова, Сәуле Досжанова, Есенғали Раушанов қатысты.
Вице-Премьер ата жолынан жаңылмай, 50 жылдық мерейтойы өтіп жатқан «Қыз Жібек» көркем фильмінің аңыз актерлері Асанәлі Әшімовке, Меруерт Өтекешоваға, киноның дыбыс режиссері Қадыр Қосайға шапан жауып, құрмет көрсетті.
Кездесу барысында еліміздің тарихы терең кәсіби киностудиясы «Қазақфильм» АҚ президенті Ақан Сатаев саладағы жаңа жобалары мен киностудияны жаңғырту турасындағы ұсыныстарын жария етті.
Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет өз сөзін балалар әдебиеті мәселесіне арнап, алдағы жылды «Балалар әдебиетінің жылы» деп атауға ұсыныс білдірді.
Ал Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Мұратұлы әңгімесін Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының бүгінгі ахуалы жөнінде өрбітті. Ол арнайы бағдарламамен шығатын кітаптарды іріктеу, авторлық құқық мәселелерін айта келе алдағы жылдан бастап Кітап палатасының функциясы кеңейтіліп, жүгі ауырлайтынын жеткізді.
***
Кітап палатасы ағымдағы жылы бірталай маңызды жобаларды жүзеге асырды. Асанәлі Әшімов сынды абыз ақсақалдарды «Асыл сөз» сұхбат жобамызға шақырдық. Мемлекет басшысының балалар әдебиеті жөніндегі тапсырмасы негізінде Қазақстан Жазушылар Одағымен бірігіп «Балаларға арналған үздік шығарма» байқауын жариялап, өткен аптада қорытындыладық. Балалар қаламгерлерін қолдау мақсатында ұйымдастырылған байқауға 300-ге жуық шығарма келді. Дәл осы байқауды келесі жылдан бастап ауқымын кеңейте отырып дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, «Тұңғыш Президент күні» қарсаңында ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырда араб, төте, шағатай, ескі латын қаріптерімен жарық көрген ұлт зиялыларының еңбектерінен жинақталған «Көне кітаптар мен басылымдар» мұражайының лентасын қиып, үлкен іс атқардық.
Біздің жұмысымыз көпшіліктің назарында, алдағы жыл жоспарланған ірі жобаларымыз да жеткілікті. Бізге жүктеліп отырған жаңа міндеттемелерді абыроймен атқару мақсатында бірнеше нұсқадағы жаңа механизмдер дайындалу үстінде. Бізді жан-жақты қолдап жүрген барша азаматтарға алғыс білдіреміз!
«Алматыға келіп тұрып, сіздермен қалай кездеспей кетемін?» - деп өз кісілігін, азаматтығын көрсеткен ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Лұқпанұлына рахмет айтамыз!
Ақын, Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы
директорының орынбасары
Маралтай Райымбекұлы