Алматыда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған осы аттас ғылыми-тәжірибелік конференция өтуде.
Конференция барысында ашаршылық тақырыбында, Үлкен террор тақырыбында талқылаулар болды. Алматы облысы Жаңалық ауылында орналасқан Саяси қуғын-сүргін музейі 2002 жылы қолдан жасалған ашаршылық пен сталиндік қырғынның құрбаны болған арда азаматтарды есте сақтап, өткен тарихты жадымызда жаңғыртып отыру мақсатында ашылған. Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады, 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Олардың арасында қазақ зиялылары: ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері болды. Кеңестік биліктің тоталитарлық саясаты жасаған бұл зұлмат тарихта қазақ халқы үшін аса ауыр кезеңдердің бірі ретінде қалды. Жалпы 1930-1953 жылдары 40 миллионнан астам кеңес азаматтары репрессияға ұшыраса, олардың басым бөлігін қазақ азаматтары құраған. Тіпті кейбір деректерде осы зауал қазақ халқының 40 пайызын жалмап кетті деп көрсетіледі.
Осынау қаралы күндердің құрбандарына қойылған белгідей болған бірнеше кітаптың тұсаукесері осы конференция аясында өтті. Конференцияның алғашқы күні Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, еліміздің түкпір-түкпірінен келген ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері ашаршылық, халық көтерілістері мен сталиндік қуғын-сүргін тақырыбында баяндамалар жасады, осы тақырыпта кітаптар көрмесі өтті. Екінші күні конференция қатысушылары Саяси қуғын-сүргін музейіне экскурсия жасады. Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу Монументіне тәу етіп, аштықта қырылған, сталиндік қырғынның құрбаны болған боздақтардың рухына құран бағыштады.
Шараға ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов қатысып, Алматы облыстық М. Тынышпаев атындағы тарихи-өлкетану музейі мен Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің өкілдерімен кездесіп, пікір алмасты. Айта кету керек, шараға қатысушылар арасында қазіргі кезде Америка құрама штаттарында тұрып жатқан Мұхаметжан Тынышпаевтың ұлыДәулет Тынышпаев та бар. Мұхаметжан Тынышпаев – алаш қоғалысының негізін салушылардың бірі, қазақтан шыққан тұңғыш инженер. Ол 1937 жылы Тәшкент түрмесінде «Халық жауы» ретінде жазаланып, атылған.
Конференция ертең облыс әкімі А. Ғ. Батталовтың қатысуымен жалғасын табады деп күтілеуде. Шара барысында жаппай қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай ұйымдастырылатын салтанатты жиын болады, әрі Монументтің артына Жаңалық ауылынан табылған құрбандардың сүйектерін жерлеу рәсімі өтеді. Салтанатты жиын соңында қуғын-сүргінге ұшырағандардың рухына құран бағышталып, ас беріледі.
Жазықсыз жазаланғандарды атқан жерден табылған оқ гильзалары мен тері аяқ киім қалдықтары.
Қуғын-сүргін құрбандары көмілген жерден табылған заттар.
Құрбандар рухына дұға етушілер.