Қазақстан ширек ғасырдан астам уақыт ішінде әлем жұртшылығына байтақ даланың заңды мұрагері екенін дәлелдеп, қазақ халқының барша құндылығын насихаттап, бейбітшілік пен азаттық мүддесін қорғайтын мемлекет екенін көрсетті.
Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен барша атқамінер азаматтардың еңбегінің арқасында еліміздің шекарасы шегенделіп, даму жоспары жолға қойылды. Арқа төріндегі алып шаһар дүниеге келіп, елдің инфрақұрылымдық, әлеуметтік-экономикалық ахуалы жақсара түсті.
Тарихтан белгілі, қазақ халқы – еркіндік пен бейбітшілікті сүйген жұрт. Атырау мен Алтайдың, Сыр мен Арқаның арасын ен жайлаған елдің арманы да, ең ұлық мұраты да – тәуелсіздік пен жарқын болашақ еді.
Бұл Тәуелсіздік үшін қанша ғасыр күрес жүрді, қан төгілді, тер төгілді. Міне, азаттықтың ақ таңы арайлап атқалы отыз жылға жуық уақыт өтті. Бүгінгі жас буын бағынышты болудың, отар болудың не екенін білмейді. Қазақтың ең үлкен жетістігі – осы, саналы ұрпақтың қалыптасуы.
Тәуелсіздік жылдарынан басталған мемлекеттік жоспарлар жүзеге асырылып, Қазақстанның кез келген аймағы күн өткен сайын құлпырып келеді. жаңадан бой көтерген зәулім үйлер мен соңғы үлгідегі мектептер, жоғары оқу орындары, ауруханалар мен басқа да қызмет көрсетуші орталықтар – азаттық жемісі.
Байтақ жеріміздің асты да, үсті де шұрайлы екені даусыз. Табиғаттан тәбәрік болған осынау байлықты ел игілігіне пайдаланып, әлеуметтік ахуалды үздіксіз көтеру – жалпы бұқараның Тәуелсіздік жемісін көргенінің айғағы.
Тәуелсіздік – мәңгілікке мөр басылған қазақтың төлқұжаты. Әрбір қазақстандықтың отбасына амандық, деніне саулық, кәсібіне береке, ісіне табыс тілейміз!
Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы