Алтайдан Атырауға дейінгі аралықты қамтитын кең-байтақ жерімізге көз алартып, теріс ниет байқатқандарға дөп жауап берді. «Бағдар мен белес» деп аталатын алғашқы бөлімде еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалының өткені мен бүгінін салыстыра отырып, Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан қандай жетістіктерге жеткенін саралап, көпшілік үшін беймәлім дүниелердің бетін ашқан.
Жыл сайын телеарналарға бөлінетін мемлекеттік тапсырыстардың бір бөлігін тарихи тақырыптарға арнау, ұлт тарихында қатталған атаулы оқиғалар желісінде көркем дүниелер түсіру, алпауыт кинокомпанияларды Отанымыздың тарихына қызықтыру, Алтын Орда империясының мерейтойы қарсаңында аталмыш тақырыпты тереңдете игеріп, құнды мәдени туындылар жасау туралы ұсыныстары – өте орынды әрі дәл уақытында көтерілген бастамалар.
Сонымен қатар, Тәуелсіздік жылдарында тұтас қазақ тарихының қайта жазылмауын, академиялық үлгідегі ғылыми еңбектердің аздығын, тарихи сананы жаңғырту мәселесінің маңыздылығын мемлекет басшысының айтуы – құптарлық әрі бірауыздан қолдайтын іс.
Расында, әлемде жер көлемі жөнінен тоғызыншы орын иеленетін Қазақстан үшін сыртқы имиджді қалыптастыру мәселесі өте маңызды. Тәуелсіздік алғанына отыз жылға жуық уақыт енді толғанымен, ұлт тарихы әріден бастау алады. Бірнеше ғасыр бұрынғы қазақ батырларының табаны Еуропа жеріне тиіп, әлемде теңдесі жоқ алпауыт империя құрғанымызды, сол империяның бүгінгі мұрагері Қазақстан екенін жаһан жұртына паш етуіміз керек.
Мақаладағы ықшамдалған қазақ тарихының аудармаларын әлем тілдерінде насихаттау – ең керемет әрі жедел түрде қолға алынуы керек бастама деп санаймын.
«Сонымен қатар, шетел аудиториясына арналған Қазақстанның қысқаша тарихын жазып, әлемнің негізгі тілдеріне аударуды ұсынамын. Бұл – қазақтың сан ғасырлық шынайы тарихын әлемге танытудың бірден-бір жолы».
Жер мәселесі, ауыл шаруашылығы мәселесі, ұлттық экономика туралы ұсыныстары, көрші елдермен қарым-қатынастағы мәселелер туралы айтылған сөздер мен көтерілген бастамалардың барлығы бірауыздан қолдау табуы керек.
Мемлекет басшысы айтқан мына сөздерден сес пен айбардың, ұлттық рухтың, сенімділіктің, отансүйгіштіктің иісі аңқып тұр:
«Қазақ үшін тоқымдай жердің өзі қымбат, бір уыс топырақтың өзі алтын».
Ендігі міндет – елдігімізді көрсетіп, ел басқарған азаматтар көтерген бастамаларды жүзеге асыруға, тұтастықты сақтауға атсалысу!
Әділ ҚОЙТАНОВ
Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры
Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры