ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының «Асыл сөз» сұхбат-бағдарламасында Алаштың біртуар ұлы, елдің ардақты актері Асанәлі Әшімов қонақта болды.
Ешбір боямасыз, шектеусіз, стандарттан тыс өткен сұхбат барысында Асанәлі ағамыз өз өмірінен түрлі әңгімелер айтып берді. Оның ішінде Мұқағали Мақатаевпен, Шәмші Қалдаяқовпен кездесуі сынды сирек қордың сөздері де бар.
Кітап палатасының ұжымы атақты актермен кездесудің сәті түскеніне қуанып, сұхбаттан кейін оған бірталай сұрақ қойды.
«Бізде бір ғана түр болады. Актерлерде. Оны жылтыратып көрсете беруге болмайды. Кезінде Тахауи осында директор болғанда таңданатын едік. Кітап палатасы деген нағыз алтын қор ғой. Бұл – қазақтың шежіресі, қазақтың тарихы», - деді ол.
Сан жылдар бойы өнер саласында тер төккен ағамыз жастарға, Кітап палатасының қызметкерлеріне, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Журналистика факультетінен арнайы келген студенттерге өмірлік құндылықтар хақында, ішкі жан-дүниені тазарту турасында, білім алу жайында бағасыз ақыл, тағлымды пікір айтты.
«Асыл сөздің» қалыптасқан үрдісі бойынша сұхбаттан соң көпшілік қол жайып, Алаштың Асанәлісі жастарға, Кітап палатасының қызметкерлеріне бата берді.
Сұхбат тізгінін ұстаған Кітап палатасының директоры Әділ Каженбайұлы ұжым атынан сыйлы қонаққа Абайдың бюстін, «Smart Qalamger» жобасы аясында жүзеге асқан Асанәлі Әшімовтың жеке сайтының сертификатын және арнайы жасалған көрнекі күнтізбені сыйға тартты.
Алдағы уақытта сұхбат «Егемен Қазақстан» газетінде, ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының ресми сайтында жарық көреді.