Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдығына орай басылым қызметкерлерімен жүздесіп, министрлік тарапынан тағайындалған марапаттарды табыс етті.
Министр Ақтоты Райымқұлова құттықтау сөзінде Ұлы Отан соғысының ардагері, жазушы, әкесі Рахметолла Райымқұловты есіне алып, жиналып отырған ұжымның өзіне жақын екеніне, біраз тұлғаларды танитынын атап айтты.
Басылымда қызмет етіп жүрген барша қызметкердің еңбегіне бас иемін, деп жылы естелігімен бөліскен министр сөзін шығармашылық ұжымға арнаған ресми құттықтау хатпен жалғастырды.
«Сіздерді ел газетінің 100 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Сонау «Ұшқыннан» жалын лаулап, оқырманға жол тарта бастаған кезден бері іргелі басылым қазақ халқының өткенін түгендеп, ғасырлық жылнамасын тізбектеп келеді. Бір кездері үркердей шоғырланған ұлт зиялыларының өрелі ойы мен қастерлі сөзі, өзіндік қолтаңбасы қалған үнжарғы қазіргі таңдағы жалпыұлттық басылымға айналды. Ұлы даланың төрінен орын алған салиқалы басылым алдағы уақытта да мәңгілік елдің болмысын бүкпесіз баяндап, ойлы оқырманына қалқысыз қызмет ете беретініне сенімдімін», делінген құттықтау хатында.
Жиын соңында салтанатты шараға қатысушылар естелік суретке түсіп, министрлік тарапынан қолдауға үлкен ризашылықтарын білдірді.
ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының баспасөз орталығы.