ҚР Мәдениет және спорт министрінің бұйрығымен талантты ақын, мемлекеттік "Дарын" сыйлығының лауреаты Маралтай Райымбекұлы ҚР Ұлттық-мемлекеттік Кітап Палатасы директорының орынбасары болып тағайындалды.
Ыбыраев Маралтай Райымбекұлы 1969 жылы 29 сәуірде Жамбыл облысы, Сарысу ауданында туған.
Өлеңдері 1987 жылдан бастап республикалық басылымдарда жарияланған. 1996 жылы “Жазушы” баспасынан “Ай-Нұр” атты тұңғыш кітабы және 1999 жылы “Жазушы” баспасынан “Ай” деген өлеңдер жинағы жарық көрген. “Студенттер көктемі” фестивалінің бас жүлдегері болған. Оның «Кентавр», «Тарпаң», «Қаратау ғазалдары», «Нұрлы жол – Мәңгілік Ел» сияқты жыр кітаптары жарық көрген.
М.Ыбыраевтың шығармашылығы хақында аса көрнекті ақындар: Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова, Нұрлан Оразалин, Ілия Жақанов, Асанәлі Әшімов, Исраил Сапарбай т.б. сыншылар: Бақытжан Майтанов, Әлия Бөпежанова, Әуезхан Қодар, Айгүл Кемелбаева, Жанат Әскербек, Әмірхан Балқыбек. т.б секілді белгілі қаламгерлер көлемді мақалалар жазып, оның өлеңдегі олжасын жан-жақты талдап, халыққа насихаттап келеді.
Көптеген республикалық басылымдарда жауапты қызметтер атқарған.
Қазақстан Жазушылар одағында Әдебиетшілер үйінің директоры, 2007-2008 жылдары «Кентавр» газетінің Бас редакторы, 2008-2012 жылдары Қазақстан теле-радио корпорациясында редактор-жүргізуші және шолушы қызметтерін атқарды. 2012-2018 жылға дейін Қазақстан Жазушылар одағы басқарма Төрағасының орынбасары қызметін атқарды.
М.Ыбыраев Қазақстан Жастар одағы сыйлығының, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік “Дарын” жастар сыйлығының лауреаты. Қазақстан Республикасы Президентінің 4 мәрте стипендиаты. Қазақстан Республикасы Президенті Грантының иегері. 2008 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген «Кентавр» өлеңдер жинағы үшін Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанған. Қожа Ахмет Иассауи атындағы Тараз Мемлекеттік университетін бітірген.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы жастар саясаты жөніндегі Кеңестің мүшесі. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері.