Біреудің мінін тергенше,
Жамандығын көргенше,
Өз ойыңды мазалап,
Өз бойыңды тазалап,
Өзіңмен күрес өлгенше!
Бұл қазақтың ойшыл-ақыны Шәкәрім Құдайбердіұлының философиялық өлеңдерінің бір тамшысы. Ал, ұлы Абайдың талантты шәкірттерінің бірегейі саналған ақынның теңіздей терең шығармаларын оның толық жинағынан тауып оқуға болады. Алайда қазақ оқырманының көбі ойшылдың өлеңдері мен өзге де туындыларының тамырына терең бойлап бара алмай жүргені жасырын емес. Дегенмен философия ғылымының зерттеуші-ғалымдары осы сеңді бұзып, ақынның күрделі шығармаларын оқырманға талдап, таратып беріп жүр. Сондай ғылыми еңбектің бірін философ-ғалым Гауһар Абдрасилова жазыпты. Аты - «Шәкәрім филсофиясы» деп аталады.Кітапты баспаға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия және саясаттану факультетінің Ғылыми кеңесі және редакциялық-баспа кеңесі ұсынған. Оқу құралында қазақ философиясының көрнекті өкілі Шәкәрім Құдайбердіұлының философиялық дүниетанымының тарихи-мәдени негіздері, теориялық өзектері, философиялық антропологиясы, таным, ғылым-білім, ерік бостандығы мәселелері және ойшыл армандаған адам мұраты қарастырылады. Оқу құралының негізіне автордың 1998 жылы қорғаған кандидаттық дицертакциясы алынған. Ғылыми еңбек философияны оқып-үйренуші студенттер, магистранттар және философияға қызығушылығы бар жалпы оқырман үшін құнды дүние екені анық. Өкінішке орай осы құнды еңбек 120 данамен ғана шығыпты. Бұл еліміздегі кітапханаларды да толық қамти алмайды. Құнды еңбектің бір данасы Қазақстан Республикасы Ұлттық кітап палатасының «Міндетті даналарды қабылдау және бақылау бөліміне» келіп түсті. Елтеңі мен селтеңі көп мына заманда осындай зерттеу дүниелерге елдің сусап отырғанын білетіндіктен қалың оқырманнан сүйінші сұрауды жөн көрдік.
Нұрболат Абайұлы, Ұлттық кітап палатасының баспасөз хатшысы.