Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» бағдарламасы бойынша көрнекті әдебиет сыншысы, түріктанушы Құлбек Ергөбектің «Баянсөз» аталатын кітабы Тараздағы «Сенім» баспасынан жарық көрді.
Автордың бұл кітабына қоғам қайраткерлері С.Қожанұлы, Н.Төреқұлұлы, Н.Оңдасынов, Д.Қонаев, Ж.Тәшенов, Ө. Жәнібеков сияқты ірі тұлғалар туралы портреттік толғамдары, сондай-ақ, қазақ әдебиетінде бұрын сөз болмаған мемуар, деректі-ғұмырнамалық әдебиет жөнінде талдама сын, зерттеу мақалалары енген. Кітап жалпы оқырман қауымға арналған. 5000 таралыммен шыққан кітап еліміздің барлық аймақтарындағы кітапханаларға таратылып, кітап дүкендерінде сатылымға шығарылады. Құнды еңбектің бір данасы Қазақстан Республикасы Ұлттық кітап палатасының «Міндетті даналарды қабылдау және бақылау бөліміне» келіп түсті.