Қазіргі таңда еліміздің көптеген аймақтары мен облыстары осындай ат қойып, айдар тағып, кітап басу ісінің дамуына өз үлестерін қосуда. Бұл қаламгерлердің шабытына шабыт қосып, шығармашылықтарын шыңдай түсуге септігін тигізетін игі шара.
Міне, «Атырау арыстары» сериясы да осындай ізгі бастамалардың бірі. Бұл жолы мұнайлы өңірден шығып, қазақтың тұлғалы арда азаматтарының қатарынан ойып тұрып орын алған Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, халық жазушысы Зейнолла Қабдоловтың шығармашылығы мен өмір жолына арналған кітап жарық көрді. Еңбекті -«Фолиант» баспасына Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті ғылыми кеңесі ұсыныпты. Бес бөлім, төрт жүз беттен тұратын кітапқа ғалым-жазушының таңдамалы шығармалары, зерттеу еңбектері енген. Сонымен бірге З.Қабдоловтың жеке құжаттары мен сирек кездесетін фото суреттері де бар. Мың данамен шыққан кітап еліміздің кітапханаларынатаратылып, кітап дүкендеріне түсіп сатылады.
Құнды еңбектің бір данасы Қазақстан Республикасы Ұлттық кітап палатасының «Міндетті даналарды қабылдау және бақылау бөліміне» келіп түсті. Рухани дүниеге сусап жүрген елден алдымен сүйінші сұрап, хабар таратуды жөн көрдік.
Нұрболат Абайұлы, ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының баспасөз хатшысы.