Сіздердің назарларыңызға Шығыс Қазақстан облыстық өнер музейінің бастамасымен, Ә.Қастеев атындағы ҚР МӨМ-ы, ҚР Орталық мұражайы, Невзоровтар отбасы атындағы Шығыс Қазақстан облыстық бейнелеу өнері музей қорының атсалысуымен жарық көрген белгілі суретші Мағауия Аманжоловтың өмір жолы, шығармашылығы туралы мағлұматтар жинақталған кітапты ұсынамыз.
Жинақ немесе кітап-альбом Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың Бағдарламалық мақаласы негізінде дайындалған Мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің және облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен жарық көрді.
Көлемді еңбек түгелдей Мағауия Аманжоловтың ғұмыр соқпағына, шығармашылығына, көрген теперіші мен отбасылық жағдайын баяндауға арналған. Кітаптың ішінде белгілі суретшінің көптеген картинасы қамтылған. Ондаған портрет, бірнеше триптих, көркем суреттер жанарына дүниелік перде тұтылмаған адамның жанын тебірентері хақ.
Мағауия Аманжолов 1949 жылы Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Қайнарбұлақ ауылында шопан шаңырағында туған. Жас күніне суреттің жолын қуып, өз қабілетімен тез көзге түседі. Мағауияның талантына, өнеріне, туындыларына кезінде Қанапия Телжанов, Әубәкір Исмайылов, Сабыр Мәмбеев, Гулфайруз Исмайыловалар өте жоғары баға берген.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы - тұтас руханиятты жаңартудың, жаңғыртудың жиынтық үдерісі. Осы бағдарлама аясында уағында көзден таса қалған көптеген тарихи тұлғаларымыз, дүлдүл таланттар, теріс насихаттың нысанасына жазықсыз ілініп кеткен азаматтар өз бағасын алып жатыр.
Мағауия Аманжолов та 55 жасында із-түссіз жоғалып кетеді. Одан кейін оны ешкім көрмеген, тіпті, отбасынан бөлек бел шешіп, шырылдап іздегендердің қарасы да аз болса керек. Ол ізім-қайым жоғалған мезетте-ақ шеберханасын тартып алып, картиналарын сыртқа шығарып тастайды кейбір қаскөйлер.
Міне, өз заманы туғанда Мағауия Аманжолов және оның қайталанбас картиналары өзін құрметтейтін халқымен қайта табысып отыр. Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің бастамасымен суретшінің ауыз толтырып айтарлықтай мұрасы мұражайлар төрінен орын алған.