Сіздердің назарларыңызға Гүлфайруз Далбағайдың «Артекс» баспа-полиграфиялық фирмасынан басылып шыққан «Сазсырнай аспабына арналған хрестоматия» еңбегін ұсынып отырмыз.
Аққудың қанатына ән қалдырған, асып-тасып сөйлемей, көңілдің жырын түрлі аспаппен жеткізген халық екенімізді айту – марқайтатын, тегіңді нықтай түсетін, болашақ ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтың көшетін егетін әрекет.
Бұл кітап Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және мұрағат ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру» бағдарламасы және «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы аясында жарық көрген.
Мәдениет және спорт министрлігінің тарихи құндылықтарға, өнер мұраларына, әдебиет жауһарларына жанашырлық танытып, асқан қамқорлықпен жаңғыртып жатқаны сіз бен біздің көз алдымыздағы құбылыс. Жинақтар, кітап-альбомдар, қызықты дүниелердің бәрі бүгінде кез келген азаматқа, жасөспірімге, балаларға қолжетімді.
Қолымыздағы кітап та музыка өнерін, оның ішінде дәстүрлі, қазақы бағыттағы әндерді құйқылжыта салуды көксеген жастарға көп мүмкіндік береді. Өйткені, еңбекте қазақтың арғы-бергі тарихындағы әнші, күйші, тіпті, заманауи әншілердің де туындылары топтастырылған.
Сазсырнай ойнап, осы аспаптың жоғалмауына, одан әрі дамуына үлес қосып жүрген азаматтар осындай еңбек жасаса керек. Бұл хрестоматия алдағы уақытта мектеп жасындағы оқушылар мен студенттердің, кәсіби және әуесқой әнші-күйшілердің бағдар алар бір сүйеніші болады дегенге кәміл сенеміз.