Сіздердің назарларыңызға «Алматы-Болашақ» баспасында басылған, қазақтың біртуар композиторы Мұқан Төлебаевтың шығармашылығындағы шоқтығы биік әндері топтастырылған энциклопедиялық еңбекті ұсынып отырмыз.
Кітапты еліміздегі мемлекет тарапынан құрылған 18 кәсіби, сондай-ақ түрлі қажеттіліктермен құрылған 60-қа жуық халық аспаптар оркестрлерінің пайдалануына, қолдану мақсатында құрастырған. Бұл жинаққа енген Мұқан Төлебаевтың 34 шығармасы жалпы әнсүйер қауымға, сондай-ақ, кәсіби білім алушыларға, білімін жетілдіруге ниетті азаматтарға, өнерпаздарға арналады.
Еңбек Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және мұрағат ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру» бағдарламасы және «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы аясында жарық көріп отыр.
Кітапты Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, М. Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрінің бас дирижері Ә.Д. Алпысбаев, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, композитор, ән байқауларының бірнеше дүркін жүлдегері М.Е. Егінбаев құрастырған. Ал Төлебаев мұрасын халық аспаптар оркестріне Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, музыка зерттеушісі Б.А. Мұстафин лайықтады.
Энциклопедиялық кітаптың алғысөзін жазған Қазақстан композиторлар одағының Төрағасы Балнұр Қыдырбек Төлебаев шығармашылығы туралы терең сөйлеп, оны өмір жолы, жалпы шығармашылығы және кісілік, азаматтық қасиеттерін ашқан. Бұл – кітаптың алғашқы бетін ашқан оқырманды, студентті, жас өнерпазды өз тұңғиығына жетелеп алып кетері анық.