«Алматыкітап» баспасы хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында көрнекі мұқабамен қара сөздер жинағын қайта басып шығарды. Бұл кітапта сауын айтып, көпшілікке ығлан етерлік жаңалық болмаса да, данышпанның ғақлияларын мәшһүр еткен еңбегіне ықылас-ілтипат ретінде жариялап отырмыз.
Кітапқа Абайдың қырық бес қара сөзі толық енген. Олардың әрбіріне көркемсуретпен иллюстрация жасап, оқырманға, жастар мен балаларға тартымды етіп дайындаған.
Абайдың 175 жылдық мерейтойы халықаралық, республикалық дәрежеде тойланып, зор құрметпен аталып өткелі тұр. Айтулы мерекеге мемлекет басшысынан бастап, елге тұтқа, сыртқа сес болып жүрген айбоз азаматтардың баршасы атсалысып, үлес қосуда.
Осы ретте ұлттың бас ақынының өмірбаяны, шығармалары жинақталған кітаптар, кітап-альбомдар мен жинақтардың жарыққа шығуы, түрлі көрмелердің ұйымдастырылуы, дөңгелек үстелдер мен конференциялардың өтуі – міндетті әрі қажетті шаралар.
Абай өзінің қырық бес ғақлиясында-ақ қазақтың бүкіл болмысын, күллі мәселесін, барша кедергісі мен ерек бақытын түгесе айтқан. «Өз сөзім өзімдікі» деп өткен данышпанның түйір ауыз сөзі бүгінде кез келген адамның шипасына дауа болып отыр.
Әлихан Бөкейханов та, Міржақып Дулатов та, Ахмет Байтұрсынов та өз дәуірлерінде Абайдың биік қойып, өздері сол алыптың шығармашылығын, өмірін насихаттап, баспасөзде жариялап өткен. Кезек біздің қатарда. Өз кезегімізде келешек ел тізгінін ұстайтын, жерін, ұлтын жоғалудан сақтап, дамуына сеп болатын азаматтар – жастардың санасына ұлттық руханиятымыздың түпқазығынан қанша нәр сіңіртсек те ұяты, әбестігі, артықшылығы жоқ.