Сіздердің назарларыңызға Рахман Алшановтың «Жиырма мыңжылдықтың құпиясы: ізденістер мен ашылымдар» кітабын ұсынып отырмыз. Бұл еңбектің парақтарында осыдан бірнеше ғасырлар бұрын ғаламшарда болған, болды деген фактілер, сонымен қатар, халық ауызындағы аңыз һәм мифтер қамтылған. Автор таңтаған тақырыбын індете ізденіп, өзі ашқан жаңалықтар мен көзден таса қалған кей мағлұматтарды осы кітапқа енгізген.
Экономика ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық инженерлік академиясының академигі, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының вице-президенті, Қазақстан экономика ғылымдары Академиясының президенті Рахман Алшановтың бұл туындысы бірнеше жылдан бері зерттеліп, толықтырылып келе жатқан дүние. Бүгінгі ғылым мен көне дәуірдегі көзқарастардың жиынтығы һәм байланысы жасалған кітап кез келген көңілінде сәулесі бар адам үшін пайдалы әрі қызықты.
Кітапта ежелгі діндердің, сенімдердің ұстанымы, жердегі географиялық ахуал, астрономия құпиялары жазылады. Жұлдыздар мен жанартаулардың, жел маршруттары мен топан судың тылсымдары кімге де болсын, қызықты болса керек?!
Ғаламшар жұртшылығы соңғы жылдары мекенімізге алып тас соғады деген қауіпті дүркін-дүркін айтып, сезініп жүр. Автордың кітабында тоғызыншы ғаламшар құпиясы мен жер осінің еңкеюі, астероидтардың кеңістіктен қалай жерге құлайтыны, тарихтағы фактілер керемет қиюласып, бір-бірімен астасып жатыр.