Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» бағдарламасы бойынша белгілі қаламгер Нұржан Қуантайұлының «Жүсібек Аймауытұлының көсемсөзі» атты зерттеу еңбегі жарық көрді.
Бұл зерттеу еңбегінде қаламгер, ғалым Нұржан Қуантайұлы қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы әйгілі жазушы Жүсіпбек Аймауытұлының көсемсөз еңбегін жан-жақты зерттеген. Мұрағаттардан Аймауытұлының бұрын белгісіз болып келген жүзден астам шығармасын, оның ішінде әңгімелері мен көркем очеріктерін, фелетондары мен мақалаларын тапқан ғалым осы кітапта Жүсіпбектің көсемсөз мұрасын тұтас шығармашылық жүйеде, бүгінгі көзқарас тұрғысында талдайды. Монографияда сондай-ақ, жазушының баспасөздегі бұрын белгісіз болып келген редакторлық қызметтері анықталып, мұрағат құжаттары бойынша өмірбаянының ақтаңдақ тұстары қалпына келтірілген. Кітап филология, журналистика факультеттерінің студенттері мен магистранттарына және жалпы оқырман қауымға арналған. 5000 таралыммен шыққан кітап еліміздің барлық аймақтарындағы кітапханаларға таратылып, кітап дүкендерінде сатылымға шығарылады. Құнды еңбектің бір данасы Қазақстан Республикасы Ұлттық кітап палатасының «Міндетті даналарды қабылдау және бақылау бөліміне» келіп түсті.